Дәрігер шыршаның тосын қаупін атады

Дәрігер Александра Филева жаңа жылдық шырша аллергияға себеп болуы мүмкін екенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі riamo.ru-ға сілтеме жасап. 

Дәрігердің айтуынша, аллергияның бір себебі шырша болуы мүмкін.

"Аллергияны ағаштың өзі емес, оны тасымалдап, сатылымға дейін сақтаған кезде қабығы мен діңінде дамитын микроскопиялық зең (көгеріс) тудырады", - деп түсіндірді Филева.

Бұдан бөлек, табиғи шайырлар тыныс жолдарының шырышты қабығын тітіркендіріп, реакция шақыруы ықтимал. Сонымен қатар, дәрігер жасанды шырша да, әсіресе ол шаң басқан жерде сақталса, қауіпті болуы мүмкін екенін атап өтті. Мұндай жағдайда шыршада шаң кенелері және зең споралары жиналып қалады.

Мереке алдында шыршаны шығарғанда аллергендер ауаға тез тарап, мынадай жағымсыз белгілерге әкелуі мүмкін:

  • мұрынның кенеттен су ағуы, бітелуі;
  • жиі түшкіру;
  • көздің қызаруы мен қышуы;
  • құрғақ жөтел.

Филеваның айтуынша, сирек жағдайларда жасанды шырша тері бөртпесін де қоздыруы мүмкін.

Дәрігер бұл белгілердің суық тиюге ұқсайтынын, бірақ аллергия кезінде әдетте дене қызуы көтерілмейтінін нақтылады. Сонымен бірге, өзін жайсыз сезінудің нақты себебін анықтау үшін дәрігерге қаралу қажет екенін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!