Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов бостандыққа шыққан соң концерт берді. Концерттің үзіндісін Қабатовтың жұбайы Мөлдір Мұқан Instagram-парақшасында жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеода Тұрсынбек Қабатов залдағы көрерменге 5 күн бойы тыңғылықты дайындалғанын айтады.
"Мен бұл концертке бес күн бойы мұқият дайындалдым. Телефонымды, бәрін әдейі өшіріп қойдым, ешқайда шықпай, дайындалдым. Бүгін Қайрат дайындалуға кетті", - деп әзілдеді Қабатов.
Бұл әзіл көрерменге ұнаған болса керек, зал ду күліп, қол шапалақтайды.
"Көрерменге деген құрметі қандай десеңші. Бүнгі концерттен үзінді. Халық жақсы көрмесе, зал лық толмас еді. Барлық келген көрерменге мың алғыс. Айтпақшы, айта кетейінші. Сынақ болуы болды ғой. Менің байқағаным, халық тарапынан қолдаушылар саны көп болды. Жақсы жазған жандар, сіздерге жақсылық еселене келе берсінші. Рақмет баршаңызға", - деп жазды әзілкештің жұйбайы.
Еске салайық, Қабатов бұған дейін ұшақ бортында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 тәулікке қамауға алынған болатын.
Іс материалдарына сәйкес, Тұрсынбек Қабатов ұшақ бортында мас күйінде әдепсіз сөздер айтқан.
Сотта Қабатов стюардессалардың нашар қызметіне көңілі толмайтынын айтып, оларға өз ескертуін білдіргені анықталды. Ол өзінің әдепсіз сөз айтқаны немесе айтпағаны есінде жоқтығын алға тартқан, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған.
Куәгер (аға стюардесса) Қабатовтың ұшақ бортында мас күйінде болғанын және әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғанын растаған.
Құқық бұзушының кінәсі куәнің айғақтарымен, жолаушыны полицияға беру актісімен, бейнежазбамен және медициналық сараптама қорытындысымен расталады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!