- Негізгі бет
- Әдебиет
- Алматыда 6 тілге...
Алматыда 6 тілге аударылған шығармалардың тұсаукесері өтті
22 қараша күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада Елбасының «Рухани жаңғыру: жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында әлемнің алты тіліне аударылған шығармалардың тұсаукесері өтті.
Қазіргі заманғы қазақстандық әдебиеттердің үлгілерінің жинақтарын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы: "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бағдарламаның бағыттарының бірі - "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы. Оның міндеті - тәуелсіздік жылдарындағы қазіргі қазақ әдебиетінің, музыкалық және бейнелеу өнерінің, хореографияның, кино өнерінің сонымен бірге театр саласының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен табыстарын дүние жүзіне таныстыру.
Іс-шараның шымылдығын ашқан Ұлттық кітапханананың директоры Жанат Тұрарұлы аударылған кітаптар шетелдердегі кітапханалары мен кітап дүкендеріне таратылатынын айтты. «Кітаптарды тағы бір тарату жолы жыл сайын бүкіл әлемде 80-нен астам кітап көрмелері өтеді. Біз сол көрмелерде осы аударылған кітаптарды қоямыз. Бұл кітаптар тек шет елдерге ғана емес, облыстық кітапханаларға да тегін таратылатын болады», – деді.
Кітап сериясында С. Елубайдың «Ақ боз үй», К. Салғаринның «Қазақтар», Д. Исабековтың «Қарғын», О. Сүлейменовтің «Язык письма: Взгляд в доисторию о происхождении письменности и языка малого человечества», Б.Нұржекеевтің «Әй-дүние-ай», Ш.Мұртазаның «Бойтұмар», М. Әуезовтің «ГЛАВПОЧТАМТ», Ш. Күмісбайұлының «Балалық шақ - балдәурен» шығармалары ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріндегі аудармалары ұсынылған.
Кітап авторлары алты тілге аударылған кітаптардың тұсауын кесті. Естелік үшін кітаптарына қолтаңба қалдырды. Осыдан соң шығарма авторлары аударма туралы, аударманың сапасы, «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істер туралы сөз сөйледі.
Алғаш болып сөз алған Қазақстанның халық жазушысы, ақын Олжас Сүлейменов: «Қазір оқырмандар азайып кетті. Қазіргі оқырмандар кітап алу үшін кітап дүкендеріне бармайды. Бүгінгі игі бастаманың арқасында әлем қазақ әдебиеті деген әдебиеттің бар екенін, қазақтардың өзі ұмыта бастаған сөз өнерінің тірі екенін білетін болды. Соңғы 30 жылдан бері мұндай игі бастамалар қашан өткізілгені есімде жоқ. Ақыр аяғында біз оянуды бастадық. Бұл өте маңызды! Мен кітапты ашып отырып бірнеше қателерді байқадым. Бірақ қателер уақыт өте келе тәжірибенің арқасында түзеледі. Бұл маңызыды емес. Маңыздысы біз алғашқы қадамды қойдық», – деді.
Қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезұлы өз шығармасының аудармасын мұқият қарап шыққанын, болашақта қателер жібермеу керек екенін айтты. «Бұл менің шығармам, менің жанайқайым! Алғаш рет ағылшын тіліне аударылып отырғанына ризамын. Болашақта аударма сапасына көңіл бөлейік. Егер аударма нашар болса ұятқа қаламыз», – деді.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеев: «Жалпы, бүгінгі бастама жақсы. Бір халықтың әдебиетін екінші бір халыққа таныстыру өте дұрыс. Бірақ күдігіміз де жоқ емес. Жазушыны жазушы ғана аудару керек деп ойлаймын. Ал аудармашылардың бәрі жазушы емес. Болашақта осындай олқылықтар ескерілсе екен», – деді.
Жазушы Смағұл Елубай «Осыдан 15 жыл бұрын Прагада Нью-Йоркта шыққан әлем әдебиетінің анықтамасын қарадым. Сол жерде орыс әдебиеті бар екен. Оның ішіне Айтматов пен Сүлейменовты қосып қойыпты. Орта Азия әдебиеті – қазақ әдебиеті, өзбек әдебиеті, қырғыз әдебиеті деген жоқ ол жерде. Таңғалдым. Сөйтсем таңғалатын түгі де жоқ екен. КСРО құрамына кірген халықтың бәрі орыстар болып есептеледі екен.
Міне, ел басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында қазақ әдебиеті әлемнің алты тіліне аударылып отыр. Сол үлкен жобаның тұсауын біз тұңғыш рет кесіп отырмыз. Америка сияқты үлкен елдерде қазақ әдебиетін ешкім танымайды. Бұл масқара жағдай. Міне, сол олқылықты толтыру үшін осындай игі бастамалар қолға алынып, соның бүгін жемісін көріп отырмыз. Бірақ бір мәселе, біз оның сапасы қаншалықты екенін білмейміз. Тек жақсылыққа жориық. Бұл кітаптарды интернетке, «amazon» сайтына салу керек деп ойлаймын.
Тағы бір әдіс шет елдерде кітаптарды әдеби агент таратады. Өйткені олар содан пайда көреді. Пайда табу үшін барлық мүмкіндігін пайдаланады. Біз соны іске әлі қоса алмай жатырмыз. Бұл жобаны тарататындар әзірге белгілі бір мекемелер. Болашақта осындай қателіктерді жөндеу керек деп ойлаймын. Әзірше осы қадамымызға да шүкір деу керек. Осы жобанының іске асуына еңбек сіңіргендерге бүкіл жазушы қауымның атынан алғысымды білдіремін», – деді.
Тұсаукесерде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ел тарихы мен халықтың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарау мүмкіндігі назарда болатын жаңа «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да талқыланды.
Айта кетейік, біз осыған дейін "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында "Қазіргі қазақ прозасының антологиясы" және "Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы" аудармалары Қытай Халық Республикасының "Ұлттар баспасы" арқылы қытай тіліне сондай-ақ, Мысыр Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы арқылы араб тіліне және Мәскеу мемлекеттік университеті (М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті) баспа үйінің, Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының қатысуымен орыс тіліне аударылғанын жазған едік.