"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға IІ томдағы "Оқапта" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"

Оқапта

Көкетемде ойда жоқта туындаған ұлықпен арадағы тартыстан кейін жаз шықса да Абай әлі ауылына жеткен жоқ еді.  Елдегі болыс сайлауын бітіріп, шешесінің жанында екі жұмадай тұрып қалды. Бөкенші, Ырғызбай, Көтібақ, Жігітек ішінде кезек қонақ болып, жайлаудың қызығынан кете алмады. Ел бауырға түсуге бет алғанда Баймағамбетті қасына алып, өз аулына баруға бел байлады. Сырт көзден жасырса да Әйгерімді қатты сағынып, түн қатып аттанды.

Абайдан бұрын ауылға ол туралы өсек хабар жетті. Жайсыз хабарды алып келген Манас болатын. Ол Абай мен Салтанатты оңаша бөлмеде көріп, жай-жапсарды өзінше аңғарып қайтқан. «Біз қиыр жайлаудан оның хабарын білуге түн қатып келсек, ол Әлдеке қызының қасында шалжиып жатыр» деп өз жанынан өтірік қосып, көргенінен артық та сөздер сөйлеген. Манасты мұқият тыңдаған Ділдә болған жайды Әйгерімге құбылтып жеткізді. Ділдәнің хабарынан көңілінде дық қалған Әйгерім Абайға қатты ренжіді.

Ойқұдықтағы аулына Абайлар күн бата жетті. Үлкендер сыртта тосып тұр екен. Ал Әйгерім суық қарсы алды. Абайға жары науқастай боп көрінді. Сөйтіп, өздерін қуанып қарсы алған топ ортасында Абай Ділдәнің үйіне кірді. Үйде көрші Кішкене молда, Бәшей, Дарқан және Ділдәмен сөйлесіп отырып, Әйгерімге қайта-қайта қарады. Оның жүзі ағарып, бірде көгеріп тұр екен. Шыдамаған Абай Әйгерімге: «бері қарашы» деді. Сол уақытта оның көзінен аққан жасты көрді. Жақындап келіп «Жаным-ау, Әйгерім, сен науқассың ғой. Не күйге түскенсің» деді. Екеуінің ортасында отырған Ділдә мысқылдап: «Мұндағы жұрт аурудан сау. Бірақ уайымнан емес. Естірсің!» деп күлді.

Ділдәнің үйінде отыра алмаған Абай Әйгерім отауына кетті. Бұл түн Абай үшін азаппен өтті. Манастың хабары жалған екенін Әйгерімге айтып ұқтыра алмады. Екеуінің арасына осыдан соң жайсыз бір салқындық түсті. Әйгерімнің мұндай қаттылығына Абай да ренжіді. Ол жас жарын бүгін басқа қырынан таныды.

Арада көп күндер өтті. Абай Әйгерім ренішін сол күйі тарқата алмады. Көңілі жабырқап, жұбанышын кітаптан алды. Сырласар жан іздеді. Сондай көңілсіз күндердің бір кешінде Ербол келді. Оның келуі көңілсіздік бұлтын сейілтті. Ертең Есқожа ауылында той екен. Ербол соны айтты. Атақты әнші, Үмітей сұлу Көкшеден шыққан Алатай баласы Дүтбайға ұзытылмақшы. Бұл хабарды бәрі қуанысып тыңдасты.

Ертеңіне Әйгерім бастаған бір топ әйел тойға аттанды. Түске жақын қасына Ербол мен Баймағамбетті ертіп Абай да келді. Олар той болып жатқан үй иесі Есқожаға сәлем беріп отырғанда тыста ерекше бір қарбалас басталды. Адамдар «сал келеді, шалбарын қара, киімі қандай ерекше» деп жүгіріп жүр екен. Қырық шақты сал-серіні бастап келген Абай інісі әнші Әмір еді. «Мені өз қолыңмен ұзат» деп оны Үмітей шақырған. Байтас басшы болған салдар алдынан үкілі бөрікті, үлкен шолпылы қыздар шығып қарсы алды. Ортада Үмітей мен Әмір боп барлық серілер «жиырма бесті шырқап» қыз ұзатылатын отауға беттеді. Олардың алдында балуан денелі жігіттер қарсы алушыларды қамшысымен жасқап, серілерге жол ашып келеді. Бұл көрініс Абай мен Ерболға қатты ұнады.

Көрермендердің жүзінде таңданыс. Әмір мен Үмітей топтан ерекше боп, бір-біріне жарасып тұр. «Мынау Көкшенің тойы емес Әмір мен Үмітейдің тойы болды ғой. Қайтсін, қос ғашық тыйыла алмаған ғой» деген сыпсың сөздер тарап жатты. Мұны естіген Абай жұрт өсегінен қысылды. Үмітейдің күйеуін ойлады. Ол да белгілі бір рудың беделді адамы, өзі үшін қадірлі жігіт болатын. Осындай қарбаласта Абай елеусіз аттанып кетті.

Есқожа ауылындағы той алғашқы күні той болғанымен, келесі күні Есқожаға да, Көкшеге де қала берді Құнанбайға да сауық емес, сергелдең боп тиді.

Елдің арасына Үмітей мен Әмірдің махаббаты жаманат хабарға айналып тарады. Дүтбай көңілі жүйрік, қайратты жігіт еді. Алғашқыда салдардың еркелігін көтеріп бақты. Кейін серілерсіз өзіміз оңаша болайық деген тілегін айтты. Оны Үмітей қабыл алмады. Жыбыр өсек күйеу жігіттің жолдастарын да түгел тулатты. Үшінші күні таң алдында Дүтбай тыста бір шапанның астында құшақтасып тұрған Үмітей мен Әмірді көреді. Шапанды алып қалғанда екеуінің көзінде жас екен. Күйеу сол арада жолдастарын, бас құда мен құдағиды алып, жас келінді талақ еткендей тастап кетті. Есқожа құданың үлкені Жанатайға: «Пәлені ұлғайтпа. Көп өтпей келінді өзіміз апарамыз» деп қала берді. Айтқандай сол күні сәскеде құдалар кетісімен Үмітей ұзатылды.

Бұл ұятты оқиға оңай айықпады. Әмір Үмітейден күдер үзе алмады. Ұзату көшінің артынан нөкерімен қуып жетті. Өзгелерден бұрын жеткен ол Үмітейді құшақтап, жылап тұрып алды. Артқы топ оларды орала қоршап «Қозы көшті» шырқады.

«Е-е-й, бозбала-ай,
Өтті-ау заман,
Қош бол аман»- деп Алатай, Қаратай ауылдарындағы келін түседі деген сегіз қанат отауға тартты. Шолақтеректегі ел бұл келіске сұмдықтай қарады. Осы кеште Дүтбай атына мініп, ауылдың қариясы Қаратайға келіп болған жайды ақылдасты. «Құнанбайға барып, мына бүлігін тыйғыз. Болмаса Көкше мен Ырғызбай арасы бүлінеді» деді.

Қаратай қасына бес кісі ертіп Құнанбайға аттанды.  Болған жайды оған жайып салды. «Арада салдық, әуейілік, әншілік деген жын шықты. Төбемде ойнақтады, әруағымды қорлады. Бетке таңба салды. Кесігін өзің айт» деді. Құнанбай үндеген жоқ. Аздан соң оның бұйрығы бойынша Нұрғаным қонақтарды алып кетті. Оңаша бөлмеде күтті. Құнанбай Нұрғанымның бауыры, жау түсіргіш ер, Кенжеханды шақырып: «Ызғұттыға айт, Әмірді алып келсін. Көнбесе дүрелеп, аяқ-қолын байлап тұрып әкелсін» деп жұмсады.

Әмір келгенде, Құнанбай алдыма кел дегендей ым қақты. Әмір үлкен әкесінің алдына кеп отыра бергенде Құнанбай жас жігіттің тамағынан шеңгелдей ұстады. Қарт болса да қолы жыртқыштың тырнағындай мықты екен. Бір уақытта Әмір дем ала алмай қырылдап, құлап бара жатты. Көмекке ұмтылған Ызғұтты Құнанбайдың жалғыз көзінің қанталап кеткенін көріп тоқтап қалды. Оның қолында тұра берсе өлетінін көрген Нұрғаным: «Қажы жарықтық, кешір» деп ортаға киліге кетті. Құнанбай оны жүрек тұсынан бір-ақ тепті. Нұрғаным қатты соққыдан талықсып, құлап түсті. Дәл осы уақытта үйге Абай кіріп келіп: «Тоқтат!» деп саңқ етті.

Әмірді Ызғұтты алып кеткенде Байтас Абайға кісі шаптырған болатын. Асығып жеткен Абай сұмдық көріністің үстінен тап болды. Құнанбайдың қолын қағып жіберіп, Әмірді тартып алды. «Жоғал! Кет көзімнен! Аздырған сен» деп әкесі Абайды кінәлады. «Заман сенікі емес, менікі!» деген Абай да қарсы тұрды. Бір сұмдықты ойлаған Құнанбай алақанын сыртқа қаратып, Абай мен Әмірге теріс батасын беруге оқталды. Үркіп кетіп, шырылдаған Нұрғанымды да елемеді. Абай міз бақпай: «мейлі, сенен біржола кеттім» деп Әмірді алып шығып кетті.

Боқырау өтіп, қыс жетті. Абайдың үйіне Шәке мен Бәшей мерген  келді. Әмір жайын ақылдаспақ екен. Бабасынан қарғыс алған ол көп күн үндемей жүріпті. Енді оқыстан қылық шығарып, қасына сал-серілерін ертіп Көкшеге, Үмітейге аттанайын деп отырған көрінеді. Абай ұзақ ойланып: «Барсын. Көңілі жайлансын. Көрсін, ұстамайық» деді. Бұл сөзін Ербол мен Баймағамбет те мақұлдады. Тек, Әйгерім келіспей: «Осындайда бауыр деген панасына алу керек қой» деп қалды. Абай үндеген жоқ, бірақ Әйгерімнің жаңағы сөзі оған қатты тигендіктен Ерболға қарап отырып «Дүние, қапа боп кетті. Құла түзге барып сілкініп қайтайық» деген тілек айтты. Осыдан соң Шәке, Бәшей, Баймағамбет, Ербол Абайды ортағы алып мәслихат жасасты. Шыңғыс тауының елсізі, Қырғыз шатына қарай аңға шығатын болып келісті.

Аңға шықпас бұрын Абай Бөжей баласы Жабайдың қолындағы «Қарашегір» деген бүркітті сұратты. Жабай құсын бермеді. Кейін осыған ерегесіп Абай Сыбан ішіндегі Тулақтың Қарошолақ атты бүркітін он қара беріп сатып алды. Аңшылықта жүрген уақытта Қарашолақ көп түлкі ұстады. Сол күндердің бірінде Абайлар Жабайды кезіктіріп қалды. Жанында балуан Абылғазы мен қу, әзілқой Жиренше бар екен. Қолында Абай сұратқан Қарашегір. Жабай құсының бабы келмей тұрғанын білген Абай дәл осы ұрымтал тұста мақтанып, Қарашолақтың 10 күн ішінде үш қосты түлкі терісіне толтырып тастағанын айтты.

Абайлар кеткенде Жабайдың аң қағушысы Бибала: «Апыр-ай, мынау мақтанып, жотасын көрсетіп кетті-ау» деп қалды. Шынында да Абай сөзінен Жабай көңілінде дық қалған-ды. Мұны байқаған Жиренше Жабай кегін алу үшін, Абылғазыны ертіп Абайлар қосына аттанды.

Абылғазы осы өңірге аты шыққан құсбегі еді. Ол Абайлар қосына келіп, Қарашолақты арлы-берлі сипап көріп Жиреншеге ертең бұл құс түлкіні ұстап қоя беретінін айтады. Мән-жайды білген Жиренше: «Құс жақсы екен, бірақ дәл күйін таппай жүр екенсіңдер» деп жігіттерді ыза етеді. Осы тұста Абай: «Жиренше-Жиренше дегенге құстың тілін білем деп пе ең! Жайыңа отыр, сен білгенді мен де білем» деп оны тыйып тастамақшы болады. Қылжаққа мойымайтын Жиренше күліп: «Мен білсем құс ертең түлкіге түседі, бірақ қойып жібереді» дейді.

Шынында да Қарашолақ ертеңіне түлкіні ұстай алмай қалды. Ал Жиренше сәуегейдей айтқаны келгесін, Абайларды мықтап табалады. Сол күні Абылғазыдан құстың жайын тағы сұрап алған ол «Мен білсем ертең Қарашолақ түлкіні алып та соқпайды, қасынан жай ұшып өтеді» деді. Бұл жолы да Жиреншенің айтқаны келіп, құс түлкіге түспеді. Абайларды мықтап қылжақ еткен Жиренше қоштаспай Жабайлар қосына шаба жөнелді.

Ол Абылғазыны әкетпек еді. Бірақ Абылғазы Абай алдындағы кінәсын жуып-шаю үшін қалып қойды. Үш-төрт күндей Тұрғанбай екеуі құстың бабын келтірді.

Сонымен бір кеңесте Абылғазы бұл өңірден аң ауып кеткенін айтып, Машанға қарай көшейік деген ұсыныныс тастады. Абай Бұғылы, Машан тауларын бұрын көрмеген еді. Жолы алыс, бөтен елге онша қызықпаса да қажырлы жолдастарының алдында бас тарту табансыздық болар деп келісті. Ертеңінде қос екіге бөлініп аттанды. Бір қоста бүркітші-аңшылар, екінші қоста Абай, Шәке, Баймағамбет пен Ербол болатын. Бұлар жоспар бойынша Оразбай қонысында түйісіп, сол арада қонып, ертеңіне Машанға жетуді жоспарлаған. Бірақ жолда Абайлар адасып кетті.

Адасу олар Ботақан ошағына жеткенде басталды. Абай бұл жерде балалық шағын, неше алуан қуаныш сүйінішін өткізген еді. Соны ойлап ұзақ аялдады. Тоғжанын еске алды. Оған алаңдаған жолдастары да қоса иіріліп тұрып қалды. Бір уақытта аяқ астынан боран басталып бұлар бағыттан жаңылды. Таңертең соққан боран түнде де тоқтамады. Абай өмірінде алғаш рет аяғы мұздап, тоңа бастады. Жолдан қажыған топ аялдап, қонбаса болмайтынын түсінді. Ерболдың ақылымен аттардың жонын желге қаратып, өздері оның тамағының астына бір-біріне айқасып жата кетті.

Қанша жатқандарын білмейді. Үстеріндегі қарды сілкіп тұрса боран әлі басылмапты. Осылай әрі-сәріде жүріп таңды атырды. Абай енді бір мекенге жетсе өзінің ауыр хәлде жететінін түсінді. Бойы мұздап, күнімен қалтырауы тоқтамады. Көз алдына Тоғжан бейнесі келе берді. Қас-қарайған шақта бұлар аялдап демалды. Осы кезде оларды Абылғазы іздеп тапты. Ол кеше Абайлар боранда қалғанда Шақпақ жотасында тұрып бұлардың басқа бағытқа кеткенін байқапты. Ертеңіне Оразбай қонысында жолдары түйіспегесін, қос жарау ат алып, іздеуге шығыпты.

Суықтан тоңып, мұздаған Абайлар тобын Машан тауына жеткізу мүмкін емес еді. Абылғазының айтуынша, осы маңда Жуантаяқ, Мотыштың бірлі-жарым ауылы болу керек. Енді адасқан топ Абылғазыға жол бастатып, сол ауылдың біріне кезігіп қалармыз деп жүріп кетті. Үнсіз желе жортып келе жатып, қалың адыр арасынан «шәу» еткен ит даусын естіді. Артынша қойнауда қызарып тұрған терезе отын көрді. Жолаушылар «Ақсарбас, аман қалдық!» деп қатты қуанды.

Абай аттан қалай түскенін білмейді. Айналасындағы адамдар даусы да анық естілмейді. Бір кезде «Үлкен үй ұйықтап қалды. Отауға кіргіз» деген әйел бұйрығы естілді. Абайды босағадан Шәке сүйеп кіргізді. Үй иесіне көзі түсіп: «Аһ, Жаным-ау, өзі ме?!» деп шалқалап кетті. Ақшыл көйлекті, қара комзолды сұлу келіншек: «Жасаған-ау, Абаймысыз?! Сізді де көретін күн бар екен» деп қалың шолпысын сылдырлатып ұмтылды. Бұл Тоғжан еді. «Тоғжаным, арманым жоқ, алдыңда алсын» деп келіншектің құшағына Абай құлай берді. Тоғжанның білегіне жігіт көзінен аққан жас қат-қат түсті. Ербол да Тоғжанды жаңа танып, құшақтап көрісіп жатыр. Ерболдың құшағына құлаған Тоғжан еңіреп жылап жіберді. Бұл Абайға арналған өксік жас еді. Үйдегілер болса «Келген адамдар Тоғжанның ағалары екен. Тоғжанның ел-жұртын сағынғанын қарашы» десті.

Бұл түнді Абай қиналу, қызу, ауыр сандырақ күйінде өткізді. Түсіне Тоғжан кіріп, тастап кетпе дейді. Бұл «кетпеймін қасыңдамын» деп қайта-қайта сандырақтап тұрып кете берді. Тоғжан мен Ербол да бір сәтке көз ілген жоқ.

Абай кейде, қиналып:

«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да»  деп Тоғжанға арналған өлеңін оқиды.

Тоғжан Абайдың  қолын сүйіп: «Сәулем, бұл сенің емес, менің сөзім ғой» деп жылайды.

Абай ауылда науқас боп он күн жатты. Ауылдың иесі Найман деген қартаң бай болатын. Сол Найманның малшысы Садыр Абай ауырған күні-ақ ауыз үйде жатып, Тоғжанның ұйықтамағанын, таңертең көзі ісіп шыққанын жасырмай  Найманға да, Найман бәйбішесіне де айтып берді. Осыдан соң Абайды күтуге Тоғжан жіберілмей, орнына ауыл бәйбішесі келді. Тоғжан болса оқта-текте аз уақытқа кіріп шығады. Абай алғашқы үш күн бойы ессіз жатты. Бесінші күні ауыл мырзасы Аққозы келді. Бұл Тоғжанның күйеуі болатын. Оның келуімен Тоғжанның Абайға кіріп-шығуы мүлдем тыйылды. Он күннен кейін Абай тәуір болғасын Найман кемпірі: «Қарақтарым, ауыл-елдерің алыс емес. Туыс пен жақынды аралап жүріп кетсеңдер барып қаласыңдар» деп қайтуға сыр білдірді.

Осыдан соң үш күн өтті. Абай аттанатын түні шолпысын сылдырлатпай Тоғжан келді. Абайдың қолынан ұстап: «Асығыңмын жаным. Тағдыр бізді қоспады. Ендігі серігім сабыр болсын. Сол асық күйде көзімнің жасын жұтам да кетемін» деді. Абай үнсіз ойланып: «Барды айттың Тоғжан. Бүйтпесең Тоғжан болар ма ең! Айналдым арызыңнан!» деп маңдайынан сүйді. Тоғжан сыбдырсыз шығып кетті. Осы отырғаннан Абай таң атқанша көз ілген жоқ. Көзінен оқта–текте жас шығып, екі иінін толқын ұрғандай өксіп алады. Бұл шарасыз дерттің шер толқыны еді...

Арада уақыт өтіп, қыс ортасы жетті. Абай Баймағамбетті қалаға жіберіп үш рет кітап алғызды. Әйгерім күйеуінің ауырып Тоғжан қолында он күн жатқанын естігеннен бері Салтанат дертіне Тоғжан дерті қосылды. Абай Тоғжан жайын Әйгеріммен сырласқысы келмеді. Бұл қыста айнымас серігі кітап қана болды...