Қалқаман Сариннің Роберт Бернстен аудармалары

Қалқаман Сариннің Роберт Бернстен аудармалары

Бүгін - даңқты шотланд ақыны Роберт Бернстің туған күні. Ақын 1759 жылы шаруа отбасында дүниеге келген.

15 жасынан өлең жаза бастаған ақын “Екі бақташы” (1784), “Әулие Виллидің дұғасы” (1785) атты поэмаларын жарыққа шығарады. Аталған шығармалар оқырмандардың қызығушылығын тудырып, көпшілікке қолжазба күйінде тарап кетеді. 1786 жылы “Шотланд диалектісінде жазылған өлеңдер” (1786) деген бірінші кітабы жарық көрді. Ақын онда өз сезімдері, ойлары, өмірі жайлы сыр шертеді. 1787 жылы Эдинбургке келген соң, оның екінші жинағы жарияланады. Ақын көп жылдар бойы туған халқының фольклорын жинаумен айналысады. 18 ғасырдың аяғындағы француз революциясына үн қосып, “Бостандық ағашы” өлеңдер циклін жазады. Адам құқығы мәселелерімен айналысқаны үшін қуғынға ұшырайды. Бернс поэзиясына ирония, сарказм, лиризм, юмор тән. Оның өлеңдерін Қуандық Шаңғытбаев, Өтежан Нұрғалиев сынды бірнеше қазақ ақыны тәржімалаған. Солардың бірі ретінде ақын Қалқаман Сариннің бір топ аудармасын назарларыңызға ұсынамыз.

Махаббат пен кедейлік

Махаббат пен кедейшілік мәңгілік,
Тұтқын етіп мені торға түсірді.
Махаббатым тұрса болды сән құрып,
Жоқшылықтың қайғы емесін түсіндім.

Тағдыр, тағдыр шынымен де қатал-ақ,
Бал сезімге бағыттаған мың жорық.
Жүр қаншама мәні кеткен махаббат,
Ауқаттылар ауласында құл болып.

Бедел, билік, байлық, арзан сый, құрмет,
Бақыт та оған орын бермес төрінен.
Өз-өздерін алдайтұғын сүйдім деп,
Қорқаулар мен надандардан жерінем.

Көрсоқырлар қоғамымен күресе,
Анау жарлы азғындыққа болды өгей.
Мырзалардан артық шығар мың есе,
Қарапайым бақытымен сол кедей.

Тағдыр, тағы қаталдықты таныттың,
Мейірімнің несібесін беріп кем.
Бұл махаббат байлық пенен даңқтың,
Бақшасында гүлдейді екен неліктен?

Шағын баллада

Ғажап ару, бойы сұңғақ, ойы арлы,
Ғашығымен ғұмыр кешкен баянды,
Сүюші еді ол — бір арманды аяулы.

Бұл бақыттың болмай түбі қайырлы,
Екі жақта жеді екеуі уайымды.
Сүйгендерді сойқан соғыс айырды!

Теңіз кешіп, тау-төбеге түнеді,
Зеңбіректер атылса да үнемі,
Жасымады жауынгердің жүрегі.

Түн болғанда жұлдызды аспан мөлдіреп,
Тек сүйгенін есіне алып, елжіреп,
Лүпіл қағып жатушы еді сол жүрек.

Тұтқының болар едім...

Тұтқының да болар едім сенің мен,
Көзге әдемі көрінесің сүйкімді.
Бірақ саған көңілдес боп көрінген,
Көріп жүрсің күні – түні сый түрлі.

Махаббат пен мейірімге неліктен,
Жомарттық деп, немқұрайлы қарайсың?
Желге ұқсаған мінезіңмен желіккен,
Жан біткенді бақытыңа балайсың.

Бәз біреулер сен гүлсің деп алдай ма,
Өзгелерден көріп тағы көп артық.
Ал гүл сорлы солып бір күн қалмай ма,
Сәні менен хош иісін жоғалтып.

Гүл ғұмырдай сен де қауыз ашарсың,
Күн нұрындай шуақ тарап жүзіңнен.
Күнің бітсе жол үстінде жатарсың,
Мынау гүлдей сабағынан үзілген...

Қоштасарда

О, Элиза!
Қош бол енді, қоштасатын келді сәт,
Кешір, бәлкім сүйе алмадым сен құсап.
Өткел бермес толқыны асау өр мұхит,
Енді саған жайғаныммен кең құшақ.

Айрылысып, қайғы құшып қалсақ та,
Қатал тағдыр қарамайды мансапқа.
Мына өмірде мәңгі бірге болуға,
Біздің жүрек серт байласқан сол шақта.

Туған жерге жан алауын жандырған,
Ең бағалы қазынамсың қалдырған.
Оралмаймын енді қайтіп бұл жерге,
Оралсам да сен шықпайсың алдымнан.

Қоштасайық, қолыңды бер, келші енді,
Өзімменен алып кетем сол шерді.
Ақтық демім таусылғанша, қалшы сен,
Жүрегімнің лүпілін ап ең соңғы.

* * *
Орман, жасыл атырап,
Ойға батып тулайтын.
Жаңбыр жуған жапырақ,
Шуақты аңсап шулайтын.

Қайда сол жаз жайдарман,
Орман іші тып-тыныш.
Мамырлайтын майда арман,
Гүлге қонып шық күміс.

Көктем келіп балбырап,
Жаз жетсе де жасыл бақ.
Шаштың ағын ол, бірақ,
Қалай, қайтіп жасырмақ?

Қартайғанда түн ұзақ,
Ұйқысыз ой тербеткен.
Кетіп қалған тым ұзап,
Оралмайды ол көктем!

* * *
Жағадағы жай тауып тас үңгірден,
Адамдардан қайғымды жасырдым мен.
Тағдырымнан құтылман, қалып қойды,
Жанарымда құрғамай жасым мүлдем.

Суайт әйел, білемін сертің әлсіз,
Сүйіктіңмен күлерсің сен күмәнсіз.
Қайғымның да құны жок бір сен үшін,
Бақытымның өйткені дерті мәнсіз.

Менің жаным мазасыз

Жанымда бір жоқ тыныштық,
Жүрегім де елжіреулі.
Ішіне еніп оттың ыстық,
Күтіп жүрмін мен біреуді.

Көрінбеген көзі әдемім,
Қай жақта екен сағынышым?!
Бар әлемді кезер едім,
Сол бір жанды табу үшін.

Махаббатты кем санаман,
Тылсым күштер сан сыйқырлы,
Қайта оралып келсе маган,
Сағынышым сол сүйкімді.

Жалғыздықтан шерлі – кеуде,
Жабығамын, жанымда – мұң.
Ант етемін, сол біреуге,
Беру үшін бәрін, бәрін.

* * *
Көк аспан кешке үнсіз боялды,
Көкжиек масайрап, мұнартып,
Көктемнің көркі әсем, аяулы,
Көңіліме қояды мұң артып.

Жас балғын жапырақ көргенім,
Естимін құс әнін, төгілген.
Мазасыз жаныма ал, менің,
Бәрі де көріксіз көрінген.

Мен саған барымды ақтарам,
Ал, сенің көзіңде тамшы-мұң
Жүрегің жаралы боп калар,
Сезінсең жанымның бар сырын.

Қалармын күй кешіп көңілсіз,
Сені де сүйер жан табылып...
Қабірде жатармын мен үнсіз,
Қураған жапырақ жамылып.

Махаббатым сирень болса...

Махаббатым сирень болса – ғаламат,
Хош иісті аспан түске ұқсап Бақ.
Ал, мен болсам құстай оны паналап,
Алар едім қанатыммен құшақтап.

Қыста сирень болмағаны, ...Қандай мұң?
Жаным күйіп, жабырқап та қалар ем.
Мамыр келіп ол гүлдесе, сайраймын
Қанатымның астында қап бар әлем.

Махаббат боп тас қалада бүрлеген
Қызыл раушан, тұрса шіркін! Елжіреп.
Тамшы болып тамып түсіп гүлге мен,
Тұрар едім омырауында мөлдіреп.

Жапырақтар жібектейін тым нәзік,
Арасында арман құшып түнімен.
Таңда ұшамын қанатымды бір жазып
Бұл – бір ләззат.
Жеткізе алман мұны мен.

Сурет: galleryhip.com

Ш. Талап