"Іле Алатауы хикаялары” – табиғатты сүюге үндейтін кітап

"Іле Алатауы хикаялары” – табиғатты сүюге үндейтін кітап

Бүгін Алматыдағы Іле Алатауы ұлттық паркінде орналасқан TAU HUB Ayusai бизнес орталығында “Іле Алатауы хикаялары” кітабының тұсаукесері өтті. 

Аталмыш шараға кітапты жарыққа шығарушы авторлар, кейіпкерлер және журналистер қатысты. 

Кітап Іле Алатау ұлттық паркіне арналған. Жинақта өмірі мен тағдыры Іле Алатау әлемімен тығыз байланысты он жеті кейіпкердің оқияғалары баяндалады. Тау ортасын зерттеуші ғалымдар, альпинистер мен туристер алғаш рет естеліктерімен бөліседі.

Құрастырушылар әр кейіпкермен сұқбаттасып, негізгі фото материалды дайындау үшін бір жыл уақыт жұмсаған. Әр оқиға кейіпкерлер атынан баяндалып, олардың әлеміне, ғылыми зерттеулер өрісіне, альпинистің немесе тау энтузиастарының тәжірибесіне жол ашады.

Кітап тараулары әйгілі ғалым-геологтан бастап бүгінгі  шыңды бағындырушы буынға дейін хронологиялық тәртіппен орналасқан.

“Мен осы парктегі обсерваторияда 40 жылдан бері жұмыс істеймін.  Алдымен "Туранга Групп” тобына алғысымды білдіремін. Бұлардың ұйымдастырып отырған ісі  – мінсіз жоба. Себебі, бұрын мұндай іс болмаған”, - дейді астроном, кітап кейіпкері Анатолий Кусакин.

Кітаптың бұл кейіпкері екі апта сайын жұлдыздарды зерттеу үшін теңіз деңгейінен 2735 метр биіктіктегі обсерваторияға келеді. Ол Үлкен Алматы көліндегі В.Г Фесенков атындағы Тянь-Шань астрономиялық обсерваторияның астроном-бақылаушысы. 

Анатолий астрономия ғылымына бала кезінен қызыққанын айтады.

“Ресейдің Киржач қаласында дүниеге келдім. 7 жасымда жұлдызды аспанға қызықтым. 11 жасымда кәсіби астроном болуым керек екенін түсіндім. Есіл-дертім ғарышта болды. Діни тілмен айтқанда жұлдыздарды мен “Құдайдың ұшқыны” деп атадым. Атамнан үлкейткіш әйнек пен көзілдірік линзаларын алып Айға қарау үшін телескоп құрастырдым. Міне, қазір 12 жасымда бастаған ісім – айнымалы жұлдыздарды зерттеумен келемін”, - дейді астороном. 

Кітаптың тағы бір кейіпкері альпинист әлемдегі биіктігі 8 мыңнан асатын 14 шыңды да бағындырған Мақсұт Жұмаев тауларды “Құдайлардың мекені” деп есептейді. Ол Іле Алатауында алғаш рет шыңды бағындырып, альпинистік жолға қадам басқан.

“Тау мен адам арасында толық үйлесім болуы керек. Және табиғатты ачялауды үйренуіміз керек. Тауға келушілердің бірі кәмпит жеп, қағазын лақтыра салады. Біраздан соң ол жерден мен өтемін. Еңкейіп жерде жатқан кәмпит орамын алып кетемін. Оның еш қиындығы жоқ. Таудағы гүлдерді жұлмаймын, естелік үшін суретке түсіремін. Шыршаның бұтағын сындырмай, мұқият жүремін. Мысалы, біз біреудің үйіне қонаққа барсақ, олардың үйінің қожасындай бас салып заттарын ақтармаймыз ғой. Олармен, сыпайы, құрметпен сөйлесеміз. Демек тау мен тау табиғаты да өзіне қонаққа келген адамдардан құрмет күтеді”, - дейді альпинист.

Жинақтың тағы бір кейіпкері Шыңғыс Байқашев тауда жүгіру тәжірибесімен бөліседі. Ол скайраннинг бойынша бірнеше халықаралық жарыстардың лауреаты атанған. Скайраннинг – сөзбе-сөз аударғанда “аспанда жүгіру” дегенді білдіреді. 

“Таулар мен үшін өзімді тану процесі. Таудың құдіреті адамды ұлты, діні, тілне қарап бөлмейді.Тау стихиясы оны толық жойып жібереді. Адам тау құшағында еріп, бөлек бір ағымға түседі. Бұл жерде сіз күнделікті пәндеуи ойлардан арлып, жаныңыз рахат күй кешеді. Ол жер бетіндегі алғашқы адамсекілдді табиғатпен және өзімен жеке қалады”, - дейді   спортшы.

Кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан “Туранга Групп” тобы әр кейіпкерге алғысын білдіріп, кітапты қалай жарыққа шығарғандары туралы айтып берді.


“Бұл кітаптың идеясы осыдан бір жыл бұрын келді. Мақсатымыз үлкен мен кішіні Алатауға қызықтыру, тауда саяхаттау тәртібін түсіндіру. Олардың табиғатқа деген махаббатын арттырып, танымдық мәлімет беру. Кітапты құрастырушылар оқырманды Іле Алатауын өз кейіпкерінің көзімен көруге, қалыпты ракурсты өзгертуге шақырады. Шығарма оқырман мен табиғат арасын байланыстырушы көпір. Таулы ортаға деген қызығушылықты арттырып, құштарлықты оятып, таулардың байлығы мен сән-салтанатын зерттеу және сақтау үшін қызығы мен шыжығы мол мамандық туралы айтқымыз келеді”, - дейді “Туранга Групп” тобы.

244 беттен тұратын кітап қазақ және орыс тілінде жарық көріп отыр. Таралымы – 1 000 дана. 

Жинақтан Үлкен Алматы орман шаруашылығының бас инспекторы Райхан Мұхамеджанованың, Үлкен Алматы орман шаруашылығының инспекторы Марат Әлішевтің, Үлкен Алматы орман шаруашылығының инспекторы Юрий Мальцевтің, геолог Людмила  Скринниктің, археолог Александр Горяевтің және тағы басқа әр түрлі мамандықтағы кейіпкерлердің қызықты хикаяларын оқи аласыз.

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Іле Алатауының әсем ландшафтарын қорғау, өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемін сақтау, туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған. 1996 жылы Алматы облысы Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының аумағында орналасқан Қаскелең, Пригород, Түрген орман ш-тарының негізінде құрылған. Саябақ теңіз деңгейінен 600 – 4540 м биіктікте орналасқан. Әсем табиғаты, алуан түрлі флорасы мен фаунасы бар саябақтың қоршаған ортаны қорғауда алатын орны ерекше.

Т. Раушанұлы