Иранда "Абай үйі" ашылды

Иранда "Абай үйі" ашылды
Фото: inform.kz

Иранның солтүстігінде орналасқан Гүлстан облысының орталығы Горган Абай мәдени-әдеби орталығы ашылды.

Іс-шара аясында "Абай үйі" мәдени-іскерлік үйінің тұсаукесері өтіп, онда Ирандағы қазақ қауымдастығының мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Мәдени үйді ашуға Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен "Отандастар" қоры "Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы" ХҚҰ-мен бірлесіп күш жұмсаған.

Қазақстан республикасының Горгандағы Бас консулдығында Қазақстан елшісі Асхат Оразбай, Гүлстан облысы әкімінің орынбасары, басқа да лауазымды тұлғалар және ирандық қазақтардың қатысуымен Абай мәдени-әдеби орталығының ресми ашылу салтанаты өтті. 

Бұған дейін "Абай үйі" мәдени-іскерлік үйлері Омбыда, Ташкентте, Стамбұлда және Берлинде ашылған еді. 2020 жылдың соңына дейін Бішкекте "Абай" мәдени-іскерлік үйі ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге "Отандастар қоры" КЕАҚ шетелдерде "Абай үйі" мәдени-іскерлік үйлері желісін ашуды жалғастырып жатыр.

А. Рысдәулет