Бүгін – Ілияс Есенберлиннің туған күні

Бүгін – Ілияс Есенберлиннің туған күні
Фото: kk.wikipedia.org

Бүгін қазақтың танымал жазушысы, қазақ жазушылары ішінде ең көп роман жазған қаламгер, атақты «Көшпенділер» трилогиясының авторы – Ілияс Есенберлиннің туған күні.

Ілияс Есенберлин 1915 жылы қаңтардың 10-ы күні қазіргі Ақмола облысы, Атбасар қаласында туған. 1940 жылы Қазақ таукен институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Жазушының балалық шағы аштық жалмаған зұлмат заманға тап келіп, 5 жасында тұл жетім қалды. Бала Ільяс балалар үйіне тапсырылды. Шығармашылыққа бір табан жақын өскен ол қабырға газетіне өлең жазып тұрды. Мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласына барып, интернат мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Кейін Қарсақпайдағы аудандық атқару комитетінде жұмыс істеді. Жұмыс ісей жүріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түсті. Талантты да талапты бала тез көзге түсіп, 1937 жылы Қазақстан КСР-ның бірінші Конституциясын қабылдаған Қазақстан Советтерінің алғашқы Төтенше съезіне делегат болып сайланды. 1940 жылы институтты аман-есен аяқтап, Жезқазғанға жұмысқа жіберілген. Сол жылы күзде Қызыл әскер қатарына шақырылтып, Рига әскери-саяси училищесінде оқып, соғысқа аттанды.

1942 жылы қатта жарақаттанып, госпитальге түсіп, бір жылдан соң мүгедек болып елге оралды.1947 жылға дейін Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің аппаратында инструктор болып жұмыс істеді.Соғыс аяқталарда, 1937 жылы атылып кеткен әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленіп, қайныенесін АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері болып бес жыл жұмыс істеп өтеді.

Ілияс Есенберлиннің ұрпақтары туралы не білеміз?

Шығармалары 

Ӏлияс Есенберлиннің алғашқы шығармалары 1 МО жылы басылды. Ол көркем әдебиеттің көп жанрында (поэзия, проза, драматургия, кинодраматургия) жазды. Әдеби творчествосын поэзиядан бастады. 1945 жылы «Айша», «Сүлтан» поэмаларын жазды. «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағын (1949) шығарды. Жалынды революционер, большевик Ә. Майкөтовке арналған «Большевик туралы поэмасын» (1957), «Біржан сал трагедиясы» дастанын (1959) жазды. «Өзен жағасында» (1960), «Толқиды Есіл» (1965) повестері, «Айқас» (1966), «Қатерлі өткел» (1967), «Ғашықтар» (1968), «Қаһар» (1969), «Алмас қылыш» (1971). «Алтын қүс» (1972). «Жанталас» (1973), тың туралы «Көлеңкеңмен қорғай жүр» (1974) романдары қазақ әдебиетіне (прозаға) косылған елеулі үлес болды. Кеңес өкіметі жылдарында туып қалыптасқан қазақ интеллигенциясының өмірін, олардың қазақ даласында социалистік өнеркәсіп орнату жолындағы қажырлы еңбегін, ескіліктің адам санасындағы қалдығына қарсы күресті баяндайтын «Айқас» романына 1968 жылы Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Ал тарихи тақырыпқа жазылған «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» трилогиясы қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдерді суреттеген шығарма ретінде танылды. Ӏлияс Есенберлиннің орыс тілінде шыққан «Песня о человеке» (1956) романы 1958 жылы қытай тіліне аударылады. «Таудағы тартыс» (1962) пьесасы Алматыдағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. М. Ерзинкянмен бірігіп жазған «Қүйма» (1961) киносценарийі бойынша жасалған фильм бүкіл кеңес жөне венгр, поляк, болгар экрандарына шықты. 

Ілияс Есенберлин прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылды. Мысалы, «Айқас» («Схватка», 1968); «Қатерлі өткел» («Опасная переправа», 1970); «Ғашықтар» («Влюбленные», 1970); «Қаһар» («Хан Кене», 1971); «Алмас қылыш» («Заговоренный меч», 1973). «Жанталас» («Отчаяние», 1974), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» («Прикрой своим щитом», 1974) деген атпен басылып шықты. «Ғашықтар» романы өзбек тілінде басылды. I. Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазды. Ол К. Д. Ушинскийдің «Әңгімелері мен ертегілерін» (1945), М. Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған «Қызыл дария» (1956) романын қазақ тіліне аударды. Есенберлин Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. 

Өмірінен деректер

• 1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітіріп, Жезқазған рудниктерінде инженер болады
• 1942-1947 жылдар аралығында Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы, 
• 1951 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, 
• 1953-1954 жылдары ҚР Геология министрлігінде аға инспектор, 
• 1954-1955 жылдары Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы,
• 1955-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы,
• 1958-1967 жылдары "Қазақфильм" киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі,
• 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасының директоры,
• 1971-1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы болып қызмет атқарады. 

Жазушы 1983 жылы Алматыда дүние салды. Атбасар қаласындағы мектепке, Алматыдағы бір көшеге І. Есенберлин есімі берілген
Т. Раушанұлы