Арман Әлменбет: "Жақсы кітап болса, миллион теңге табу қиын емес"

Қаламақың қалай, қазақ қаламгерлері?!

Өткен жылғы Forbes-тің әлемдегі ең табысты 100 адамының қатарына 2 жазушы енді. Табысты 100 адамның қатарында он үшінші болып сиқыршы Гарри Поттер туралы сериялы шығарма жазған британдық жазушы Джоан Роулинг тұр. Оның былтырғы табысы 92 миллион доллар. Рейтингінің 28-ші сатысына Америка Құрама Штаттарының ең көп қаламақы төленетін авторы, триллер мен детектив тақырыбына қалам тербейтін қаламгер Джеймс Паттерсон 70 миллион доллар табыспен жайғасқан. Ол былтыр 5,5 миллион дана кітабын сатыпты.

Ал АҚШ жазушыларының орташа жылдық табысы 62 170 доллар екен. Ұлыбританиядағы Корольдік әдебиет қоғамы жүргізген зерттеуге сәйкес ағалшын қаламгерлерінің 70 пайызы жылына 10 мың фунт стерлингтен аз қаламақы алады. Ресейде де жағдай мәз емес, ол жердегі кітаптың орташа шығу тиражы 4500 дана.  Шытырман оқиғалар жазушы танымал Борис Акунин және Татьяна Устиновалар жылына орта есеппен 30-25 мың доллар табыс табады.

Қазақстандағы қазақ қаламгерлерінің жағдайы қалай? Кітап жазып миллион теңге табуға бола ма? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде соңғы уақытта тәуелсіз түрде кітабын шығарып сатып жүрген және кітап баспасымен айналысып жүрген қазақ қаламгерімен әңгіме өрбіттік.

©abai.kz

Арман Әлменбет жазушы, баспагер: "Жақсы кітап болса, миллион теңге табу қиын емес"

– Өткен жылғы Forbes-тің әлемдегі ең табысты 100 адамының қатарына 2 жазушы енді. Оның бірі – Джоан Роулинг. Табысы 92 миллион доллар. Екіншісі АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонмен бірігіп кітап жазатын Джеймс Паттерсон. Оның табысы 70 миллион доллар. Елімізде жағдай қалай? Қазақстанда кітап жазып миллион теңге табуға бола ма?

– Ұларбек Нұрғалымұлына былтыр кітабын сатып 550 теңге мен 100 кітап бердік. Ол кісі басқалар арқылы кітабын тағы 450 мыңға сатты. Сонда бас-аяғы миллион теңге тапты. Жақсы кітап болса, миллион теңге табу қиын емес. Одан бөлек кітабын қайтара екінші рет бастық. Оның 30 данасын алды. Қалғанын әлі алған жоқ. Біз Ұларбек Нұрғалымның кітабын былтыр көктемде шығарғанбыз. Биыл да көктемде шығардық. Кітап саудасы көктемде жүрмейді. "Дайағашшы" негізінен күзде  сатылып кетті.

– Сіздің биылғы (немесе былтырғы) қаламақыңыз қанша?

Мен көркем шығарма жазып қаламақы алып жүрген жоқпын. Соңғы уақытта 30-40 мың теңгедей "Жас алаштан" алдым. Одан басқа әзірге ресми түрде қаламақы алған жоқпын. Бірақ 2018 жылдың күзінде "Берекелі бизнестің сыры" деген кітабым шықты. Оны мың тиражбен саттым. Жалпы алғанда 100 данадайы өтпей қалған шығар, шамамен 100 данасын сыйлыққа берген шығармын. Сонда 800-дей данасы нақты сатылды. Орташа есеппен 2500 теңгеден сатылған кітап 2 миллион теңге табыс әкелді. Негізінен мен басқа авторлардың кітабын сату арқылы табыс табамын. Нақты, тұрақты алатын қаламақым жоқ. 

– Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде кітап сататындар көбейіпті. Бұл құптарлық іс. Қазақ оқырмандары қазақша кітап сатып алып оқуға дайын ба?

Қазақ оқырмандары сатып алуға жақсы кітап таба алмай жүр.

– Еліміздегі "Меломан", "Книжный город" сынды танымал кітап дүкендеріне барсаң орысша кітаптар, орысша шетел аудармалары самсап тұрады. Есесіне алушылар да көп. Қазақша аударма немесе қазақ қаламгерлерінің кітабын іздесең таппайсың. Неге? Әлде қазақ қаламгерлеріне оқырмандар тарапынан шынымен сұраныс жоқ па? Жалпы, Қазақстанда жазушылықпен күн көруге бола ма?

– Бұл ескіре бастаған сұрақ. Үш жыл бұрын мен баспа ісіне кіріскенде расында да түк жоқ еді. Ол кезбен салыстырғанда қазір қазақша кітап көбейіп қалды. Енді бір үш жылдан кейін тіпті басқа жағдай болады.

– Бізде халықтың кітапқа оқуға деген ықыласын оятып, кітап агенттіктерінің жұмысын жандандыру үшін мемлекет тарапынан қандай істер атқарылуы тиіс?

– Кітап агенттігі дегенді түсінбеймін. Басқа елдердің практикасында бар нәрсе ме? Менің білуімше, кітаптың жазылуына, жарнамалануына, сатылуына баспа жауап беруі тиіс. Ал оған мемлекеттік қолдау мүлде керек емес. Қайта араласпағаны жақсы. Нарық өзі реттеуі тиіс. Бұл ұзақ әңгіме...

Ал бірақ баспахана жағына (яғни техникалық мәселелерге) мемлекет әсер ете алар еді. Ол үшін оқулықтардың сапасына талап қойса. Қағазы мынандай болуы керек, түптелуі осындай болуы керек деп. Сонда кітап басу ісі дамып, Қазақстанға неше түрлі жақсы қағаз келіп, соның жақсылығы бізге де тиер еді. Бізде оқулық өте көп басылады. Білмеймін, не істей беретіндерін...