Әлемдік балалар әдебиетінің жауһарына айналған "Хәрри Поттер" топтамасының бірінші кітабы "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" романы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді. Британ жазушысы Жоан Роулиң ойлап тапқан сиқыршы бала Хәрри Поттер мен оның сиқыр әлемі туралы еңбектерді қазақ тілінде басып шығару құқығы "Steppe & WORLD Publishing" баспасына тиесілі.
Баспа өкілдерінің айтуынша, кітапты қазақ тіліне аударуға әлемдік бестселлердің үлкен-кішіге бірдей қызық болатыны, Қазақстанда көпшілікке танымал екені себеп болған.
Бүкіл әлем білетін, 80 тілде жарық көрген серияның әлі күнге қазақша аударылмағанына, 20 жылдың ішінде бұл істі қолға алатын ешкім шықпағанына басында таң қалғаным рас. Біздің баспа тәржімаланатын кітаптарды өз қалауына, мақсат-жоспарына, тәжірибесіне сүйеніп отырып таңдайды. Сондықтан кезекті жобамыз ретінде осы "Хәрри Поттер" топтамасын қолға алып, аударуға кірісіп кеттік, - дейді "Steppe & WORLD Publishing" баспасының негізін қалаушы әрі басшысы Раиса Қадыр.
Ол қазір екінші роман бойынша жұмыс жүріп жатқанын, ал негізгі топтамаға кіретін жеті кітаптың бесеуі биыл, екеуі келесі жыл аударылып, оқырманға ұсынылатынын хабарлады.
Хәрри Поттер – қандай да бір сыртқы қаржыландырусыз асырылып жатқан баспаның жеке жобасы. Әлеуметтік бағыттағы бизнес ретінде біз "Хәрри Поттер мен пәлсапа тасты" сатудан түскен қаражатты әлемдік деңгейдегі шығармаларды қазақ тіліне аударуға жұмсаймыз, - деді Раиса Қадыр.
"Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" кітабын аудармашылар Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр және Нәркез Берікқазы аударған. Ал жобаның жауапты редакторы – Назгүл Қожабек.
Кітап туралы алғаш ақпарат беріп, мұқабасын әлеуметтік желілерде жариялағалы бері "Неге "Гарри" емес "Хәрри"?, "Неге "Роулинг" емес "Роулиң?" деген сұрақ көбейді, сынға да ұшырап жатырмыз. Әрине, "Гарри" мен "Роулингке" үйреніп қалған көпшіліктің біздің нұсқаны қабылдай алмай жатқанын түсінеміз. Алайда біз тікелей ағылшын тілінен аудардық. Ағылшын тілінде "Harry" |’haeri| болып транскрипцияланады. Ал "ә" дыбысы ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де бар. Сол секілді жазушының тегі "Rowling" [ˈrō-liŋ] деп оқылады, яғни ң дыбысымен аяқталып тұр. Бұл да қазақ тілінде бар. Сондықтан біздің нұсқа "Гарри" емес, "Хәрри", "Роулинг" емес, "Роулиң" болды - дейді Назгүл Қожабек.
"Қазақ тіліне аударылатын шығармалардың көпшілігі оқырман көңілінен шықпай жатады. Себебі, аудармашылар аударған шығармадағы сөз астарындағы ырғақты жоғалтып алады. Сондықтан аударма оқырманды тартпайды. Ал бұл кітапты үш аудармашы бірігіп аударыпты. Аудару барысында аудармашылардың стилінде қарама-қайшылық болды ма, арасындағы айырмашылық білініп қалған жоқ па, сөз астарындағы оқырманды жетелеп отыратын ырғаққа мән бердіңіздер ме? Кезінде белгілі жазушы Дидахмет Әшімхан аударған Джек Лондонның балаларға арналған "Тектік сарыны" шығарамасындағы ырғақ мінсіз еді. Шығарма аударма емес қазақ тілінде жазылғандай болатын. Немесе жазушы Қалихан Ысқақ аударған Бунин шығармалары да сондай еді. Қазақ әдебиетіндегі белгілі авторитеттерге сілтеме беріп отырған себебіміз, бұл – үлкен бастама, балаларды тәрбиелейтін жоба. Сондықтан біз атап өткен жағдаяттарға қаншалықты мән бердіңіздер?" деген Massaget.kz тілшісінің сұрағына редактор мен аудармашылар былай жауап берді:
Шығарманы үш аудармашымен бастаған себебіміз бұдан бөлек алты кітап бар. Алты кітапты біз белгілеген уақытта бір адам аяқтап шыға алмайды. Өзімізге команда жасақтау керек болғандықтан бір шығармаға үш аудармашы тартып, кейін әр аудармашы бір-бір кітапты аударатындай, ырғағын стилін сақтайтын есепті бұл бірінші кітап оларға жаттықтыру болды. Үш аудармашы болғанымен, кітапта бір редактор. Шығарма ырғағын сақтауға тырыстық. Төрелігін оқырман берер. Бірінші тарауын сайттарда, "Ұлан" газетінде жарияладық. Оқырмандардың алғашқы әсері "әдемі, жеңіл оқылады екен" деген сияқты лебіздер болды. Баспаға бермей тұрып та, сөз қадірін білетін адамдарға оқыттық. Жақсы қабылдады. "Көркемдігі, қазақша теңеулері аз" деген сындар айтылды. Түпнұсқадағы бірінші кітаптың стилі – баяндау. Автор әрекетке ғана мән береді. Психологиялық суреттемелер жоқ. Ондай дүниелердің барлығы кейінгі кітаптарда бар. Кейіпкер өскен сайын оның айналасындағы оқиғалар да шиеленісіп отырады. Ол кезде біздің де стиліміз өзгереді, - деді аударма редакторы Назгүл Қожабек.
"Басты мақсатымыз қандай да бір қазақ тіліндегі дәл, нақты, сайма-сай балама табу болды. Аударманы оқыған адам түпнұсқадағыдай әсер алса, аудармашы өз мақсатына жеткені. Жақсы аударма көркем шығарманың бар бояуын, стилін сақтай отырып, аударылған тілде жазылғандай жатық оқылуы керек. Біз сол мақсатымызға жете алдық деп ойлаймын", - дейді аудармашы Динара Мәзен.
Айта кетейік, "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" романы 7 ақпаннан бастап кітап дүкендерінде сатылымға қойылады.