- Негізгі бет
- Әдебиет
- Ахуалың қалай, аударма?!...
Ахуалың қалай, аударма?!
Аударма – адамзат мәдениетінің алтын көпірі. Жазушылар ұлттық әдебиетті жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды деген сөз бар. Өнер атаулы адамзатқа ортақ дүние. Себебі барлық адамзаттың қуанышы мен сүйініші, қайғысы мен мұңы бірдей. Тек, оны ортақ пайдалану үшін арадағы аудармашы дейтін мамандар талантты, білімді болуы керек. Сонда ғана бір ұлттың әдебиеті екінші ұлтқа әсер етіп, өнер атаулы дами бермек. Аударманың құдіреті де осы болса керек.
Орыс ақыны Пушкин “аудармашылар – мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін пошта аттары” деген екен. Ал, Мұхтар Әуезов жолма жол аударманы (подстрочник) “жаман көпір” деп атаған. Қазақ әдебиетіндегі аударма саласына тыңнан түрен салған һәкім Абай деп айта аламыз. Әрине, Абай аударма саласына бірден келген жоқ. Ол бірінші шығыстық һисса-дастандарды тыңдаушыларына ауызша айтып беретін болған екен.
“...Кейбір өлеңдерді аударғанда, Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлеңінің буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі тоникалық, не силлабо-тоникалық өлең құрылысына жатады да, қазақтікі силлаболық өлең құрылысына жатады. Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұйқастырып, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады. Кейде өз жанынан сурет, баяндаулар қосып, кейбір жерлерін мүлде тастап кетеді. Кейде орыстың ол кездегі жоғарғы топтарының өмірінде аузына түспейтін сөздерді де Абай Татьянаның аузынан шығарады”, - дейді белгілі ғалым Қажым Жұмалиев.
Абай “Евгений Онегинді” аударғанда еркін аударма түрін таңдаған. Бұдан оқырман ұтылған жоқ. Қайта аударма түпнұсқадан кем түспейтін қазақы бояу қосылған шығармалардың қатарын толықтырды. Жұмекен де “кей аударған ақындарыма түйе жүн шапан кигіздім” дейтіні бар.
Шыны керек, кей әлемдік әдебиеттен ойып тұрып орын алатын шетел қаламгерлері шығармаларының қазақ тіліндегі аудармасын оқып отырып қарның ашады. “Әлем мақтаған жазушы не ақының осы ма?” деген де күмәнді ойға қаласың. Әсілі, бұл аудармашының шеберлігі жетпей, әлемдік жауһар шығарманы қарабайыр аударғанында емес пе?
Кезінде Қалиқан Ысқақ ағамыз аударған Бунин шығармаларын, Светқали ағамыз аударған Артур Рембо өлеңдерін, Дидахмет ағамыз аударған Джек Лондон прозасын оқып жоғарыда аты аталған шетел жазушылары “қазақ” екен деп қалған жайымыз бар. Қазіргі аударманың ақсауының себебі неде?
Міне, осындай көкейде жүрген сұрақтарымыз бен аударманың жай-күйі, сапасы және қазіргі аудармадағы кемшіліктер жайлы білгіміз кеп филология ғылымдарының кандидаты Ләйлә Мұсалы Жұматайқызы мен шетел қаламгерлерін қазақ тілінде сөйлетіп жүрген жас ақындар: Айбол Исламғали, Тілек Ырысбек және Марлен Ғилымханға сауал тастадық.
Мұсалы Ләйла Жұматайқызы, филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры міндетін атқарушы
Аударылатын мәтін типіне қарай аударманың түрлері көп. Сіздің сұрап отырғаныңыз, түсінуімше, көркем аударма туралы. Аударма түрлерінің ішінде, көркем аудармаға қойылатын талаптар аса жоғары. Көркем аударма дегеніміз – көркем мәтін тәржімасы. Көркем мәтіннің өзі қандай терең, қат-қабат, астарлы, шығармашылық сипаты жоғары құбылыс болса, оның барлық сипатын өзге тілде таныта білу оңайға түспейтін шаруа. Көркем тәржіма – күрделі шығармашылық өнер, бұған кез келген аудармашының тісі батпайды. Филологиялық сауаттылығына қоса шығармашылық қабілеті, әдеби дарыны бар, көркем сөздің мәні мен сәнін ұғына білетін талантты тәржіман ғана көркем мәтін аудармасын еңсере алады. Орыстың белгілі аудармашысы В.Жуковскийдің “Переводчик поэзии – соперник, переводчик прозы – раб” дейтіні де сол.
Жалпы, аудармаға қойылатын ең басты талап - түпнұсқа мен тәржіма мәтіннің семантикалық, стилистикалық, құрылымдық, прагматикалық тұрғыдан толық сәйкес келуі. Түпнұсқа мәтін және оның тілдік-әдеби сипаты, автордың идеялық тұжырымдарына ерекше назар аударылу қажет. Кәсіби білікті, жауапкершілігі бар тәржіман автор мен түпнұсқаға адалдығын сақтап, ең алдымен түпнұсқа мәтінге аудармаға дейігі талдау жасауы қажет. Қазіргі аударматануда аударма сапасына қатысты түпнұсқа мен мен тәржіманың баламалылығы және саймасайлығы (эквивалентность и адекватность) ұғымдары қолданылып жүр. Тәржімалау кезінде осы талаптардың үдесінен шығуға ұмтылғаны жөн.
Қазіргі қазақ көркм тәржімасы, жасыратыны жоқ, кеңес кезеңіндегідей жүйелі, қарқынды түрде дамымай отыр. Дұрыс айтасыз, біраз жас ақын-жазушылар орыс және ағылшын, түрік т.б. әдебиеттерінің көркем туындыларын қазақ тіліне аударып, баспасөз бетінде көркем тәржімаға талпыныс жасап жүр. Көңілді қуантатын, автор мен түпнұсқаның төл сипатына нұқсан келтірмеген, сәтті шыққан аудармалар да жоқ емес. Дегенмен, жастарға әлі де тәржіманың теориялық-тәжірибелік мектебі жетіспейді. Көп ретте түпнұсқадан ауытқып, өз тарапынан қосу (отсебятина) немесе тым қарабайыр түрде көшірме жасау, қалькалау байқалады. Жоғарыда аталған, түпнұсқа мен мен тәржіманың баламалылығы және саймасайлығы сақтала бермейді. Оның себебі, оларды қолдау, бағыттау, жасаған тәржімасынын сапасына баға беру жұмысы да жолға қойылмаған. Бізде әлі күнге дейін аудармашылардың басын біріктіретін ресми ұйым жоқ, бұл мәселе мемлекет тарапынан қолға алынып, жолға қойылмайынша, қазақ көркем тәржімасы жүйелі дамымайды, осылай бірлі-жарым, үздік-создық, жеке тапсырыспен ғана атқарылады, сапасы да артпайды.
Т. Раушанұлы