- Негізгі бет
- Әдебиет
- Ақын-жазушылардың оғаш әдеттері...
Ақын-жазушылардың оғаш әдеттері
Бірде Франц Кафкаға бір замандасы ақын Эрнст Ледерердің өз өлеңдерін ашық-көк сиямен ерекше қағазға түсіретінін айтып берсе керек. Кафка еш таңғалмастан, замандасының бұл әрекетін былай деп түсіндірген екен: "Әр сиқыршының өз дәстүрі бар. Мәселен, Гайдн мейрамдағыдай басына жалған шаш қойып, бетіне опа жағып алып музыка шығаратын болған. Жазу - өз табиғатында рухтарды арбау болып саналады". Мұнымен келіспеу қиын, әрине. Шынымен, жазушылар – "оғаш" халық. Олардың құбылмалы мінез-құлқын айтса да жеткілікті. Дей тұрғанмен, дәл осы "оғаш әдеттері" олардың жазуына көмектескен шығар...
Ақын Жұмекен Нәжімеденов жыр жазғанда сіріңкенің талдарын бір-бірлеп майдалап сындырып отырады екен. Мұның сырын ақын түсіндіріп жатпапты.
Ал жазушы Асқар Сүлейменов күндіз ұйықтап, түні бойы кітап оқып, жазу жазатын болған. Тіпті, ел аузында бір шығармасын шақпақ сыртына жазды деген де әңгіме бар.
Жазушы Тәкен Әлімқұлов қақаған аязда желең жүреді екен. Үйден жалаңбас шығатын болған. Мұның сырын ол қан қысымын төмендетуге көмегі тиеді деп түсіндірген.
Қаламгер Тынымбай Нұрмағамбетов үйренген автоқаламын сынғанша қолынан тастамай, ішін ғана ауыстырып отырады екен: "Мен тек автоқаламмен жазамын. Жазуды бастағалы бері автоқаламымды екі-ақ рет, асып кетсе үш рет ауыстырыппын. Қырық жылға жуық уақыт ішінде ұстағаным – үш-ақ қалам. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. Ырым. Сенім" – депті.
Вирджиния Вулф
Ағылшынның модернист жазушысы Вирджиния Вулф: "...Егер әйел жазғысы келсе, оған керек-жарақтар мен жеке бөлме қажет" – деген. Вульфтің тапқыр ойларының бірі түске байланысты, Эрнст Ледерер секілді ол да жұмыс барысында түрлі түсті сия сауыттарын пайдаланған. Жасыл, көк, қызыл дегендей. Ішінен күлгін түсті қатты ұнатыпты. Сонымен бірге, "Миссис Дэллоуэйдің" авторы тік тұрып жазатын болған. Оған ол арнайы жасалған мольбертті пайдаланыпты.
Роальд Даль
Әйгілі әңгімеші Роальд Даль жалғыз жұмыс істеуді құп көрген. Ол өз үй ауласының алдындағы кішігірім сарай ішінде майысқан орындығына жайғасып, кестеленген сары блокнотты тізесіне қойып, қарындашпен жазатын болған. Бір қызығы, сарай ішінде үстел болмаған екен. Роальд Даль бұл әдетін суық күндері де тастамаған. Сарай ішінде жаурап қалмау үшін, ол ұйқы қапшығында отырыпты.
Чарльз Диккенс
Ағылшын жазушысы Чарльз Диккенс мәйітханаға баруды жақсы көріпті. "Көзге көрінбейтін беймәлім бір күш мені мәйітханаға тартады да тұрады" – деп жазады Диккенс. Қай қалаға бармасын, бірінші мәйітханаға соғып, ондағы суып қалған жан мен тәндердің арасында бірнеше сағат уақыт өткізіп, өлілерге "сүйсінеді" екен. Десе де, ол өзіндегі бұл сезімді "жиіркеніш тартылысы" депті.
Антон Чехов
Жазушы Антон Чехов қысқа ғұмырында өзіне көп міндеттер жүктеген екен. Бір бекінген нәрсесі болса, аяқтамай қоймаған. Сонымен бірге ол мұнтаздай таза киініп, жинақы жүруге тырысқан. Жазушы өз үйінде монахтың жеке бөлмесіндей ерекше тәртіп пен рәсім орнатып өткен: "Адамда бәрі жақсы болуы тиіс: беті болсын, киімі болсын, жаны болсын, ойы болсын".
Чехов өзінің сырт келбетіне мұқият қарағаны соншалық, үлкен дертке шалдыққан күндерінде де қонақ алдына халатпен шықпауға тырысқан. Тіпті демалыс күндері үйде костюммен жұмыс істеген.
Агата Кристи
Детектив жанрында 78 роман жазған автор өзінің шығармаларындағы шытырман оқиғаларды алма жеп отырған кезінде, ыдыс-аяқ жуып тұрған сәтінде ойластыратын болыпты. "Ыдыс-аяқ жуу кезекті қылмысты дүниеге әкеліп, алма болса оқиға желісін шиеленістіре түседі" – деп түсіндірген қаламгер.
Агата Кристидің шығармашылықтағы тағы бір басты қасиеті – жазушы кез келген жерде жаза беретін болыпты. Мейлі, далада болсын, көлікте болсын, тіпті, қарбаласқан сәттерде де қолынан қалам түспеген екен. Мұның сырын ол көп уақыт бойы өз үйінде жазу үстелінің болмауымен байланыстырған.
Уильям Вордсворт
Тумысынан романтик ақын табиғатты іңкәрлік пен күлкі-қуаныштың, түпсіз терең шабыт пен тұңғиық қолдау көрсетудің көзі деп санаған. Соған шын сенген. Әрине, егер оны жүрегімен түсіне алар бір жан табылса.
Вордсворттың танымындағы табиғат ерекше қызық болып көрінер еді. Бұған себеп, ақынның шығармаларына бірінші иті куә болған. Ол оған өз поэмаларын оқып берген. Егер иті үріп, мазасызданып кетсе, қаламын қайта алып, әлгі шығармасын өңдеп шығатын болған.
Федор Достоевский
Достоевский адамдармен сырласуға көп құмартқан жазушы. Ол жаңа адамдармен танысып, жолай өткен жүргіншімен әңгімелесіп қалуға тырысатын болған. Достоевский диалогты өзі бастап, әңгімелесушіден дүниедегі бар-жоқтың бәрін сұрап, көздерінен көз алмай, тік қарап тілдесіпті. Жазушы осылай болашақ шығармаларына материал жинап, кейіпкерлердің образын жинақтайды екен.
Достоевский ойлары піскен күні бір бөлмеге кіріп алып, ас пен ұйқысыз бірнеше күн қатарынан жұмыс жасайтын болыпты. Үй қызметкерлері бірде оның даусын естісе, енді бірде оның бөлме ішін кезіп, шарқ ұрып жүргенін біледі екен. Бір күні "Қылмыс пен жазаны" жазып жатып, ол Раскольников пен кемпірдің арасындағы пікірталасқа ерекше құлаш ұрып, ауызша қайталай беріпті. Бұл дауыстан ауыз бөлмедегі малай қорқып кетіп, жазушының үйінен кетпекке бекінеді. Әлгі малай Достоевскийдің біреуді өлтіргелі жатқанына еш күмәнданбаса керек...
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Massaget.kz