30 қыркүйекте Париж бірінші округінің мэриясында "Рухани Жаңғыру" бағдарламасы аясында аударылған және жарияланған қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясы антологиясының тұсаукесері өтті.
Француз тіліндегі қазақ әдебиеті жинақтарын аудару және басып шығару жобасы Париждің бірінші округінің мэриясы мен елордалық мәдени қауымдастықтың қолдауымен жүзеге асырылды.
Олардың ұсыныстарына сәйкес, антологияны әйгілі әдебиет баспасы Мишель де Мюл (Michel de Maule) басып шығарды. Оның өнер мен әдебиетті насихаттау жолындағы аударма және баспа саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Баспаның бас редакторы, әйгілі француз лингвисті және ақыны Тьерри-де-Ла-Круа (Thierry de La Croix) әріптестерінің басты міндеті аударманың жоғары көркемдік деңгейін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
“Бұған бізге Қазақстанға сапар және авторлармен тікелей байланыс көмектесті. Біздің өте танымал шығармашылық ұжымымыз үлкен жұмыс істеді және біз оның нәтижесімен мақтанамыз”, - деді баспагер.
Тұсаукесерге орталық елордалық округтің мэрі Жан-Франсуа Легаре (Jean-François Legaret), Париж мәдени бірлестігінің президенті мадам Карла Аригони (Carla Arigoni), француз оқырмандарына қазақ әдебиетін ұсынған жинақтардың алғы сөзінің авторлары - Франция академиясының тұрақты хатшысы Элен Каррер д’Анко мен әйгілі француз ақыны Вернер Ламберси, сондай-ақ аудармашылар, жазушылар, журналистер және Қазақстанның Франциядағы елшілігінің жанындағы Қазақстан достары клубының мүшелері қатысты.
Қазақстан тарапынан шараға ҚР Президентінің көмекшісі, “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, ҚР Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиев, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.
Аида Балаева өз сөзінде қазіргі қазақ әдебиетінің үлгілерін аудару, жариялау және тарату “Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” жобасының ажырамас бөлігі, оның міндеті - қазақстандық кино, театр, өнер мен музыканы кеңінен насихаттау екенін айтты.
“Бірақ, бәрі әдебиетімізге негізделген, бұл халық рухының өзегі. Сондықтан қазіргі 60 қазақстандық автордың таңдаулы туындыларын бір уақытта БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және басып шығару біздің бүкіл мәдениетіміз үшін маңызды оқиға”, - деді А. Балаева.
Француз тілінде ұсынылған басылымдар барлық ірі французтілді елдерге жеткізіліп, ірі кітапханалар, университеттер мен академиялық орталықтардың қорларына жіберіледі. Жалпы алғанда, 220 миллион адамдық аудиториясы бар 30-дан астам елдегі 5 мыңнан астам ұйым қамтылады.
Заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінің БҰҰ 6 тіліне аудармасы "Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жоба, өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасының маңызды бағыты саналады. "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасының міндеті – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазынасын әлем жұртшылығына таныстыру.
Айта кетейік, біз осыған дейін "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында "Қазіргі қазақ прозасының антологиясы" және "Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы" аудармалары Қытай Халық Республикасының "Ұлттар баспасы" арқылы қытай тіліне сондай-ақ, Мысыр Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы арқылы араб тіліне, Мәскеу мемлекеттік университеті (М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті) баспа үйінің, Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының қатысуымен орыс тіліне, Кэмбридж университетінің баспасы (Сambridge University Press) Ұлттық аударма бюросымен бірге ағылшын тіліне және Сервантес институты арқылы испан тіліне аударылғанын жазған едік.