Есенғали Раушанов: "Ештеңе етпейді, ол ақын ғой..."

Есенғали Раушанов: "Ештеңе етпейді, ол ақын ғой..."

Қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушановтың республикалық БАҚ беттеріне берген сұхбаттарында айтқан әдебиет, өнер, өмір туралы ойларын жариялауды жөн көрдік. 

..."Ештеңе етпейді, ол ақын ғой". Осы тіркестегі "ақынның" орнына "инженер", "зоотехник", "педагог", "философ" деген кәсіби атауларды салып оқып көріңізші, сізге қайдам, меніңше жараспайтын секілді. 

...Ақындар жұрттың бәрі қателеспеуге көшкен кезеңдерде қателесіп жүретін халық. Жұрттың бәрі жаңылыс баспауға тыры­сатын мезгілдерде өзі барып отқа ұры­нып жүретін ел. Сондықтан болар, ескіше айтсақ "Шарқ жериятында" (Шы­ғыс поэзиясында) ақындардың бәрі – дерлік өздерін жынды көбелек – пәруанаға теңеген. 

...Қай кезде де поэзияның басты міндеттерінің бірі – қоғамдық ойдың қозғаушы күші болу.

Поэзияда жаңалық жоқ. Сен қолтаңба туралы айтып отырсың, қолтаңба қайдан болады, жаңалықтың өзі жоқ! Өзі болмайтын себебі, біз оларды салғаннан мақтадық. "Қандай керемет, не деген ғажап!" деп, сайттан сайт қоймай, газеттен газет қоймай, мақтаумен болдық. Ешқайсысы сыналған жоқ. Нәтижесінде, әдеби өлімге пара-пар жағдайға тап келіп отырмыз. Мен пессимист емеспін, бірақ, әдебиеттің қазіргі ахуалы оптимистік ойға жетелемейді.

Мен өзiмнен бұрынғыларды көп оқыдым. Жақсы көретiнiм де содан. Бiрде Тұмағаң “Қалай ойлайсың, мен өлген соң мына Мұқаш ағаңа (Мұқағалиды айтады) қойғандай маған да ескерткiш қоя ма?” деп сұрады. Тө­бемнен мұздай су құйып жiбергендей болды. “Сiз өлмейсiз!” дедiм тура Құдайдың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi секiлдi. Сол жолы "Әй, шырағым-ай, ондай сөзге сенетiн кезден мен өтiп кеттiм ғой, қоймаса қоймасын, тек Дәурендi қорламаса екен бүйтiп..." деп жалғыз ұлының болашағы үшiн қорқып, көзi жасаураған қайран ағамның көңiлiн көтерейiн деп, бiздiң ауылдың бiр әңгiмесiн айтып бердiм.

Мен газет, ТV, спорт және маса мен есектiң неге керегi барына түсiн­беймiн

Дүниеде ең жаман адамдар – әдебиетке қатысы бар адамдар. Өсек те, өтірік те, абыройсыздық та, нысапсыздық та соларда. Әдебиетке келу деген – о баста бір албасты күйеуге тиіп, содан құтыла алмай жүрген әйелдің күйі сияқты.

Интеллектуалды поэзия деген поэзияның сүйкімдісі емес. Әрі-беріден соң, ол скучная поэзия. Екінің бірі оқи алмайды. Шахановты оқырманы, дұрысы тыңдарманы көп ақын дедік қой. Ал бұл оқырманы ең аз, тыңдарманы одан да аз поэзия. Бірақ, ол – поэзия!..

Өлең деген 30-ға дейін жазылады. Сосын сирексиді. Жас кезде жазған жақсы. Одан да маңыздысы – жас кезде оқыған жөн. "Аз жаздым" деп емес, "аз оқыдым" деп өкіну керек.

Асылы, адам шамасы келетiн, өресi жететiн iспен айналысуы керек. Өлеңде бүгiнгi прозадағыдай, бүгiнгi журналистикадағыдай, не заманауи әдебиеттанудағыдай орта тұс деген болмайды. Өлең не бар, не жоқ. Осы екеуiнiң бiреуi.

Орта туралы ойланбаймын. Себебі, біріншіден, ол ортаның маған керегі жоқ. Ортаға менің де қажетім шамалы болуы керек. Сондықтан орта деген нәрседен  шет қалдым. Мен өзіме керек әлемді өзім қиюластырып  жасап алған адаммын. Қолдан жасадым. Саналы түрде. Өмірімнің аяғына дейін оқитұғын кітаптарым да өзіме аян. Олар менде бар. Басқа ортаның  неге керегі бар?

Ақындардың қолтаңбасы дегенге қайта оралсақ. Өткенде Гүлнәр Салықбаеваға "Жазушы" баспасының "Жылдың үздік ақыны" деген сыйлығын бергіздім. Сол жерде де айттым, тағы қайталап айтайын, мың-сан өлеңді араластырып, қопарыстырып жіберіп, ішінен суырып алған уақытта да Гүлнәрдің өлеңін тануға болады. Сол сияқты сонша өлеңнің ішінен Темірханның, Серік Ақсұңқарұлының, Жәркен Бөдештің немесе Аманхан Әлімнің, Тыныштықбек пен Ұлықбектің өлеңін жаңылыспай тауып алуға болады. Ал кейінгі жастар инкубатордан шыққан сияқты. Бәрінің өлеңі жақсы. Бірақ, керемет емес. Сондықтан мен оларды ақындар деп емес, оқырмандар  ретінде бағалауға бейіммін. Не, оқырман болу жаман ба?

Т. Раушанұлы