Жетісуда "Үмбетәлі Кәрібаев оқулары" мәресіне жетті

Жетісуда "Үмбетәлі Кәрібаев оқулары" мәресіне жетті
Фото: massaget.kz

Алматыдан Ұзынағашты бетке алып шыққанымыздан жарты сағат өтпей-ақ алдымыздан "Ақындар мен батырлар елі" деген жазу көзіме оттай басылды. "Қазақта қара сөзге дес бермедім" деген ұлы һәкім Абайдың сөзі есіме түсті. Иә, қазақта қара сөзде алдына жан салмаған хас жүйріктей қаншама дүлдүлдер болды. Соның біразы осы Жетісу даласында тұяғы қызғанша шапты. Жетісу даласы – ән мен күйдің, өлең мен жырдың алтын бесігі. Бұл бесікке қазақтың мен-мен деген тау тұлғалы сал-серілері, ақындары, жыршы-жыраулары бөленді. 

Біз бүгін сондай халық ақындарының бірі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі болған Үмбетәлі Кәрібаевтің атына ұйымдастырылған байқауға бара жатырмыз. 


Үмбетәлі Кәрібаев бала кезінен-ақ өлең-жырға қызығып, өзі домбыра жасап айтысқан. Алғаш 12 жасында жыр алыбы Жамбылды көріп қатты тәнті болыпты. Жасы он сегізге толғанда арнайы Жамбылды іздеп келіп:
– Жасыңнан ақын Жамбыл атанғаның,
Атақты Сүйінбайдан бата алғаның.
Шәкірті Сүйінбайдың болғаннан соң,
Үйіңде тыныш қана жата алмадың.
Әдейі ат арылтып інің жетті!
Қолыңды жай келеді бата алмағым, – дегенде Жамбыл ақын:
– Қара сөзге жүйрік екенсің, – деп батасын беріп, ақ жол тілеген екен. 

80 жылдық ғұмырында Үмбетәлі ақын Кенен Әзірбаевпен төс қағыстырып дос болған. Орынбай, Иса, Кенен, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Жақсыбай сынды белгілі халық ақындарымен айтысқан. Қырғыз жыршылары Оспанқұл, Жаманқұлдармен, қазақ зиялылары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлиндермен және орыс жазушысы Михайл Шолоховпен шығармашылық байланыста болған.

Кемеліне келіп, Үмбетәлі бір жиында бет қаратпай барлық ақынды жеңіп отырғанда Жамбыл ақынның өзі келіп айтысқа шақырыпты, сонда Үмбетәлі тұрып: 
"Сіз менің бата алған ұстазымсыз, айтыспаймын. Бас жүлде сіздікі" деп өз қолымен апарып берген екен. Жыр алыбы Жамбыл:
– Мен сені келіп едім сынағалы,
Бұйырған алып жүрмін сыбағаны.
"Қара жорға" деп саған ат қоямын,
Сөзімнің болсын осы тиянағы, – деп риза болып, "Қара жорғам" деп атаған екен. Содан бері Үмбетәлі ақын өлең-сөздің қара жорғасы атанып кеткен деседі... 


Үмбетәлі Кәрібаев ауылында өтіп жатқан байқауға ауданнан 18 мектеп үкілеп 22 қатысушысын алып келіпті. 5-11 сынып аралығында өткен байқау 4 кезеңнен тұрды. Бірінші қатысушылар Үмбетәлі Кәрібаевтің қанша өлеңдерін жаттағанын дәлелдесе, екінші кезең бойынша ақынның шығыс қиссасының желісімен жазылған "Үш өнерпаз" дастанын қаншалықты деңгейде жаттағандарын паш етті. Үшінші кезең бойынша қатысушылар ақынға өздері жазған арнау өлеңдерін оқыды. Соңында қатысушылар әділқазылар алдында Үмбетәлі Кәрібаев шығармасы мен өмірі бойынша құрастырылған сұрақтарға жауап берді. 


Аталған басқыштар бойынша жүзден жүйрік шыққандарды әділқазылар бағалап отырды. Әділқазылар алқасы құрамында: 
Жамбыл ауданы білім бөлімінің тәрбие саласы бойынша бас маманы – Зейноллаева Әлия Оханқызы, Үмбетәлі ақынның қызы, ұлағатты ұстаз Әлия Үмбеталина, ақынның немересі, Үмбетәлі Кәрібаев мұражайының директоры – Ысқақов Әуелбек Мұсаханұлы, және Рысқұлов мектебінің мұғалімі Ергедіров Байкенже Тұрсынұлы болды. 

Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Үмбетәлі Кәрібаев атындағы мектептің оқушысы – Әсемай Сапарбай иеленді. 


Жарыс жүлдегерлері: 

Бірінші орын, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы жүлде: Жұмабеков Әлихан, Т. Бокин атындағы мектеп оқушысы; 
Екінші орын, ақын Майлыбаев Әсімхан атындағы жүлде: Игілік Мусина, Тарғап орта мектебінің оқушысы; 
Екінші орын, ақынның немересі Ысқақов Әуелбек атындағы жүлде: Ақбота Бақтияр, Жайсаң мектебінің оқушысы; 
Үшінші орын үшеу, ардагер ұстаз Нөсербаева Жібек Жайнабекқызы атындағы жүлде: 
Нұртаза Қанат, Ақтерек мектебінің оқушысы; 
Дана Ахметқызы, Қарғалы мектебінің оқушысы; 
Айдана Серікбай, Тарғап мектебінің оқушысы; 
Ал, қалған оқушылар да жүлдесіз қалмай ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Байқау соңы мерекеге ұласып, оқушылар ақынның сөзіне жазылған "Ана" әнін орындады. 

Ауыл және аймақтық байқаулардан сүрінбей өтіп келген қатысушылар аудандық "Үмбетәлі Кәрібаев оқуларына" жоғары дайындықпен келгенін көрсетті.


Байқауды ұйымдастыруға мұрындық болған "Үмбетәлі Кәрібаев" атындағы мектептің директоры Асымханова Оксана Тастанқызы: "Жылда өтетін Үмбетәлі Кәрібаев оқулары биыл аудан көлемінде үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсатымыз оқушыларды шығармашылыққа баулып, халық ақындарымен таныстыру. Келесі жылы Үмбетәлі Кәрібаевтің 130 жылдығына байланысты байқауды облыс көлемінде атап өтсек деп жоспарлап отырмыз. Біздің мектептегі оқушылардың ең алды ақынның 70-80 өлеңін жатқа біледі. Алдағы уақытта сол бағыт бойынша жұмыс жасайтын боламыз", – деп болашақтағы жоспарларымен бөлісті. 

Жамбыл ауданы білім бөлімінің тәрбие саласы бойынша бас маманы – Зейноллаева Әлия Оханқызы: "Үмбетәлі Кәрібаев оқулары аудандағы Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы әдеби жобаның бірі. Үмбетәлі оқулары осымен бесінші жыл қатарынан өтіп келе жатыр. Жылдан жылға балалардың саны да өсіп, жаттау дәрежесі де артты. Бес жыл бойы ақынның бір поэмасы бойынша байқау ұйымдастырсақ, келесі жылдан бастап басқа да поэмаларын қосуды көздеп отырмыз. Бірінші жылдары оқушылар ақынның 10-15 өлеңін жаттап келген болса, қазір 40-50 өлеңін жатқа айтады. Аудандағы 62 мектепте 30 мыңға жуық оқушы бұдан кейін де ақындардың өлеңін жаттап, өзінің өлкетануына үлес қосып, поэзиямен сусындап өседі деген ойдамын", – деп байқау туралы өз ойымен бөлісті. 
 
 
Шара соңында "Effective Media Liaison" (Tengrinews.kzVesti.kz және Massaget.kz) ЖШС директоры Сұңқар Қарабалин  ақынның немересі, Үмбетәлі Кәрібаев мұражайының директоры – Ысқақов Әуелбек Мұсаханұлына мұражайдың ашылуына үлкен үлес қосқаны үшін Нөсербаева Жібек Жайнабекқызына 1981 жылы берілген мақтау қағазының түпнұсқасын тарту етті. Және әр аймақтан келген мектеп ұстаздары мен "Үмбетәлі Кәрібаев" мектебіне Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің өміріне арналған кітап пен Әуелбек Ысқақтың "Тұлпардан қалған тұяқ ем" шығармасы сыйға тартылды.
 
 
1936 жылы Мәскеудің 10 күндік декадасына Жамбыл Жабаевпен бірге Үмбетәлі Кәрібаев те шақырылды. Сол кезде Қазақстан Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов бір топ ақындарды қарсы алып, үйінде 2-3 күн қонақ етеді. Кейіннен Үмбетәлінің шәкірті Әсімхан Қосбасаров пен басқа да көнекөз қариялардың айтуымен Ұзақбай Құлымбетов пен Үмбетәлі Кәрібаев жиі араласқаны белгілі болды. Қазір Үмбетәлі ауылында екі тұлғаның құрметіне екі көшеге Ұзақбай Құлымбетов пен Үмбетәлі Кәрібаев есімдері берілген. Айта кетейік, Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов ауыл мұғалімінен Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне дейін жоғарылаған тұлға. Астананың Қызылордаға, одан Алматыға ауысуына атсалысқан. 1937 жылғы зобалаң кезінде халық жауы ретінде атылып кетті. Тек 1958 жылы ғана ақталды...
 

Байқау соңында мектепті аралап, ардагер ұстаз Нөсербаева Жібек Жанайбекқызының атына берілген "Қазақ тілі мен әдебиеті" кабинетіне арнайы бас сұқтық. Айта кететін жайт, әулетінен ұстаздықты мұрат тұтқан ерлі-зайыпты қос ұстаз – Болат Қарабалин мен Нөсербаева Жібек Жанайбекқызы Үмбетәлі ауылына 1975 жылы көшіп келеді. Мектепте Болат Жолмұратұлы дене шынықтыру пәнінен, ал Жібек Жанайбекқызы қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ бере жүріп, Үмбетәлі ақынның шығармашылығына терең бойлап, ақын турасында зерттей бастайды. Бастапқыда оның шығармашылығын таныту мақсатында сыныпта бұрыш ашылса, кейін мектеп дәлізінде стенд қойылады. Әр жылдары Жібек Жанайбекқызы Үмбетәлі Кәрібаевтың 90 және 100 жылдығына орай салтанатты шаралар ұйымдастыруға белсенді араласады. 80 жылдары Жібек Нөсербаеваның бастамасымен ақынның музей-үйі ашылып, кейін ол мемлекеттік музейге айналды. Мектепте 40 жылдан аса уақыт жұмыс істеген Нөсербаева Жібек Жанайбекқызы "Еңбек Қызыл Ту" орденімен, "Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі", "Жоғары категориялы мұғалім" атақтарын алады.  40 жылдан астам ауыл мектебінде жұмыс істеп, көптеген ұрпаққа білім мен тәрбие берген қос ұстаз 2014 жылы "Жамбыл ауданының құрметті азаматы" атанды. Бұл марапаттың төсбелгісі аудан бойынша тұңғыш рет ерлі-зайыптыларға тағылды. 

2015 жылы 40 жылдық ауданның ағарту ісіне сіңірген еңбегі мен Үмбетәлі Кәрібаев шығармаларын болашаққа жеткізуге қосқан үлесі үшін Үмбетәлі Кәрібаев атындағы мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне Нөсербаева Жібек Жанайбекқызының аты беріледі. 

Басын қырау шалған Алатауды әрі аттап, батысты қызыл жалынға бояған Күн де ұясына қонып бара жатты. Аспанында талай бұлбұлдар сайраған, төсінде талай дүлділдер шапқан Жетісу даласына кім келіп, кім кетпеген. Бұл уақытта біз де "Ақындар мен батырлар елінен" қайтып бара жаттық...
Т. Раушанұлы