- Негізгі бет
- Әдебиет
- Есенғали Раушанов. Көке....
Есенғали Раушанов. Көке.
О, өлең!
Табады дертімнің ол емін.
Поэзия эстафетасын
2000 жылдарға алып барады.
Менің ең соңғы кенже өлеңім.
Т.Бердияров.
Біз ол кісіні жақсы көретінбіз. Жазушылар одағына, баспалар мен газет-журнал редакцияларына сирек соғатын. Әр келуі – мереке еді. «Бүгін «Қаламгерге» Тоқаш бердияров келіпті» деген хабар қаланың қай шетінде жүрсек те бізді дереу тауып алатын, ұзамай бір топ бозбала қағаннан «тез жет!» деген бұйрық алған елшілер сияқты тұс-тұстан андыздай шауып, көкемізге жетуші едік. Ол өз өлеңдерін жатқа оқымайтын. («Әртістікті жідә жек көремін дә»). Жастарды жиі тыңдағанмен, сирек мақтаушы еді. Поэзиядағы өзі жақсы көретін ағымдар туралы, жеке ақындар туралы да аз айтатын. («Сендердің бәріңнен гөрі маған Нұх пайғамбар жақындау, неге десеңіз, ол да моряк қой мен сияқты…»).
Біз ол кісіні әлі жақсы көреміз. Әдетте «неге жақсы көресің?» деген сұрақ болмайды. Бұл сауалға қанша ақылды, қанша сезімтал жауап бердім дегенмен, сөзіңіз жасанды естіледі. «Жақсы көремін» – адамзат адамзат болғалы тауып айтылған тәуір сөздің бірі.
Оның суретін сөзбен салу – әрі оңай, әрі қиын. Бір сөзбен айтсақ, – Тоқаң бурыл шашты, өткір көзді қаршығадай қара шал болатын. Ол тұрықтас кісілерді, әдетте, аласа бойлы дейді. Бірақ оны аласа деу қалай болар екен? Біз үшін ешкім Тоқаңнан биік емес еді, Тоқаңнан ұзындар көп еді десеңіз сөз басқа. Ақынның шын бейнесін танытатын фотосуретін өз басым әлі кездестіргем жоқ. Қанша суретін көрдім, әйтеуір бірдеңе жетпейді. Ол суретке түскенді жақтырмайтын («рәсімге тартылу» («суретке түсу» дегені – Е.Р.), теледидарға түсу, аң ату, машина жүргізу – көкең мұның бәрінен махрұм қаған, шырақ»). Қалған емес, «қаған» дейтін. Сөйлек ерекшілігі туралы біз алда айтамыз. Оның сыры бар.
Алға қарай жыға тарайтын шашы екі шекелігін жаба келіп, маңдайына жетпей бір тегіс қысқа қайрылатын. Біздер оны кейде «кекілді шал» деуші едік. Мұнысы, әсте өзі тәрбиеленген жетімханалардан, одан бергі жерде жігіт боп жілігі толмастан әскерге алынғанын ескерсек, қатаң да қатал соғыс жылдарынан калған әдет болса керек. Көкеміздің кекілі 70-жылдардағы иық жапқан ұзын шаш, дудар шаш, ұйпа-тұйпа шуда шаш, тарам-тарам өрме шаш ақын-жазушылардың арасында ескілеу сән көрінгенмен, тап-тұйнақтай, жып-жинақы қалпымен ерекшеленіп тұратын.
Жалпы, ол өзі ерекше адам еді. Алғаш көргенде мен оны акробат немесе цирк ойыншысы болар деп ойлағам. Құдай-тағала әуел баста Тоқаңның бойын оймен өлшеп, кейін соған мөлшерлеп таспа қара сіңір тартып, басқа мүшелерін осы сіңірге әкеліп рет-ретімен қондырған секілді. Анау қазықтай тіп-тік аяқтар, қысқа көрінгенмен бұлшық еттері тепсініп тұратын екі қол, сол тепсінген бұлшық еттерді көктей өтіп шынтақтан төмен қарай көк білемдене көтеріліп, тұу саусақтарына жеткенше айбынын бұзбайтын адырайған тамырлары, тіп-тік кеудесі, не шот емес, не шошақ емес артық-кемі жоқ жұп-жұмыр басы – бәрі, бәрі, егер сіңір болмаса, ет пен сүйекке көнбейтіндей, қонбайтындай, жараспайтындай, жапсырғанмен жымдаса кетуі қиын қиқар да қыңыр тұлғаны сомдаған ерек бір бітім құрайтын. Мұндай адамдар, әдетте тазагөй, жинақы, ширақ болады. Ол қашан көрсең де үстіне қылшық жуытпай, мұнтаздай таза жүретін, шалбарының қыры сынған емес. Жыл мезгілдеріне лайық киінетін. Алматыдан Келеске соңғы сапарға аттанарында басы-қасында болған ақын Аманхан Әлімов көкеміздің шифонерінен әлі киілмеген оншақты көйлек, оншақты бас киім, аяқ киімдерді өз қолымен жинапты. Сөйте тұра Тоқаң сәнқойлықты ұнатпайтын. (Бір жазушы туралы айтқаны: «Бетін қатықпен жуған қатын сықылды дәйіс, иіс-майы бұрқырап шіли жүрегімді айнытады»). Жоқ, ол сәнқойлықтан бұрын, жасандылықты ұнатпайтын. Өлеңдегі сияқты.
Өлең демекші…
Тоқаң өмір-бақи өз ісімен ғана айналысып өткен ақын. Мұндай бақыт кешег Кеңес дәуірінде екінің біріне бұйырған жоқ. Енді ес біліп, етек жаптық па дегенде қос бүйірден қыса келген нарыққа тап болған біздердің ешқайсысымызға бұйырмауы да мүмкін. Қайтеміз бұрынғы шалдар айтпақшы, маңдайға жазылғанын көреміз-дағы. Үкіметтің жұмысына жегілмей, Жазушылар одағындағы айтыс-тартыстарға араласпай, қоғамдық жұмыстардан да аулақ, ақын жүрегі, патша көңілі қалаған жалғыз кәсіп – өлең жазумен ғана өмірі өткен көкеміз өлең туралы аз айтатын, тіпті айтпайтын деуге болады. Өз шығармалары туралы әрегідік жарияланып жататын рецензияларды, ірілі-ұсақты мақалаларды да оқымайтын («Бәрібір, сыншылар өлеңді түсінбейді»).
Ол қазақ әдеби сыны үші сол жұмбақ күйінде өмірден өтті.
Өлең туралы әңгімеден қашса да, біз сөз арнасынан қаумалап келіп, қайта-қайта поэзияға бұратын едік. «Өтірік!» дейтін ондайда шорт кесіп ол. «Көке, не өтірік?», «Бәрі өтірік, пәдеріне нәлет!». Тып-тыныш көлдің кенет күтпеген жерден ойпаң-тойпаң боп тулай жөнелетіні секілді көкеміздің мұндай құбылғыш мінезіне әбден сырдесте болған біз үндемейтінбіз. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Сол кездегі сарнауық балапан біздер қырықтың қырқасына шығып барамыз. Байқап отырсақ, сол алқалы жиынның ортасына аспаннан зулап келіп гүрс ете түскен жай тасындай әсер ететін жалғыз ауыз «Өтірік!» деген сөзді біз де айта бастаппыз. Зулаған жылдар-ай!..
Тоқаң туралы аз жазылған жоқ. Өзінің ақындық лабораториясында жазған «Ойлы өлең, тойлы өлең» деген мақаласы да бар. Бұл мақала кейін «Шынар» деген атпен шыққан кітабына алғысөз ретінде «Ақын өлеңі – өз мінезі… » деген атпен жарияланды. («Жазушы» баспасы, 1985 жыл).
«Ми қыртысына түбегейлі орныққан дені таза ойдың ұрық-дәндері шірімейді, өсіп-өнеді, мерзімді кезеңі жеткен кезде, еріксіз өзі-ақ уылжып піскен алмадай топылдап, қағаз бетіне түседі. Бұл табиғи нәрсе», – деп жазады ол осы мақаласында.
Бәлкім, Тоқаңды ойдың ақыны деген пікір осындай әңгімелерден кейін қалыптасқан болуға керек. Өлеңде ой айтудың классикалық үлгісі ретінде Абайдан бері қарай Қадыр Мырзалиевке дейінгі аралықта талай ақынның есімін тізуге болады. Ойшыл ақындар кейінгі жастардың арасында да аз емес.
Неге-дүр өз басым Тоқаң поэзиясының ерекшелігі – ойшылдығы дегенге ә дегеннен-ақ күдікпен қарадым.
Ей, ағайын, сен анықтап көріп ал,
Бұл өмірдің ылдиы бар, өрі бар.
Дүниеге адам болып келген соң,
Босағада нең бар сенің… төрін ал!
***
Өмір жалы шатқалаң, қуысы мың,
Білмеймін, бұл жалғанның туысы кім?
Көбелек боп гүл сорған қызық күндер,
Ішіне кетті сиып уысымның.
***
Айрылып бояуынан сәуір гүлі,
Жастықтың ғайып балар тәуір куні.
Қартайғанда ақ таяқ – үшінші аяқ,
Сақалдың белге тусер ауырлығы.
Бұл тақылеттес өлеңдер Тоқаңда өте көп. Мұны аз десеңіз, атақты «Оқ пен гүл» поэмасы тағы бар. Оқушыны ой орманына жетелейтін «Ескі паровоз» дастаны кезінде жақсы бағаланды.
Мадандас досы, қазақтың арындай боп өмірден өткен Жұбан аға Молдағалиевке арнаған «Монолог» деген өлеңінде ақын өзі не деді?
– Менің басым жер шарындай
жұп-жұмыр,
Жер шарымен тұрқы бір.
Ойлар – сарбаз күнде айқас ашады,
Қарсы тұрып бір пікірмен бір пікір.
…тіреседі бір пікірмен бір пікір,
(Заңды іс қой, бұл тіпті).
Екі көзім шықпасын деп дуэльге,
Ортасына мұрын шіркін бітіпті.
Өміріме ризамын,
Өмірімнен азын-аулақ сый алдым.
Миларымның көшесімен сан тарау,
Зымырайды эшалоны қиялдың.
…Өтемін мен думаны мол өмірден,
Қабағымды бір шытпай.
Қапелімде кетсе мүлгіп Жер шары,
Тіршілік боп айналамын ұршықтай…
Нағыз ақын осылай ойлауға тиіс. Тіп-титтей жасандылығы жоқ сезім оқушыны еріксіз баулайды. Шынын айтсақ, ойға құрылған өлеңдердің қалың нуы бастапқы күдікті сейілтсе керек еді. Мұны да мойындамасақ, бесіктен белі шықпай жатып жетім қалып, 30-жылдардың басында Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген (бір кереметі – Тоқаң «жетім өсіп едім», «мен жетіммін ғой» деген сияқты өзіне аяныш шақыратын жылауық өлеңдер жазған емес. Мүмкін, жетімдігін айтып зарлау – ер адамға жараспайтынын, мұның өзі түптің түбінде жиіркенішті қылыққа айналатынын білгендіктен шығар), қанқұйлы соғыстың қақ ортасында бозбала дәуренін, жастық шағын өткізген ақынға ойлылықты қимау әбестік те болар. Дегенмен, о бастан мен Тоқаңның ерекшелігін өзге тұстан іздеуге құлықты болдым.
Көркемдік – өлеңнің ажырамас бөлшегі. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өскен Тоқаңа тән айрықша қасиет ойды образға орап беру шеберлігінен көрінсе ше? Әбден мүмкін.
«Сәби шағымда, бәлкім, бесіктегі кезім болар, маған айрықша әсер еткен, – деп жазады өзі жоғарыда аты аталған мақаласында, – киіз үйдің түңлігінен телмірген, тарыдай шашылған жылтырауық жұлдыздар еді. Дауыл қатты тұрған шақта, үй түңлігі желпілдеп, кереге, уықтар сықырлап, шаңырақ шайқалып, киіз үй үрейлі де, қызық та керемет бір күйге түсетін. Гуілдеген жел, күркіреген аспан, найзағайдың қызғылт осқан шимайы… бәрі, бәрі көз алдымда».
Кеудем менің терезе,
Ар жағында шам боп жанар жүрегім.
Кеудем менің терезе.
Алтын аймен қол ұстасып жүремін.
Кеудем менің терезе,
О бастан-ақ күн нұрына ғашықпын.
Кеудем менің терезе
Ілгегім жоқ, кірер екен ашып кім?!
Тоқаш Бердияров – табиғат суреттерін өлеңге көшіргенде шеберлігі кімді де болса таң қалдыратын ақын.
– Шалкөдедей жер бар ма,
Жайлау бар ма Шибұттай,
Хантәңірді көрдің бе,
Аппақ қозықұйрықтай.
Айғайынан шопанның,
Тау жаңғырып, деседі: «Ей».
Киіз үйлер сайдағы,
Төңкерілген кеседей.
Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Егер Тоқаш Бердияров қазақ поэзиясының көркемдік ізденістері көкжиегін кеңітуге көп үлес қосты деген тұжырым жасалса, өзім қос қолымды көтеріп дауыс берер едім. Дей тұрғанмен, көңілде түйткіл қалатынн тағы жасыра алмаймын.
«Әңгіме көркемдікте емес», – дейді сол түйткіл, – әңгіме басқада». Сол басқаны табу керек. Қалайда табу керек. Өлінің үрейі, тірінін мерейі үшін.
Кезінде марқұм академик-жазушымыз Ғабит Мүсірепов ақсақал Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезінде Тоқаш Бердияров поэзиясына ерекше тоқталып, оның көркемдік ізденістеріне тәнті болған. Қарға түскен танк іздерін нота мәтіндеріне ұқсатуына сүйсінген. Шынында, бұл тек нағыз ақын ғана таба алатын теңеу. Осы мақаланы Тоқаң ұнатпайтын. Онысы көрнеу көзге кергу емес, паңдық та, нәндік те емес, шыны еді. «Талдай алмаған. Шалы түспегір тап баса алмаған» дегенін өз құлағыммен естігем.
Орыс ақыны Николай Заболоцкий «Өлеңді көтеріп тұратын үш кит бар. Олар: Ой – Образ – Әуезділік», – дейді. (Стихотворения держится на трех китах: М – О – М. Мысль – Образ – Музыкальность).
Осы формулаға салып қарасақ, Тоқаш Бердияров поэзиясын жас-кәрі, хан-қараға бірдей ұнайтын төрт аяғын тең басқан дүние деу қисынға келмейді. Мүмкін, шынында «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» – өлеңге жүрмейтін заң болар. Неге, шынында өлең кемшіліксіз болуы тиіс. Өз басыма төрт шумақтан екі, не бір жол ұнаса – ол үлкен олжа. Өкінішке орай, оқырман ретінде жыр сапарынан ылғи да олжалы оралмаймыз.
Бір ақиқат – Тоқаңа деген ыстық ықылас әлі суыған жоқ. Жә, біз көз көрген көкеміздің әруағын сыйлағандықтан оқиық, ал кейінгі жастар ше? Бірде Алматыда шығатын бір газеттің тілшісі, өрімдей жас қыз, біссіміләдан әңгімесін Тоқаң туралы бастағанда таң қалдым. «Апыр-ау, бұлар Тоқаңды қайдан біледі», – дедім іштей. Үйге келе жатып, неге-дүр көкемнің көп айтатын «Өтірік! Бәрі өтірік, пәдәріне нәлет!» деген сөзі ойыма түссін.
Жылдар бойы іздеп жүретін бір шындықтар болады. Таба алмайсың. Таптым-ау, жеттім-ау дегенде тағы да сағым қуып сандалып қалғаныңды біліп, саныңды соғасың. Бір қарағанда құпия ештеңе жоқ секілді, бәрі де өзің көрген, өзің білген һәм білетін жәйттер. Жұмбақ не бар? Әрі-беріден соң сол ізденісті жылы жауып тастап, ұмытқың келеді. Ұмыттым дегенмен бір бүйірден қадалған шаншу секілді кетпей тұрып алады. Құдай сәтін салған күн оған да қолың жетеді екен. «Інжілде» айтатын «озарение» дейтіні осы сәт болса керек. «Өтірік! Бәрі өтірік пәдәріне нәлет», – дедім түн жамылып келе жатып. Айттым да қалт тұра қалдым. «Шынайылық!», – дедім күтпеген жерден, – ойбай-ау, ол Шынайылық қой». Үйге есім кете қуанып келгенім есімде. Куаныш эйфориясынан соң, көкемнің кітаптарын парақтап отырып, көңіл-күйім күрт түсіп, төлжігенім-ай іштей. Оның ерекшелігі – Шынайылық. Орысшаға қотарсақ – Искренность. Баяғыша Ғабең ақсақал (Ғабит Мүсірепов) қазақта «нравственность, порядочность» деген ұғымдардың неге дәл атауы, нақ баламасы жоқ?» деп сұрайтыны ойыма түсті. Неге біз өлеңдегі ойлылық, көркемдіқ, әуезділік, тапқырлық секілді қолдан келетін, шын қиналса қалам ұстағанның бәрі де нобайы сұп-сұлу, жып-жылтыр ғып жасап шығара алатын нәрселерге үңілеміз де, ең басты нәрсеге, қолдан жасалынбайтын, қолға қонбайтын қасиетті нәрсеге аса мән бермей келгенбіз? Өмірдегі өз бейнеңді өлеңнен жасырып қала алмайсың дегенді ғой жиі айтамыз. Қысқа ғұмырында (ақын жүзге келіп өтсе де ерте кетті деген жөн) өтірікпен жаны қас, жасандылықты ата дұшпанындай көріп өткен Тоқаң поэзиясының ерекшелігін шындықтан, шынайылықтан іздеуге ақылымыз жетпеді ме, әлде әлгі қасиеттер өз бойымызда аз болған соң, өзімізде жоқты өзгеден іздеуге батылымыз, кісілігіміз жетпеді ме. Бізге жетпейтін не осы, Кісілік пе, әлде Кішілік пе?
Ертеректе атақты «Ескі паровоз» атты поэмасын өзі оқығаны еске түседі.
Хат жазып отырмын, жер үйде,
Шамымыз – снаряд құтысы.
Жер жырту керек қой,
Жөндеуден шықты ма «ХТЗ».
Сағындым алқызыл белесті,
Сағындым даланы жел ескен.
Қалай?.. Төрешім ер жетіп қалды ма?
Су әкеп тура ма Келестен, – деген жолдарды оқығанда «Көке, «ХТЗ» деген не?» – деп сұрағам. «ХТЗ»-ның трактор екенін білетінмін, бірақ жорта сұрадым. «Трактор!» – деді көкем. «Ол қайда жүрген трактор, көке?» «Қайда жүргенің қалай? – дейді көкем, ауылда жүред дә». «Ауылда жүрсе жүрсін, өленде нағып жүр? Басқаша айтса не болар еді?». «Өтірік болады», – деді көкем тісін шықырлатып.
– Ауылды жиі ойладым,
Аман болсын анам баққан ақ ешкі…
Планетаның нағыз жауы —
Фашистерді атқанда,
Мылтығымыз болған жоқ-ты осечка!
«Өмірбаян орнына» атты атақты өлеңдегі осы «осечканың» өлеңде нағып жүргенін, бұдан кейін, әлбетте, мен сұрамадым. Өлеңде жасандылық болмауға керек. Әдетте, Тоқаңның өлеңдеріндегі ұйқас тәртібі де жұртқа ұқсамайтын. Біз «түбірлі ұйқас», «тұтас ұйқас» дегендерді тауып, өлеңнің соңғы 2-3 буынын жымдастыруды місе тұтпай, қатар келетін төрт жолдың да ұйқасуына, (а-а-а-а) оны аз десеңіз 4-5, кейде тіпті 5-6 буынды ұйқастар жасап және мұнымызды жаңалыққа балап жар салып жүргенде көкеміз а-б-в-б үлгісімен ұйқас жасайтын. Әдейі, қырсығып жасайтын шығар дейтінбіз. Олай емес екен. А-б-а-б немесе а- а-б-а үлгісіндегі ұйқастыру оның қолынан келетін. Жасыратын несі бар, кейде біз ұйқас үшін ойды құрбандыққа шалып, жаңылтпаштыққа, «тақ-тақтыққа» ұрынып жатамыз. Ал, екібастан «тақ-тақтың» түбі «тақ-тұқ». Сөйтсек, көкеміз өлең құрылысында да жасандылықтан қашады екен.
– Көнерген мүшені,
Қалпына келтірмек қай ұста.
Кащей боп кәрілік.
Жігіт-қандармен түседі сайысқа.
Талмаурап жүдә ұзап барады-ау,
Жақыннан естілген жайдары әуендер,
Қартайган башайға – үзеңгі әудемжер.
Осы екі шумақты мен жазсам орыс ертегілеріндегі Кащейдің көзін қүртып, қазақтың Өлмесханын алар едім. Буын сандарын тәртіпке салар едім. «Башайдың» орнына басқа бір сөз табар едім. «Жүдәні» «тым» деген сөзбен ауыстырар едім. Сосын «әуендер» мен «әудемжерді» ұйқастырмас едім. Сөйтіп, сырты сұлу екі шумақ өлең шығар еді. Бірақ, онда дәл Тоқаңдағыдай шынайылық бола ма, жоқ па – оған сенімім аз.
– Ол ылғи Оңтүстік қазақтарының ауызекі тілімен сөйлейтін. Мысалы: «Пахта жегенелеп жүргенде Полат тағам кеп тайхарымды қалады. Ол ялламалы лөліден ғаллаға алған сүр мәшіннің баласы еді. Мен көнбей песақа ап ұмтылып, тағам тарбыздың шопағына сүрініп, осылай кеп-кеп-кеп тарбазаға маңлайымен періп кеп кетсін». Мұның «тәржімасы»: «Мақта баптау науқаны еді. Бірде Болат нағашым келіп, бәсіре есегімнің қодығына қолқа салды. Ол, жалдамалық цыганнан астыққа айырбастап алған сұр мәшіннің қодығы еді. Мен бермеймін деп жерде жатқан айырды ала ұмтылдым. Нағашым қаша жөнелгенде, қарбыздың қабығына аяғы тайып, тура барып қақпаға маңдайын соғып тоқтады».
Оңтүстік-қазақтары жиі айтатын «жідә», «шіли», «қапа болдым», «азанмен», «найқап-найқап сөйлеу» – кейде Тоқаңның өлендерінде де жүреді. Бірақ бәрі түсінікті. Түсінікті болғаны былай тұрсын, осы сөздер өлеңге өзгеше реңк беретін тұстары да бар. Жылтыр, бірақ жылуы жоқ, сұлу, бірақ суық сөздер, жарқырауық, бірақ жасанды сөздер Тоқаң поэзиясына тән емес.
Ол өмірде де сондай еді.
Жазушылар одағында Сәкен Сейфуллиннің суреті салынған кілем ілулі тұр. Суреттің етегінде Сәкен ағамыздың бір шумақ өлеңі бар. Көкемнің көңіл қошы келмей, өзінен өзі кейіп жүрген күндерінің бірі еді:
Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын, – деді ол тісін шықырлатып тұрып, – Ашып та қарадым, басып та қарадым – дым жоқ.
Мұндай әңгіме жата ма – ұзамай-ақ елге жайылды. Біреу күліп, біреу қажап талай отырыста өсек пен қаңқудың арқауына айналды. Көкем тағы да бір-екі ай көрінбей кетті.
Бір топ жастар сол фоэде әңгімелесіп тұрғанбыз. Күтпеген жерден Тоқаң келе қалды. «Тоқа, – деді бір жас ақын Сәкеннің суретін нұсқап, – біз де өзіңізге ұқсап ашып та қарап, басып та қарап түк таппай тұрмыз».
– Әй, дәйіс, – деді көкем, – сен не тантып тұрсың. Сәкен осы тұрған бәрімізден де ақын.
Жым болдық.
Тағы бірде Аманхан Әлімов екеумізді айта беретін «Қаламгерге» ертіп келді. Кетеген ешкідей шипаң-шипаң етіп жүретін (әлде, жорғалайтын ба?) бір ағамыз көрмеген кісі боп, қапталдағы есікке кіріп кетті.
– Осыны сабап бересіндер ме? – деді көкем тісін шықырлатып.
– Мәселе жоқ, көке. Айтсаңыз болды.
– Жүріңдер, әуелі ішіп алайық.
Ішіп алдық. Көкемнің ашуы басылар емес.
– Осындайлар кайдан пайда болады осы, – деді кейіп, – әгәр Совет хүкіметі болмаса жаңағың бар ғой, ә, жалақ-жалақ боп қойдың соңында жүретін қалқанқұлақтың өзі. Мына үйден айран, мына үйден нан, арғы үйден құрт сұрап, бәйбішеден бір таяқ жеп, ауыл-үйдің итіне екі таланып боздап жылап отыратын сорлы…
– Ендеше, не түрыс, көке. Барып, маңдайын қыштай ғып келейік, – дейміз ентігіп. Абырой болғанда, «Қаламгерге» сол мезет Нұтфолла Шакенов, Қуан-аға Шаңғытбаев, Хизмет Абдуллиндер кіріп келсін. Біз кезекті «ақ мойынды» әкелуге жүгіріп, іле-шала қайта жүгіріп, абыр-сабыр күйге түстік те, қалқан құлақ ақын жәйіне қалды. Арада бірталай уақыт өткен. Кезекті бір отырыста көкемнің көңілін аулағымыз келді ме:
– Ол нашар ақын, – дедік біреуміз.
– Ақын емес, – дедік екіншіміз.
– Оттамаңдар, – деді көкем түсі бұзылып, – әуелі екеуің сол секілді өлең жазып алыңдар. Рас, ол аздап крахоборлау, бірақ жақсы жазып жүр. Ал, сендер әлі түк бітірген жоқсыңдар.
***
Тас табыттың ішінде,
Кетпейінші оянып.
Т.Бердияров.
Естъ в осени первоначалъной,
Короткая, но дивная пора.
Весь денъ стоит как бы
хрустальный и лучезарные вечера.
Ф.Тютчев.
Бауыр басқан әпкесі ұзатылып кеткеннен кейінгі жас баланың хал-күйін түсіне аласыз ба сіз? Сәби жүзін сағыныш жасы айғыздап қыр басьщда өксіп тұрған сол баланың коңіл-күйін хатқа түсіре алған ақын басқа өлең жазбаса да болады. Ол – ұлы ақын. Бала көптің арасынан әпкесін іздейді. Таба алмайды. Көргісі келеді. Көре алмайды. Сезінеді. Сезінген сайын сағынады. Ол ендігі жерде ғұмыр бойғы жан серігі – Сағыныш екенін әлі білмейді. Ендігі ғұмырда сол Сағыныш жүрекке қадалған жұмсақ тікендей акырын ғана сыздап қайда, қай құрлыққа барса да өзімен бірге жүретінін ол әлі білмейді. Бәлкім, Сағыныштың екінші аты – Жоқты іздеу шығар.
Менің Тоқаш көкем Алматының күзін асыға күтуші еді. Медеуге баратын ұлы жолдан «Просвещенец» демалыс үйінен өте бере бір езулей жырыла шығып қамшылар жаққа бұраңдай тартатын бұрма жол «Әулие бұлақтан» өткен соң қайыңды тоғайға қарай жүйткиді. Даңқы жер жарған Көкжайлауға апаратын да осы соқпақ. Бұл өзі бір – ғажап мекен. Арқа тұсың – Аққайыңцар елі, мандай алдың – маңғаз қарағайлар мекені. Медеу сайы – алақаныңызда жатады. Мұнда күзде келу керек. Сары күзде. Жаратқан иенің бір жерге, бір жерге емес-ау алақандай ғана аумаққа осыншама сұлулықты қалай ғана үйіп-төгіп сыйлай салғанына таң қаласың. Күреңіте бастаған жапырақтарға қарап сары күздің де өтіп бара жатқанын білесіз. Жүрегіңіз ауырады. Дәрменсіз Көкке қарайсыз. Күздің осындай бір күні еді-ау сонда. Ол жылдары Дүниені Сағыныш билеп тұратын. Бала сағыныш.
Көкем екеуміз №6 автобустан Медеуге жетпей түсіп қалып, сол «Көркем тепсеңге» жаяу өрлеп келеміз. («Көркем тепсең» дегенді алғаш қайдан естідім, әлде бір жерден оқыдым ба – есіме түсіре алмаймын, әсте өзім қойып алған ат болуға керек). Әр келген сайын мен Ілекеңнің (Ілияс Жансүгіров) «Жетісу суреттерін» жатқа оқитынмын. Кенет (әдеттегідей, күтпеген жерден):
– Бала, осы сен Көкшетауда, «Оқ жетпесте» болдың ба? – деді жалт бұрылып.
Қитықтым да қалдым. Күрең жапырақ, күміс етек ақ қайыңдар аралап, алып қарағайлары аспан тепкен жұмақтың төріңде келе жатып, «Оқ жетпесі» несі? «Көркем тепсеңді» аяп кеттім. «Азаулының Стамбұлдан несі кем?».
– Ал, Көкшенің қайыңдары өзгеше, – деді көкем. Бетіне қарасам, толқып келеді екен. Бір түрлі ұялғандай ма, қысылғандай ма, әйтеуір күнде көріп жүрген Тоқаң емес. Сәдден соң өлең оқи бастады:
О, как на склоне наших лет,
Нежней мы любим и суеверней,
Сияй, сияй, прощальный свет,
Любви последней, зари вечерней.
Пускай скудеет в жилах кровь,
Но в сердце не скудеет нежность.
О, ты последняя любовь,
Ты и блаженство и безнадежность.
Түсініп тұрмын, бірақ мойындағам жоқ. Орысшасы мейлі, әншейінде «ұлтым, ұлтым» дегенмен, «күшігінен таланған» ағаларымыздың орысқа бір бүйірі бұрып тұратынын білеміз һәм оны кешіруге, жоқ кешіруге емес, түсінуге болады, бірақ «Көркем тепсеңде» оқылатын өлең Тютчевтің өлеңі ме?
– Көке, не, жәйша ма? – дедім аспанға қарап.
– Не надо хамить, бала, – деді көкем. Тісін шықырлатпады. Демек, әлі ашуланған жоқ. Лирикасы мен ашуының арасындағы осы бір қас қағым сәтті пайдаланып қалу керек. Әйтпесе, кеш болады.
– Неге безнадежность? – дедім мен.
– Потому что, на склоне лет, – деді көкем.
– Ну и что?
– Иә, – деді көкем жұмсақ үнмен, – сен өзі мына ағаштың атын білесің бе?
– Е, дарақ та нәйеті, – дедім қырсығып.
– Мұны Көкшетауда жөке дейді. Қандай әдемі, – деді көкем жапырақтарын сипап.
– Не әдемі?
– Атты айтам.
– Жөке деген әдемі сөз бе сонда?
– Жылы естіледі.
– Ойбай, көке-ай, – дедім мен – сонымен болашақ жеңгеміз көкшетаулық болды ғой?
– Она еще ни словом не намекнула о своей любви. Эта женщина умеет молчать. Может, она права. Может быть, я вовсе не достоин любви такой красивой, нежной женщины. Может быть, я – пустое место.
Не дегенім есімде жоқ. Бәлкім, мен ол кезде көкемнің:
Шіркін-ай, Көкшетауға кім алғызды,
Сәмбітал мен мұнша көл, мұнша қызды.
Ойпырай, дел-сал болдым іздей-іздей,
Көкшеде қалып қойған сұрша қызды, – деп келетін өлеңін білмеген болармын. Мүмкін, ол кезде:
Білмеймін, мені біреу сүйіп пе еді,
Мен үшін бәйек болып, күйіп пе еді.
Қыңырайған қу қырсық төмен тартса,
Мәртебем өлең жазып биіктеді, – дейтін шумақтарын түсінбеген шығармын. Бірақ біздерді, Тоқаңның тілектес інілерін «Менің тойым болған жоқ» атты өлеңі қатты толқытатын. Бұдан да гөрі атақты «Болса егер» өлеңін түнеріп отырып оқитынбыз. Қазір де оқыған сайын жүрегіміз жылайды.
Жүзе алмайды бүйірлеп,
Бір ескегі о баста жоқ қайығым.
Құрғыр есігім қағылар ма ед, қайтер ед,
Болса егер зайыбым.
Әйткенменен «балалы үй – базар ғой»…
Әне, содан жұрдаймын.
Немеремді жүрер ме едім жетектеп,
Болса егер жұбайым.
«Үйлендіріп» өлеңге,
Бір шүйкебас бұйыртпады құдайым.
Жынды «джинді» ұмытар ма ем, кім білсін?
Болса егер жұбайым.
Қазыналық үй, телміремін әйнекке,
Гуілдейді жан-жағым.
Қымтай түсіп өтер еді-ау көрпемді,
Болса егер жан-жарым.
Күмбірлейді, күмбірлейді бір жұмбақ,
Көкірегімде күй менің.
Жырға зауқым соқпас па еді, кім білсін,
Болса егер сүйгенім.
Тоқаш көкем сары күздің сондай бір тамылжыған тамаша кешінде сол «Көркем тепсеңнің» етегіндегі сол «Просвещенец» демалыс үйінде қайтыс болды. Жазатайым сүрініп кетіп, қарақұсы тасқа тиген. Мен жаназасына бара алмадым. Бала кезімнен «жолдас» баспа (ангина) дейтін дерт аяқ асты қайта қозып, төсектен тұра алмай жатқанмын. Аманхан таң атпай хабар айтып келгенде, «көкем» мені Келеске, апамның қасына жерлеңдер» деуші еді, – дедім. «Білеміз, Келестен інісі келді. Ертең алып кетеді», – деді Аманхан.
Ұйықтай алмадым. «Екеуміз Келеске барамыз. Сен Қазығұртты көр. Нұх пайғамбармен сырласамыз», – дегені есіме түсті. Өзі өле сүйген Көкшетаулық сұлуды ойладым. Кейін, көкем туралы өлеңдерім газетте шыққан соң, телефон шалған екі-үш әйел болды. «Мен ол ақынды жақсы білуші едім», – деді нәзік дауысты келіншек. «Ол мені сүйіп еді», – деді екіншісі. Жәй айта салды. Қайғырғаны да, қуанғаны да белгісіз – жәй айта салды. Қайта хабарласпады. «Менің Тоқаштан балам бар. Қыз бала», – деді салмақты әйел дауысы, – үйге келіңіз. Адресті Аманхан біледі». Жақсы адам деп ойладым мен. Кейін өкініщке орай, Аманхан да, мен де сол жеңгемізбен хабарласа алмай қалдық.
«Менің көкем бәріңді де сүйді. Шын жүрегімен сүйді. Ол кісі өтірік айтпайтын. Сеніңіздер оған» дегім келеді Тоқаң ғашьіқ болған әйелдерге.
Ол өмірден ғашық боп өтті.
Мен сізді сағынып жүрмін, көке!
Есенғали Раушанов
А. Оралқызы