"Делакруа – Мағжан, Жұмекен – Хокусай, бірақ Маралтай Модильяни емес"

Аударманың жай-күйі, сапасы және қазіргі аудармадағы кемшіліктер жайлы білгіміз келіп филология ғылымдарының кандидаты Мұсалы Ләйлә Жұматайқызы және шетел қаламгерлерін қазақ тілінде сөйлетіп жүрген жас ақындар: Айбол Исламғали, Тілек Ырысбек және Марлен Ғилымханға сауал жолдадық. Кеше Айбол Исламғалидің жауабын "Аудармаға "әдебиеттің ашынасындай" қарауды доғару керек" деген атпен жариялаған едік. Бүгін Тілек Ырысбектің жауабын ұсынамыз.

Тілек Ырысбек, ақын

Әр кішкентай бір аударма жақсы, ал бір аударма өкінішке орай... Бұның бәрі жанрға келіп тіреледі.  Ал менің проза оқығым келеді. Соңғы кездері аударма десе, түркімен басшы Гурбангулы Бердімұхаммедов есіме түседі.

Жұмекеннің "түйе жүн шапан" кигізу тәсілін қолдамаймын, және Абайдың кейбір өлеңдерін аударма деп қабылдамаймын. Бұл аударма емес, өлеңді өз тіліңде көшіру деген сөз. Жалпы дәстүрлі поэзияның аударылуы дұрыс емес, және бұл жағынан жапондар менімен тараптас. Ал проза мүлдем бөлек әңгіме. Проза немесе танымдық аудармалар көп болса, қуанар едім. Бұл оқырмандардан бұрын алдымен жазушыларға керек. Мен үшін шығарманың қазақы бояуы емес, түсінікті тілі маңызды. Мәселен, Кафканы бояу қажет емес, өйткені ол күңгірт проза, сол секілді Джойсты бояу да қисынсыз. Бәрінен түсініп аудару маңызды, себебі олардың арғы жағында батыстық миф пен Інжілге гиппертекст жатады. Достoевский мен Буниннің өз иконасы бар, бірақ аталғандардың бірі де қазақ тіліне толық аударылған жоқ. Ал, біздің шапан ала жүгіретін әдетіміз бар. Енді Николас Кейджді есіңізге түсіріп көріңіз.   

Мен дәстүрлі қазақ поэзиясын импрессионистік поэзия деп атар едім. Сезімдерді құбылтып бояу, жарықтан көлеңке іздеу, сөздерден кемпірқосақ жасау. Ал басқа тілге аударылатын болса, баттасқан қалың бояуы өшеді де, алдымызда әппақ кенеп қана қалады. Немесе формасы  – академия, моралі тап комунист болып шығуы ғажап емес. Егер Есенинді  оқығыңыз келсе, онда аударманы емес Мұқағалиді оқи салыңыз, Уолт Уитменді оқығыңыз келсе, тағы да Мұқағалиды оқыңыз, Байрон мен шығыстық сарынды, Хафиз бен Ли Байды Мұрат Шаймаран поэзиясынан сезініңіз, аудармадан Бодлерді, Элюарды, Рембоны емес, Мағжанды оқыңыз.  Ол мен үшін өз дәуірінің барлық символистерінен ұлы күрескер, лаж болса, түпнұсқадан оқыңыз, тіпті оған ерінсеңіз картина қараңыз. Мен үшін Джованни Больдини "түйе жүн шапанын" есепке алмағанда нағыз Есенғали Раушанов, Делакруа – Мағжан, Жұмекен – Хокусай немесе Шәрденов, бірақ Маралтай Райымбек Модильяни емес.

Біздегі аударманың кемшілігі  – оның аударылмайтыны. Қазақстан нарығын есепке алар болсақ, көлемді шығармалардың авторлық құқығын сатып алу үлкен қаражатты талап етері сөзсіз. Сондықтан, оны сатып алушы баспалардың тәуекел етуі екіталай. Себебі, аударылуы тиіс әдеби шығармаларға Қазақстанда сұраныс болмауы бек мүмкін.  Сол себепті  танымдық мақалалар мен сұхбаттардың аударылуы аграрлық әдебиет пен агрессивті кландық «классиктердің» ықпалынан шыға алмай жүрген бірқатар жас буынға пайдалы. Нәтижесінде тіл меңгеру, аударма жасау дәстүрі жастар арасында қалыптасып трендке айнала бастайды.   Бүгінгі аударма, қазіргі әдеби процесстен маңызды. Меніңше, түрлі пайдасыз мүшәйраларға жұмсалған қаражатты әлемнің үздік жазушыларының  авторлық құқықтарын сатып алу үшін жұмсап, аудару – ұтымдырақ.

Құрметті оқырман, осы тақырыпқа қатысты пікір білдіргіңіз келсе, Массагет сайтының поштасына хат жолдаңыз.

massaget.kz@gmail.com