Кешегі күн, яғни, 21 шілде – XX ғасырдың айтулы жазушысы Эрнест Хемингуэйдің дүние есігін ашқан күн.
Эрнест Хемингуэй 1899 жылдың 21 шілдесінде Чикаго қаласының маңында дүниеге келді. Жастайынан өжет, тік, батыл болып өскен ол аңшылықты, балық аулауды жан-тәнімен сүйді. Осы еркелігімен басын талай бәйгеге тігіп, өмірі қыл үстінде жүргендей көрінетін. Эрнест бала кезінен-ақ, жазуға деген икемін көрсетіп, оқыған жұртты таңдандыратын. Осы дарынының арқасында 18 жасында жергілікті «Канзас Стар» газетіне журналист болып қызметке тұрады. Эрнесттің стилінің бір ерекшелігі нақтылық пен түсініктілік еді. Жұмысқа алушылар Эрнест стилінің осы ерекшелігін бағалаған болатын. Бірақ жазушының тыныш өмірі бұлай жалғаса бермеді. Ол 1918 жылы өз еркімен фронтқа сұранады. Соғысып жүріп, минаға тап болып, ауыр жарақат алады. Жарақаттың ауырлығы соншалық, денесіне 237 жерден мина ұшқыны тигенін көрген адам жылап, аяныш білдірмей тұра алмады. Бұл Италияда орын алған оқиға еді. Осы жарақаттар кейіннен Эрнесттің жайлы өміріне біраз кедергі болады. Бірақ әлбетте жазушы өзі сүйген саласындағы жұмысын тоқтатқан жоқ. Қойын дәптеріне біраз дүниелер жазылған еді. Бар қызық сол дәптердің саяхаттап жүріп жоғалған кезінде орын алды. Одан кейін Хемингуэйдің шығармашылығында ерекше сілкініс болды. Оның жаңа шығармалары көпшіліктің көңілін дөп басып, «Қазіргі күндер» атты топтамамен жарық көрді. Эрнест Хемингуэйдің жұмыс үстелі Америкалық жазушы Гертруда Стайн Эрнестпен құрған бір сұхбатында фронтта өмірін өткізгендерді "жоғалған ұрпақ" деп атап еді. Осы сөз Хемингуэйдің жүрегіне қатты әсер етіп, «Арайлап атқан таң» атты роман жазып шықты. Кітап соғыстан кейінгі өмірге, тыныс-тіршілікке арналды. Әсіресе соғысқа қатысқан адамдардың өз-өзін табуы туралы әңгімеленді. Жазушы өзінің хоббилері туралы да ықыласпен жазды. «Тал түстегі өлім» романында испандық коррида туралы әңгімеледі, «Қош бол, майдан!» атты романында өз өмірі туралы, өміріндегі махаббат оқиғаларын әдемілеп жеткізген.
Эрнест Хемингуэй туралы әңгімемізді жалғастырамыз. Эрнесттің жүрегінде Париждегі өмірі де біраз орын алды. «Мәңгі мереке» атты кітабына осы жердегі оқиғалар негіз болды. Сонымен қатар жазушы Гавана маңында да біраз уақыт өмір сүрді. Испан соғысы туралы баяндалатын «Қоңырау кім үшін соғады?» атты кітабын жазып шығу туралы ой осы жерде келген еді. Эрнесттің аңшылықты, балық аулауды жан-тәнімен сүйгендігін айтып өттік. Жалпы алғанда, жазушы өзінің шығармаларындағы кейіпкерлерге ұқсауға тырысты. Соның әсері болса керек, Хемингуэйге ғашық болып, көңілін білдірген қыз-келіншектердің саны өте көп болды. Эрнест Хемингуэй ұлы Грегоримен. Кения, 1934 жыл Жазушы әлемдік даңқа 1953 жылы бөленді. Осы жылы оған "Шал мен теңіз" романы үшін Пулитцер сыйлығы берілді. Тура бір жыл өткен соң, Нобель сыйлығы тағайындалды. Бірақ әуе апатына ұшырап, дерт үстінде жатқан Хемингуэй Стокгольмға бара алмады.
Өмірінің соңында Эрнест көп қиыншылықтарға тап болды. Испан соғысында алған жарақаты бар, көзімен көрген екі әуе апаты бар - осының бәрі денсаулығының сыр беруіне негіз болды. Бас ауруы, паранойа секілді қиыншылықтарға тап болды. Журналистерге берген бір сұхбатында халінің тым нашарлығын, бірдеңе жазуға деген икемінің жоғалып кеткендігін айтып, көзіне жас алды. Ақыры не керек, айтулы жазушы 1961 жылдың 2 шілдесінде АҚШ-тың батысындағы Кетчум қалашығында дүние салды. Қазіргі кезде оның еңбектері әлі күнге дейін еш маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Әлі күнге дейін еңбектері әлемнің түрлі тілдеріне аударылып, көп оқырманның сырласына айналып жүр. Қазақ оқырмандары арасында жазушының "Шал мен теңіз", "Қош бол, майдан" атты еңбектері кеңінен танымал.