- Негізгі бет
- Бауыржан Момышұлы
- Бауыржан Момышұлының нақыл...
Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері
Елім деп еңіреп, Отан үшін отқа түскен батырлардың бірі әрі бірегейі - Бауыржан Момышұлы. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға баһадүр бабамыздың нақыл сөздерін ұсынуды жөн көріп отырмыз.
1. Қарабет болып қашқанша - қайрат көрсетіп өлген артық.
2. Әділдікті мойындау - адал кісінің ісі.
3. Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындық.
4. Намысты нанға сатпа.
5. Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес.
6. Сөз жылата да, жұбата да алады.
7. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту - бүкіл ата бабамызды, бар тарихымызды ұмыту.
8. Тіл - ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
9. Қазақ тілі - сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет берер ғажайып кемел тіл.
10. Жақсы сөз жанға - жақын, құлаққа - жағымды, ойға - қонымды келеді.
11. Ата-ана қадірін білмеген ел - қадірін біле алмас,
Ел қадірін білмеген - ата-ана қадірін біле алмас.
12. Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды.
13. Ерлік - елдің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті.
14. Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше - шындықтың уын ішіп өлген артық.
15. Именіп жүріп көрген игіліктен - қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.
Ж. Исакаев