Эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда, вейп туберкулездің, гепатиттің немесе басқа инфекциялардың тікелей себебі емес екенін түсіну маңызды. Алайда бір құрылғыны бірнеше адам кезектесіп шегу ауру қоздырғыштарының таралу қаупін шынымен арттырады. Бұл туралы Lenta.ru-ға физиолог Александр Калюжин айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, вейпті немесе темекі шегуге арналған басқа электрон құрылғыны бірнеше адам кезекпен шексе, мундштукта міндетті түрде сілекей мен адамның микрофлорасы қалады. Егер ол тұрақты түрде тазаланбаса, онда бактериялар жиналып, биоқабықша түзілуі мүмкін. Мұндай жағдайда құрылғы инфекциялық қауіп төндіретін ортақ затқа айналады.
"Туберкулез туралы бөлек айту керек. Оның негізгі жұғу жолы - ауа-тамшы арқылы: жөтелгенде, сөйлескенде, әсіресе науқас адаммен жабық бөлмеде ұзақ бірге болған кезде. Ал кез келген электрон шылым шегу құрылғылары тек жеке қолданылуға тиіс", - деді маман.
Калюжиннің сөзінше, электрон темекінің аэрозольдері ауыз қуысы мен тыныс жолдарының табиғи жағдайын бұзады, құрғақтыққа, қабынуға және микрофлораның өзгеруіне ықпал етеді. Соның салдарынан тіс жегісі, стоматит, қызыл иектің қабынуы және тыныс жолдарының созылмалы тітіркенуі жиі дамуы мүмкін.
"Гепатитке келсек, оны нақтылап айту қажет: ол жөтелу немесе сөйлесу арқылы тұрмыстық жолмен жұқпайды. Алайда егер адамның қызыл иегі қанап тұрса, ернінде жарықтар немесе шырышты қабықта басқа зақымдар болса, ал құрылғыны бірнеше адам қолданса, онда жұқтыру қаупі артады", - деді дәрігер.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz