Оқығанды ​​қалай тез есте сақтауға болады?

Оқығанды ​​қалай тез есте сақтауға болады?
Фото: Massaget.kz / Yernar Almabek

"Кітап атау­лы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады" (М.Әуезов). Кітап оқу – жадыны және ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адам жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Күнделікті өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің айырмашылығын тез байқауға болады. Кітап оқитын адам ақыл, парасат, таным, білім, елмен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мəдениеттілігі секілді бірсыпыра ізгі қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады.

Егер алынған ақпарат жадта сақталса және іс жүзінде кәдеге жараса ол екі есе пайдалы болмақ. Кітапты оқу бір бөлек те ондағы мәліметтерді, оқиғаларды есте сақтау бір бөлек. Көбіне біз оқыған кітаптағы оқиғаларды, мәліметтерді ұмытып қалып жатамыз. Бұл – табиғи процесс. Оқыған кітабіңізді есте сақтаудың бірнеше әдісі бар. Соның біріне тоқталайық.

Кітап оқудың алғашқы күні

Кітап оқу кезінде әр 20 минут сайын "Мен не оқып жатырмын? Не түсіндім?" деген сынды сұрақтарға жауап беру керек. Ең маңызды оқиғаларды көзге елестетіп, ұмытып қаламын деген жерлерін сызып қойыңыз.

©illibraio.it

Неліктен 20 минут?

Неміс психологы Герман Эббингауз адам жадында деректерді сақтау процесін зерттеген. Зерттеулерге сәйкес, адам алғашқы 20 минутта алған ақпараттың 40 пайызын, ал 1 сағат ішінде 60 пайызын ұмытып қалады екен. Ал бір күннен кейін деректердің тек 33-35 пайызы ғана сақталып қалады.

Егер алынған мәліметті әр 20 минутта өңдеп отырмасақ, бұл ақпараттар жадта сақталмай өшіп кетеді.

Зерттеулер жадта ақпаратты жақсы сақтау үшін қайталап оқудан гөрі оны біреуге (немесе өзіңізге) баяндап берген тиімді екенін көрсеткен. Себебі сөйлеу кезінде ми ақпаратты басқа деректермен байланыстыруға тырысады. Бұл әдіс мидың мәліметті қабылдап қана қоймай, қайта өңдеуге септігін тигізеді.

Оқудың бірінші күнінің соңында оқыған ақпаратыңыздың маңызды тұстарын жазып алыңыз. Жазу әдісіңіз жәй жазу емес, интеллектуал карта түрінде болса, ыңғайлы және қызық болады.

Сондай-ақ, түнде ұйықтамас бұрын жадта сақталуы керек ақпаратты қайталау пайдалы. Ми ұйқыға дейін алынған ақпаратты жақсы есте сақтайды.

©lifehacker.ru

Оқудың келесі күні

Мұны сериалдарда қолданылатын алгоритм көмегімен жасауға болады. Әдетте  сериалдың келесі бөлімі басталмай тұрып, алдыңғысындағы оқиғалар үзік-үзік көрсетіледі. Сол сияқты кітапты жалғастырып оқымас бұрын, алдыңғы оқығандарыңызды бір қайталап алған жөн.

Кітапты оқып болған соң

Алынған ақпаратты мүмкіндігінше тезірек тәжірибеде қолдануға кірісу керек. Оларды іс жүзінде қолдану керек болмай, бірақ оқығаныңызды есте сақтағыңыз келсе, жиі-жиі кітапты қайта парақтап тұрған тиімді.

Т. Раушанұлы