Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Исраил Сапарбай: "Шәмші ағаның аманатын орындап жүрмін"

Исраил Сапарбай: "Шәмші ағаның аманатын орындап жүрмін"

Исраил Сапарбай:

Махаббат жыршысы, лирик ақын – Исраил Сапарбайдың есімі оқырман қауымға таңсық емес. Өлеңнен басқа 150-дей әннің авторы, сазгер, драматург ағамыз биыл көктемде жетпістің жетеуіне келді. Ақынды кездесуге шақырып, шығармашылық өмірінде не жаңалық болып жатқандығы туралы сұрап, бір ауыз тілдескенді жөн көрдік.

1. Қазір шығармашылығыңызда не жаңалық, не жазып жүрсіз? 

Мен 80-жылдардың басында Алматыға келдім. Бұрынғы Алматы тып-тыныш, ауасы тап-таза болатын, қазіргі Алматының уы да, шуы да көбейіп кетті. Жалпы, қазақтың табиғатына дала жақын, дархандық жақын. Ал қала – қазымыр. Даладан қалаға келген қазақтың болмысы өзгеріп кетті және осының бәрі көз алдымызда болып жатыр. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Жаңа өзің сұрап отырсың ғой - шғармашылығым туралы. Сол үшін, жазу үшін мен 10 жыл бұрын мынау тұрған іргелес Қаскелеңге көштім. Маған жақсысы - тыныш жер, тауға жақын. Менің жасымда жазу үшін денсаулық керек. Денсаулық деген не? Денсаулық деген – көңіл-күй. Басың ауырып, балтырың сыздаса, көңіл-күйің болмайды. Өтіп жатқан күніңе риза болмайсың. Ондай адамнан шығарма қайдан тусын?! 

Жаңа мені осында бір кісі әкеліп тастады. "Аға, сізді танимыз, өлеңдеріңізді оқимыз" деп құрақ ұшты. Егер мені халық танып жатса, онда қазаққа, қазақ руханиятына титтей де болса еңбегім сіңді деп ойлаймын. Бұл да бір тәубе. Құдайға шүкір, өлең жазылып жатыр, ән де туып жатыр. Шәмші ағамыз Мұхтар (Шаханов) екеумізге "екеуің де ақынсыңдар, ән де жазасыңдар, менің жолымды жалғастырыңдар" деп аманаттап кеткен. Мен сол аманатқа қиянат қылмайын деп өткен жылы тура осы мезгілде 150-дей әніме республикалық конкурс өткіздім. Мұның бәрі не? Мақтаныш емес, әндерім халыққа жетсе екен деген мақсат. Содан бері бір жыл өтті ме? Міне саған көрсетейін (Смартфондағы жаңа әндерін көрсетті). Осында 60-70 ән бар. Ал мен нота білмеймін. Музыкалық сауатым жоқ. Бірақ, телефонды қалтама салып жүрем, ән келе қалса, соны осында түсіріп алам. Бұған енді 1 айдай отырып сөз жазуым керек. 


2. Сонда соңғы уақытта әнге көбірек көңіл бөліп жүрсіз бе? 

Жоқ, соңғы уақытта драматургияға көңіл бөліп жүрмін. Ән мен жыр өзі келе береді. Қазір пьеса жазып жатырмын. Осыдан 6-7 жыл бұрын сюжетін түсімде көрген дүниені қағазға түсіріп жатырмын. Адамның психологиясына әсер ететін дүние болмақ. Соның бірінші бөлімін бітірдім. Енді екінші бөліміне отыруым керек. Бірақ анда-мұнда шақырады. Көңілдерін қимайсың. Дегенмен, пьеса көкейде тұр. Қысқа дейін бітіруім керек. 

Мен пьесаны сахналық тілмен жазбаймын. Поэтикалық тілмен, яғни, өлеңнің тілімен жазамын. Алғашында сыншылар сынап жүрді. Бірақ мен көндірдім бәрін. Сахнадағы Дулыға, Бекжан Тұрыстар менің поэтикалық пьесамды жақсы көреді. Кез келген жерде жатқа айта береміз дейді. 


3. Сіз ең алдымен ақынсыз ғой. Сіздіңше, әйел деген кім? 

Ең бірінші, әйел  Адам атаның жары. Әйел деген ана. Адам ата мен Хауа анадан ұрпақ тарап бүгінде 7 миллиардқа жетті. Соның бәрі махаббаттың арқасында. Жалпы әйел дегеніміздің өзі дұрыс емес. Мысалы, мына өзбектер хатын дейді. Түріктер хатун дейді. Дұрысы сол хатун. Оларға әйел десең, олай атап қорламаңдар дейді. Хатун деген "Ха тун" түннің иесі, түннен де сұлу деген мағынаны береді. Орыстар "женщина" дейді. Бізде "ханым" десе, қырғыздар "айым" дейді. Әр ұлттың өз көзқарасы бар ғой. Жалпы әйел дегенді "ана" деп қабылдауымыз керек. 

4. "Мен қазақ қыздарына қайран қалам" деп жыр арнаған ақынның бүгінгі жастарға көңілі тола ма? 

Ол 86-жылғы желтоқсан оқиғасында бір күн қатысқан кездегі туған өлең ғой. Сол кездегі қазақ қыздарының рухына қойылған ескерткіш өлең. Ол кезде Абай даңғылы бойындағы "Жалын" баспасында істеймін. Сол күні жұмыстан кейін алаңға бардым. Тұсымыздан өте берген топтың ішінен бір қазақ қызы: "Сендер неге тұрсыңдар?! Жігіт болсаңдар бізге қосылыңдар, мігіт болсаңдар көзіме көрінбеңдер!" – деп айқайлады. Соны айтуы мұң екен, көкірегімде намыс оты қайнап, мен де қойып кеттім. Жеңіл киініп барғанмын әрі ертеңгі жұмысымды ойлап он бірге таман үйге қайттым. Ол кезде арты сойқан боларын қайдан білейін?! Кейде өзімді кінәлі сезінемін, бірақ қолдан не келеді?! Көшеде бір көлік жоқ, үйге қарай он шақырым жаяу тарттым. Жол бойы әлгі қыздың саңқылдаған даусы құлағымнан кетпей қойды. Әлия мен Мәншүк сияқты қазақ қыздарының бойындағы қайсарлығына тамсанып, "Мен қазақ қыздарына қайран қалам" деген сөз оралымдары ойыма орала берді. Үйге барған соң бірден ақ қағазға жармастым. 17 шумақ өлең көңіліме құйылып келді дейсің. Қазір соның төрт-бесеуін ғана айтып жүр. Мұны қазақ қыздарына өлеңнен соққан ескерткішім десе болады. Мен әлі күнге дейін қазақ жігіттерінен гөрі қыздарында рух басым деп ойлаймын. Ол кездегі алаңдағы 25 мың адамның 2/3-сі қыздар болды. Неге 2/3-сі жігіттер болмады? Осыдан-ақ көрініп тұр. Біздің асыл тұқымдығымыз, генетикалық тазалығымыз қазақ қыздарында сақталған. Сондықтан қазақ қызына шет ел адамдарының көзі түседі. Қызығады. Соларға үйленсек дейді. Содан соң, қазақ қыздары шет ел жігіттеріне тұрмысқа шығып жатыр деп кінәлап жатыр. Мен бұған қосылмаймын. Кінә - өзімізден. Еркек өз күнін өзі көреді. Қыз бала нәзік. Оларға деген қамқорлығымыз азайып кетті. Мен кездесу өткізем, сұқбаттасам, тілдесем... Сондай уақыттарда қыздардан сұраймын: "Қыздарым, осы сендердің шәкіртақыларың қанша?" деп. Мен де кезінде студент болдым. Сонда білгенім олар 25 мыңдай алады екен. Оны да үздік оқысаң алады екенсің. Қалғандары не істейді? Баяғыдай ауыл жоқ... Демек олардың студент кезінде жұмыс істеп кетуіне өзіміз жағдай жасап отырмыз. 25 мыңмен қалай өмір сүреді? Бойжетіп отырған қыз қыдырғысы келеді, кино, театрға барғысы келеді. Демек, біз соған итермелеп отырмыз. 

5. Поэзияда кімдерді өзіңізге ұстаз тұттыңыз, қай ақындардың әсері көп болды?
 
Ұстаздық жас кезде, өлеңге алғаш қадам басқанда ғана болады. Менен 4 жас үлкен туған ағам бар еді, қайтыс болып кетті. Ол да өлең жазған ақын еді. Бірінші, сол ағамның әсері көп болды. Екінші, мектепте оқып жүрген кезімізде әдебиет пәнінің мұғалімі Елтай Ермағанбетов ағамның әсері көп болды. Осы екеуі - менің алғашқы ұстаздарым. Ал кейіннен Алматыға келгенде әсер еткендерді ұстаз демеймін, оларды рухани әкелерім деймін. Дер кезінде анадан-мынадан құтқарды, көмектесті. Ешкімім болған жоқ. Ең алдымен айтатын рухани ұстазым – Сырбай Мәуленов. Содан соң, Қасым Қайсенов. Осы екі кісі маған - рухани әке. Мен әкемнен ерте айрылған адаммын. Алматыға алғаш келгенде олар маған көңіл бөлді, қамқор болды. "Олай жаз, былай жаз" демесе де, барған жерлерінде бірге алып жүрді. Мен сол кісілерге ұқсағым келді. Сырбай Мәуленов қандай лирик ақын?! Қасым Қайсенов — батыр. Ал ақын мен батыр әкем болған соң, маған екеуінің де қасиеті жұқты (күлді). Екеуі де бар менде. Батыл айтамын, батыл жазамын. Кешегі Қадыр, Тұманбай ағаларымыз олар маған ұстаз емес, аға болды. 40 пен 45-тің арасында кеткен Кеңшілік, Жұматай, Жарасқандар менің достарым болды. Олар менен 3-4 жас кіші болғанымен, бірге жүрдік, бірге тұрдық. Олар ерте кетіп қалды, еш уақытта ұмыта алмаймын. Осы күнде де түсіме кіреді. Кейде өзімді жалғыз сезінемін. Әрқайсысы классик ақын еді. Бірақ солардың өзін ұмыта бастадық. Қазір енді өзім ұстазбын. Шығармашылық байланыстағы інілерім бар.
0
Рейтинг: +5

Фото: Yernar Almabek
Қосылған күні: 01 қазан 2018, 17:27

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.