Ұлыбританияда қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясының тұсаукесері өтті

Ұлыбританияда қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясының тұсаукесері өтті
Фото: inform.kz

Қазіргі заманғы қазақстандық әдебиеттердің үлгілерінің жинақтарын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Кеше, 25 қыркүйек күні қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі тәржімасы Лондондағы Британия кітапханасында тұсауы кесілді. Аталған екі жинақтың ағылшын тіліндегі аудармасын Кэмбридж университетінің баспасы жасап шыққан.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасының маңызды бөлігі саналатын "Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет" жобасы бойынша қазіргі уақытта екі антология бойынша қызу жұмыстар жүріп жатыр. Олар – "Қазақстанның қазіргі поэзиясының антологиясы" мен "Қазақстанның қазіргі прозасының антологиясы". Әрбір антология бес жүз беттен тұрады. Әрбір антологияға 30 қазақстандық автордың еңбектері енеді. Антологиялардың құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар одағының арнайы отырысында бекітілген болатын.

Заманауи қазақ прозасының антологиясына Британия кеңесінің бас директоры, сэр Киарен Девейн алғысөз жазды. Ал қазіргі қазақ поэзиясының жинағына алғысөзді әдебиеттанушы-профессор Джейсон Хардинг жазған.

Ағылшын тіліне аударылған қазақ қаламгерлерінің шығармалары осыдан соң Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия және басқа да ағылшын тілінде сөйлейтін ондаған елдің 8 мыңнан аса кітапханасына, университеттері мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі. 

Қазіргі заманғы қазақстандық әдебиеттердің үлгілерінің жинақтарын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы: "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бағдарламаның бағыттарының бірі - "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы. Оның міндеті - тәуелсіздік жылдарындағы қазіргі қазақ әдебиетінің, музыкалық және бейнелеу өнерінің, хореографияның, кино өнерінің сонымен бірге театр саласының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен табыстарын дүние жүзіне таныстыру.

Тұсаукесер рәсіміне Британия кітапханасының басшылары, Кэмбридж университеті баспасы, аудармашылар, сыншылар қатысқан. 

Елімізден бұл шараға Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын, Ақберен Елгезек, “Рухани жаңғыр” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, ҚР Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысқан.

“Біздің жобамыз 2017 жылы сәуір айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында жүзеге асуда. Оның өзегінде заманауи әлемде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның мәдени және интеллектуалдық потенциалымен өлшенеді деген ой жатыр. Бүгінгі тұсаукесер “Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет” жобасының аясындағы жұмыстың жемісі. Ол қазақстандық әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, театр және кино туындыларын әлемге таныстыруға бағытталған. Бүгінгі жобамыз жүйелі түрде жалғасын тауып, мәдениет аралық қарым қатынастардың ұлғаюына негіз болады деген сенімдемін”, - деді ҚР Республикасы президентінің көмекшісі Аида Балаева.

Сонымен бірге Аида ханым осы игі шараның жүзеге асуына атсалысқандарға алғысын білдіре отырып, бұл жоба ары қарай жалғасын табатынын жеткізді. 

“Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында 60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары тұңғыш рет бірден әлемнің негізгі алты тіліне аударылып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Ұлыбритания, Франция, Испания, Египет, Қытай және Ресейдің жетекші баспа ұйымдары атсалысты. Антологиялар әлемнің 90-нан аса еліне, бес құрлыққа тарайды. Яғни, бұрын-соңды дүниежүзі оқырмандарының қолына түспеген қазақ әдебиетінің үздік үлгілерімен 2,6 млрд адам танысуға мүмкіндік алады”, - деді “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы. 

Қазақ қаламгерлерінің ағылшын тіліндегі аудармасының басты серіктесі – Британия кеңесі. Ал, ең басты серіктес – Кэмбридж университетінің баспасы (Сambridge University Press) Ұлттық аударма бюросымен бірге жолма-жол аударманы әдеби өңдеу, баспаға дайындау, басып шығару, сондай-ақ басылымдарды ағылшынтілді елдерде тарату, жеткізу және насихаттау бойынша кешенді жұмыстарды атқарды.

Айта кетейік, біз осыған дейін "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында "Қазіргі қазақ прозасының антологиясы" және "Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы" аудармалары Қытай Халық Республикасының "Ұлттар баспасы" арқылы қытай тіліне сондай-ақ, Мысыр Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы арқылы араб тіліне және Мәскеу мемлекеттік университеті (М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті) баспа үйінің, Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының қатысуымен орыс тіліне аударылғанын жазған едік.

Т. Раушанұлы