Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" романы Америкада жарық көреді

Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" романы Америкада жарық көреді
Фото: ult.kz

Белгілі жазушы, кинодраматург, күйші, әдебиет зерттеушісі, этнограф, қазақ интеллектуалдарының бірі Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" романы осы жылдың күзінде Американың баспасында жарық көреді. Бұл туралы белгілі мәдениеттанушы, жазушының жары Зира Наурызбаева Facebook парақшасында мәлімдеді.

"Құдай қаласа, Таласбектің "Талтүсі" осы күзде Американың баспасында жарық көреді! Және тарихта алғаш рет қазақ жазушының кітабы өкімет, Самұрық-Қазына, т.с. қаражатына емес, батыстың баспасы өзі шығарып, өзі сатып отырады және отбасымызға аз-маз қаламақы да төленеді. Орыс тілінде жазатын қазақстандық жазушылар арасында ондай бірлі-екілі жағдай болса да, қазақ тілді әдебиет үшін бұл бұрын болмаған жағдай. Әдебиетшілерімізге жұғысты болсын деймін.

Осындай қуанышқа жол ашқан аудармашы Шелли Фэйрвезер-Вега және Шеллимен таныстырған жанашырымыз Зәуре Батаева, "Рухани жаңғыру" аясында Қазақстан Жазушылар одағы, Ұлықбек Есдәулет пен Ақберен Елгезек ұсынысымен аудармаға тапсырыс берген Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасы, жобаға белсенді қатысқан Раушан Жұманиязова, Рүстем Нұркенов, Лиля Калаусқа көптен көп рақмет айтамын!", – дейді жазушының жары.

Айта кетейік, жазушы Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" романы өзінің айтуы бойынша өмірбойы жазылған ғұмырбаяндық роман. Романда жазушы балалық шағындағы естеліктерін, ата-бабаларымыздың бойындағы керемет таланттар мен сол қабілеттердің ұрпаққа берілмей, жоғалып бара жатқандығын қынжыла баяндайды. "Талтүс" романы жазушының "Аштық пен соғыс" атты мақаласымен үндес келеді. Мақалада автор соғыс салдарынан адам ұрпағының кері кету процесін былай түсіндіреді:

"Ұлы даланы мекендеген көшпенділер де осылардың аяғын құшты. Хұн халқының о бастағы нәсілдік құрамы тамаша еді. Оңдаған ғасырға созылған тарих барысында қисапсыз соғыстардағы даусыз жеңістер хұн рухының басқа халықтардан өлшеусіз биік тұрғандығын көрсетеді. Алайда «кері селекция» өзінің қирату жұмысын бастаған. Қағанаттардың заманындағы Білге Қаған, Кұла Шора, Мойын Шора, Күлтегін сияқты тұлғалар Еділ патшамен /Атилла/ салыстырғанда бір мысқал болса да төмен тұр. Түрік генофондының белгілі дәрежеде күшейгенін Шыңғыс хан заманынан көреміз. Бұл түсінікті де. Қағанат құлағаннан кейін ұрыс-соғыс бұрынғыдан аздау, тіпті бейбіт деуге болатын төрт ғасырлық заман өтті. Түрік генофонды «демалып», оңалды. Осылайша Атиллаға пара-пар тұлға Шыңғыс хан дүниеге келді. Содан кейін… қайтадан соғыс басталды. Бүкіл Евразия – майдан даласы. Шыңғыс ханның «Мәңгі елі» азын-аулақ жалдамалы әскерді есептемегенде толықтай, кейіннен Қазақ Ордасын құрайтын рулардан тұрған. Тағы да майдан даласында қазақтың ең ғазизлеген қаны төгілді. Тарих сахнасында декорациялар ауысты. Сүйегі саудыраған Алтын Орда құлады. Көк Ордадан қазақ тайпалары бөлініп шықты да, Моғолстанның іргесінен Қазақ Ордасының туын тікті. Тағы да соғыс. Бұл соғыстардың ең қорқыныштысы екі жарым ғасырға созылған қалмақ соғысы еді. Енді генофондқа ешқандай дамыл жоқ. Қазақтың ең үлкен биологиялық шығыны да осы қалмақ соғысынан болды.

Соғыс пен аштық халықтың құрамы мен қабілет-қасиеттеріне қандай әсер етеді?

1. Соғыс өрті ең алдымен халықтың еңбекші бөлігін жалмайды. Соғысқа әдетте 16-18 жастан бастап 50-60 жас аралығындағы ер адамдар, яғни бала-шағаны асырап отырған азаматтар алынады.
2. Соғыс он екі мүшесі бүтін адамды әкетеді. Ақсақ-тоқсақ, ауру, қаңқасы биологиялық тұрғыдан кеміс адамдар соғысқа алынбайды.
3. Соғыс негізінен еркектерді жояды, яғни халықтың жыныстық құрамы өзгереді. Көшпенді қоғамда бұл ауытқу полигамия, яғни көп некелілік заңы арқылы қалпына келеді. Ұлы әмеңгерлік заңының арқасында қазақ халқы жойылмай аман қалды десек, артық айтқандық болмас.

4. Соғыс моральдық тұлғасы биік, кісілікті, ізгілікті адамдарды әкетеді. Сатқындар, қорқақтар, мүскін мен еңкіштер соғысқа алынбайды, себебі ұрыс кезінде ондай адамдарға ештеңені сеніп тапсыруға болмайды.  Соғыста Отан алдындағы парызын терең сезінген адам алдымен өледі. Ондай адамдар тәуекелден бас тартпайды, керек болса тайсалмай өлімге де барады.

5. Соғыс, әсіресе жеңіліске  ұшыраған, аяғы құлдыққа жетелеген соғыс болса, рухани кемел тұлғаларды  жалмайды. Дұшпанның қаупін туғызатын басы биік ерлер, өнерлі, рухы мен сағы сынбайтын азаматтар соғыстан кейін жаудың қолынан қаза табады. Екінші қатардағы еңкіш тұлғалар ғана тірі қалдырылады. Сонымен соғыс ақыл-есі түзу, дені-қарны сау, он екі мүшесі бүтін, моральдық тұлғасы биік, өнерлі, білімділерді бәрінен бұрын жалмайды, ұлттық орасан  шығын осылардың өлуімен басталады. Ажал осы аталған  асылдарды әкетіп, ауру-сырқау, кеміс, қылмыскер, алаяқ пен қорқақ, өнерсіз, білімсіз, енжар ездерді қалдырады."

Т. Раушанұлы