Шал ақынның жиені – Наушабаев кім еді?

Шал ақынның жиені – Наушабаев кім еді?

Бірлік қылсаң, Алашым,
Ілгері қарай басасың.
Қол ұстасып ұмтылсаң,
Қатар жұрттан асасың.
Атағын мәңгі қалдырып,
Жасасын Алаш, жасасын!

Нұржан Наушабаевтың "Алашордаға" атты өлеңі.

"Оян, Қазақ!" (Міржақып Дулатұлы), "Жатпа, қазақ!" (Әбілқасым Арғыни), "Тұр, қазақ!" (Байбатыр Ержанұлы) атты үш кітап өткен ғасыр басында ұлт рухын ояту мақсатында шыққаны белгілі. Сол тұста қазақтың алғыскер ақыны, айтарман, жазарманы Нұржан Наушабаевтың «Алаш» атты кітап жазғанын біреу білсе, біреу білмейді. Артына ұшан-теңіз мұра қалдырған ақынның шығармашылығымен таныс болайық.

***

Қазақстанда сирек кітаптар қоры жағынан көш бастап тұрған Орталық ғылыми кітапхананың  қорында Нұржан Наушабав шығармаларының 18 дәптерден тұратын қолжазба бар. Бұндай аса көлемді жазба естелік мұралар – Абайдан кейін, Ш. Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Әсет Найманбай, т.б. қазақтың ұлы тұлғаларына ғана тән құбылыс деуге болады. Нұржан ақынның жұрт жүрегінен терең орын алғаны соншалық жұртшылық автордың 1903 жылы шыққан кітаптарының өзін қолмен көшіріп ел арасына таратқаны байқалады. Ақын мұраларын түгендеп кітап етіп шығарған белгілі әдебиетші, ақын Ақылбек Шаяхметтің айтуынша, әдебиеттің әр жанрында қалам тартқан Нұржанның күні бүгінге дейін көнекөз қариялар ауызында жатталған сүбелі сөздері көп екен. Ал 1903 жылдан 1960 жылдарға дейін толассыз қолдан қолға өтіп жазылған "Нұржанның шығармалары" Орталық ғылыми кітапханада аса мол күйінде сақталуы тегін емес. Одан сырт, ақын Нұржанның "Алаш", "Манзұмат қазақия (1903)" атты кітаптары бірнеше нұсқамен көне кітаптар қатарында сары майдай сақталған.

Ұлт ұрпақтарына ұлы мұралар қалдырған Наушабев кім еді?

Наушабаев Нұржан (Нұрмұхамбет) (1858, қазіргі Қостанай облысы, Алтынсарин ауданы – 1919) – ақын. Діни-ағартушылық бағыттың көрнекті өкілі.

Анасы Қадишадан (Шал ақынның қызы) жастайынан айырылған ол нағашыларының қолында тәрбиеленген. Троицк қаласында З.Расулов медресесінде білім алған. Жастайынан араб-парсы тілдеріндегі кітаптар мен татар, башқұрт жазушыларының шығармаларын оқыды, әнші, сері, балуан атанып, дидактика үлгісіндегі нақыл, терме, толғау, мысал және назым, ғақлия жырларын жазды. Оның 40 шақты өлеңі мен айтыстары “Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы” (1903), “Манзұмат қазақия” (1903), “Алаш” (1910) атты жинақтарында Қазан қаласында басылған.

Наушабаев өлеңдерінің негізгі тақырыбы – өнер-білім мен адамгершілік қасиеттерді насихаттау. “Замананың қалпына айтылған сөз”, “Тақпақ”, “Терме”, “Лепірген жігітке” өлеңдерінде, А.И. Крыловқа еліктеп жазған “Түлкі мен әтештің хикаясы”, “Өгіз бен есек”, т.б. мысалдарында адамның мінез-құлқы мен жамандық-жақсылық, әділдік жайын, замана бағытын, қоғамдық құбылыстарды сипаттады. Адам бойындағы қараулық, дүниеқорлық, тойымсыздық көріністерін сынады.

Дидактика жанрында жазылған “Қырық тілек” атты 13 жұмбақтан тұратын ғақлия өлеңі көркемдігімен ерекшеленеді. Қоғамдық жайларды исламдық тұрғыдан таразылап, діни өлеңдерінде Құран Кәрімнің маңызын, қасиетін түсіндіруге талпынған ақын мұсылманның парыз-уәжіптеріне талдау жасайды (“Қырық парыздың баяны”, т.б.). Наушабаев шығармаларында татар ақыны, әнші Сапарғали Қуанышұлымен жұмбақ айтысының орны ерекше. Хат үлгісіндегі жазбаша сөз сайысында қарсыласы тарапынан қойылған 25 жұмбаққа Наушабаев тапқырлықпен жауап беріп, білімдарлығын көрсеткен. Айтыс көркем тілімен, заман ағысы мен қоғамдық өзгерістерді шебер бейнелеуімен құнды. Айтыс мәтіні 359 жолдан тұрады, алғаш “Манзұмат қазақия” (1903) кітабында, кейін “Айтыс” жинағының 2-томында жарық көрді.

Ы.Алтынсаринге арнаған өлеңінде ағартушының еліне, замандастарына өнеге көрсеткен биік азаматтық тұлғасы айқын көрінеді. Өлеңнің 3 шумағы Ы.Алтынсарин құлпытасына қашап жазылған. Ақынның “Көкем-ай”, “Көңіл ажар”, “Жан сәулем”, “Асылай”, “Мұқидаш”, “Бес тілек”, т.б. әндері ел арасына кең тараған.

Ендеше Нұржан хатқа түсірген нақылдарға зер салайық:

Сол кезде тырағай деген ел болады,
Адамы тырна қатар би болады,
Ат ариды, тон тозады,
Бір күнде топтан озған жүйріктен, 
Бұл күнде жұртқа қайтқан ит озады.
 
Ешкі егіз табады,
Ит сегіз табады,
Сегіз ешкіге сексен теке қойған заман-ай!
Көп отырсаң, көл азады,
Көп жайылса, жер азады.
Көп жасаса ер азады,
Ер азған соң ел азады.
Аяқтыға жол бермейтін,
Ауыздыға сөз бермейтін,
Мыңнан озған тұлпардан
Күнінде қойыңды баққан
Құлағы кесік құл озады.

Нұржан шығармашылығында өзінен бұрынғы ақындардың, билердің сөздері кездесуі, авторлы туындылар мен халықтық мұралар араласып жүруі заңды құбылыс. Ол зерттеушілер зердесінде талқыға салынатын дүние. Тағы бір аса маңызды әрі қызықты мәлімет Нұржанның жары Бибізаданың да ағылып тұрған ақын болғаны. Ел арасында және Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында Бибізада айтқан екен деген өлеңдер мен жоқтаулар легі де кездеседі.

Қорған көл, Тобыл менен Ара қайда,
Жер түгіл, сұлтаным мен бала қайда.
Айырылып бар жылқымнан жаяу қалдым,
Көретін ағайынды шама қайда?!

Ел арасынан жиналған ескі жазбаларда Нұржан мен Бибізада сынды жұп ақынның тұлғалық образдарын аша түсетін  осындай құнды материалдар көбірек сақталған. Біз бабалар мұрасын түгендейтін кезеңде зерттеуші қауымға аңдатпа ретінде осы шағын мақаламызды ұсынып отырмыз.

 

Әділет Ахметұлы
Ақын, Орталық ғылыми кітапхананың
Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

"Уланған" көлдер