- Негізгі бет
- Аударма
- Ағылшын ақыны Джордж...
Ағылшын ақыны Джордж Байрон өлеңдері
Бүгін - ХІХ ғасырдағы еуропа әдебиетінің көрнекті өкілі, ағылшын ақыны Джордж Байронның туған күні. Ақын 1778 жылы 22 қаңтарда Лондонда ағылшын аристократы мен шотландық дворян (шешесі) отбасында дүниеге келген.
19 ғасырда Байрон поэзиясы дүние жүзі әдебиетіне әсер еткендігі соншалық, басқа ұлттық әдебиеттерде «байроншылдық» қозғалысы пайда болған. Байрон көркем әдіс ретінде романтизмнің жаңа қырларын ашып, әдебиетке жаңа тұлғалар бейнесін әкелді, поэтикалық формаларды жетілдірді, саяси сатираның жаңа түрін жасады. Байрон өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетуде Абайдан бастап көптеген қазақ ақындары талпыныс жасады. Солардың бірі ретінде қазақтың көрнекті ақыны Қасым Аманжоловтың бір топ аудармасын назарларыңызға ұсынамыз.
Романс
Сұлулығын асырам деп
Кім таласар сенімен?
Теңіздегі күй естілед
Сенің нəзік үніңнен.
Алыстағы океанда,
Естілгендей, күй тұманда,
Толқын сүйіп ескен желдей,
Тəтті ұйқыда өтер тербей.
Түн ортасы болғанда, ай –
Суға сүңгіп шомылар,
Ұйқыдағы жас баладай
Теңіз жайлап дем алар.
Сонда жанды қиял кернеп,
Сұлу сымбат демі тербеп,
Жанға тиіп сенен əсер,
Көңілдегі толқын өсер.
Чайльд Гарольдтің елімен қоштасуы
Қош бол енді, мен туған жер!
Толқын жапқан жағалауым!
Ысқырған жел, ышқынған сел,
Қайғылы үні шағаланың.
Күн де батты нұры кеміп,
Бетке ұстадық түннің жолын;
Кеттім күнге сəлем беріп,
Қош бол, менің туған елім!
Дүние түнмен қош айтысар,
Біз көрерміз таңды көркем,
Астым теңіз, үстім аспан.
Қайда, бірақ, туған өлкем?
Үйім иесіз; отым сөнген;
Шөбі өсіп кеткен аулам;
Қақпа алдында ұлып үрген
Жалғыз төбет меннен қалған.
Қосшы бала! Ойлар езіп
Жылайсың сен қайғың қалың;
Қорқасың ба жел дауысынан,
Көріп толқын ышқынғанын.
Жылама сен! Кемем берік...
Барад заулап ұзақ жолға,
Қуса сұңқар, соңынан еріп,
Жете алмас, сірə, ол да.
"Мейлі, ышқына соқсын дауыл
Мен емеспін одан қорқар!
Жылағаным сері Чайльд,
Болмас сізді таңырқатар.
Туған ата-анамыздан
Айрылысу болар ма оңай?
Маған енді пана болар
Жалғыз сенсің жəне құдай!
Бата берді əкем маған,
Бірақ, жасын қалды тиып,
Мен қайтқанша, сорлы анам,
Талай жылар іші күйіп".
Мейлің, шырақ, қайғыра бер,
Сен сықылды күнəдан пəк,
Сүттен таза, болсам егер,
Қайғырар ем мен де жылап.
Өңің қашқан, адал қосшым,
Сені езген қайғы-уайым...
Қорқасың ба жаудан, достым,
Ойлайсың ба, күн райын?
О, жоқ, білмен мен қорқуды
Ондай сезім жаныма жат;
Қалды əйелім, кеттім үйден,
Қайғыртады сол жамағат.
Ол өзіңмен көрші тұрад,
Не айтарсың сірə оған,
Азар болса бала сұрап, -
Дер: - əкемнен неге айрылған?
Сенікі жөн: қайғың мəлім,
Бірақ, менің жоқ аярым...
Сонша нəзік емес жаным,
Жолда күліп, шат барамын.
Суайт əйел күрсінді деп,
Қайтып оған жігіт шанар?
Айнуды олар - заң деп білед,
Қылмысты ізін жаспен шаяр;
Қауіптенбен болашақтан,
Қорқа алмаймын сұрапылдан;
Мен бір сырқат келе жатқан,
Еш нəрсені уайымдаман.
Мен жалғызбын, толқындардың
Арасында кемем келеді...
Чайльд Гарольд
(Поэмадан үзінді)
Британияда тұрыпты бір жас жігіт,
Езгілікке ден қоймай, дел-сал болып;
Күндерін ол өткізді көп қыдырып,
Бос сандалыс болды оған — ұлы мақсат,
Жалғыз-ақ, зор қырсыққа иді басын.
Жұрт не ұнатса — бəрі де оған ағат,
Тек той-топыр болды оған бар қанағат,
Бөлді əумесер, зианқор ықыласын.
Чайльд Гарольд, оқушым, алдыңызда,
Қай тұқымнан екенін келмейді айтқым,
Бірақ та, бір кездерде ардақталған
Əйтсе дағы ұрпақтың қылмыстары
Ата-баба қадірін етеді лас,
Шежірешіл адамның айтқандары,
Шешен сөзі, не жыршы мадақтары,
Оны енді қайтадан ақтай алмас.
Кең аймақта айналған шегірткедей.
Дүниеде ол, əйтеуір жүре берді.
Ойда жоқта, өмірін бейне гүлдей,
Жауыз қайғы жоярын ол білмеді.
Міне енді, ауыр жыл келіп жетті,
Сонда ғана өз халін білді анық,
Тағдырын ол сезген соң қасіретті,
Туған елі Гарольдқа тар боп кетті, –
Күркесіндей монахтың етті тарлық.
Бар күнəсін арқалап, несіп жолмен –
Келе жатты, мадақтап аруларды;
Соның бірі Гарольдтың көңілін бөлген,
Амал қанша! Құша алмад сүйген жарды.
Бақытты екен, опасыз махаббаттан —
Қалды əйтеуір мақсатын сақтап таза;
Болар еді əйелін ашулантқан,
Айнымалы махаббат көрін тартқан,
Үй ішінің шатағы алып маза.
Бар үмітін тауысып, шектен шығып,
Достарын да ақыры қойды көрмей;
Кейде жасы көзінде тұрды іркіліп,
Менмен Чайльд жүреді еш сыр бермей;
Құшағында қайғының жүрді жалғыз:
Міне енді, талақ қып туған елін —
Көнді сапар шегуге жолға алыс,
Табу үшін басқа жай, басқа қоныс,
Тозаққа да кіруге буды белін.
...Кеште, күннің батуын тамашалап
Тұрды да ол, арфасын қолына алды,
Əдеті еді, ойланса оңаша қап,
Ұшыратын қанатты қиялдарды;
Тиді қолы арфаның ішегіне,
Қоштасарлық қоңыр саз баяулатты;
Арпалысып толқынмен осы кезде
Түн жамылып сапарға шықты кеме,
Туған жерді жасырып толқын жапты.
Сурет: imgarcade.com
Ш. Талап