Мұхтар Мағауиннің веб-сайты ашылды

Мұхтар Мағауиннің веб-сайты ашылды
Фото: magauin.com

Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты,  Түркияның Халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығының иегері,  Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі Мұхтар Мағауиннің веб-сайты ашылды.

Жазушының веб-сайты: "Ғұмырбаян", "Қолжазбалар", "Әңгімелер", "Хикаяттар", "Романдар", "Тархи әдебиеттану", "Ой-толғамдар", "Көсемсөз", "Сұхбаттар", "Естеліктер", "Фотогалерея", "Жаңа жазбалар" атты бөлімдерден тұрады.

"Романдар, хикаяттар, әңгімелер барлығы осында. Естеліктері, фотосуреттері, кейінгі жазбалары келешекте толықтырылып отырмақ. Ал сайттың мобильді нұсқасы әзірге ойластырылып жатқан көрінеді. Өйткені шығармалар тым көлемді болғандықтан жүктеп оқу қиындау болады екен.  Қазір шығармаларының 25 томдық "Толық жинағын" баспаға әзірлеп жатыр. Ал бұйырса, келесі жылы атамыз сексеннің сеңгіріне шығады... Жазушының немересі Бату атасының жазған-сызғанын бір жерге осылай жинақтапты. Оқырманға тартуы есебінде қабыл көріңіздер", – деп сүйіншілейді Ая Өміртай.

Жазушы, әдебиет зерттеушісі, әрі тарихшы Мұхтар Мағауиннің қаламгерлік қызметі жиырма жасынан басталады. Алғашқы әңгімелерінен-ақ үлкен көркемдік биікке жетеді. Алайда, көп ұзамай, жиырма бес жасында әдебиет тарихшысы ретінде атаққа шығады: Мұхтар Мағауин Қазақ Ордасы – ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған, бұл кезде мүлде дерлік ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген еді. Бұдан соңғы кезеңде ғылымнан қол үзбесе де, көркем прозаға біржола бет қойыпты. Көптеген әңгіме, хикаяттар, тың тақырып, өзгеше құрылымды романдар жазады. Бұл шығармаларда қазақ халқының өткеннен бүгінге дейінгі өмірі мен тарихындағы елеулі кезеңдер қамтылған. Соңғы жылдарда Мұхтар Мағауин ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайтып оралып, төрт томдық "Шыңғыс хан және оның заманы" атты түбегейлі зерттеу еңбек жазып, жарияға жеткізді. Мұхтар Мағауиннің алпыс жылдық шығармашылық қызметі – жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабында жазған еңбектері бүгінде толық жиырма бес том болып тұр.

Т. Раушанұлы