Биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілмейтін болды. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарлады. Алғашында мұндай шешімді Швед академиясы қабылдаған. Ал Нобель комитеті бұл шешімді қолдап отыр. Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы 1943 жылдан кейін бірінші рет берілмейді екен. Ол кезде Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты кейінге шегерілген еді. Биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының берілмеуіне басты себепкер тұлғаның бірі француз фотографы Жан-Клод Арно. Оның әйелі Швед академиясының қызметкері ақын Катарина Фростенсон екен. Ол әдебиет саласы бойынша марапат иегерін анықтайтын тұлғалардың бірі. Ал оның күйеуі Жан-Клод Арно әйелдерге зорлық-зомбылық жасағаны бойынша істі болып отыр. Қазіргі таңда бұл сала бойынша жеңімпаздарды анықтайтын Швед академиясы мамандары өз еріктерімен қызметінен кеткен. Оларға жеңімпаз иесін алдын ала хабарлап қойды деген айып тағылып отыр. Осыған дейін ресми хабарлама шыққанша әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын Вислава Шимборская (1996), Эльфрида Елинек (2004), Гарольд Пинтер (2005), Жан-Мари Гюстав Леклезио (2008), Патрик Модиано (2014), Светлана Алексиевич (2015) пен Боб Диланның (2016) алатыны алдын ала әлемге тарап кеткен еді. Бұған да кінәлілер қатарында Жан-Клод Арно бар. Әдебиет саласы бойынша 2018 жылғы Нобель сыйлығы келер жылы беріледі. Яғни, 2019 жылы екі бірдей лауреат анықталатын болады.