Дәрігер есте сақтау қабілетін жақсартудың жолын айтты

Психиатр әрі онколог Людмила Морозова есте сақтау қабілетін жақсартудың ең қарапайым тәсілдерін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lenta.ru-ға сілтеме жасап.

Дәрігердің айтуынша, мидың жұмысын жақсартқыңыз келсе, тәттіге аса үйір болмаған дұрыс. Өйткені тәтті жегеннен кейін қандағы қант бірден көтеріліп, адамға аз уақытқа ғана қуат бергендей болады. Бірақ артынан зейін бытырап, есте сақтау қабілеті төмендейді.

Морозова тағы бір маңызды жайтты ескертті: қант деңгейі ұзақ уақыт жоғары болса, ол тамырларды қажытады, мидың қанмен қамтылуын әлсіретеді. Уақыт өте келе бұл қантамырлық дерттердің және ми жасушаларының тозуына байланысты аурулардың қаупін арттыруы мүмкін.

Тәтті мен тоқаштың орнына дәрігер тұтас дәнді өнімдерді, көкөністі және бұршақ тұқымдастарды көбірек жеуге кеңес береді. Сонымен қатар, ас мәзіріне теңіз балығын, жидек-жемісті, жапырақты көк шөптерді, жаңғақ пен дәндерді, сондай-ақ, ашытылған сүт өнімдерін қосқан пайдалы дейді.

"Бір ғана өнім немесе қоспа өз алдына керемет нәтиже бермейді. Дұрыс тамақтану, қимыл-қозғалыс, қан қысымы мен қантты бақылау, дұрыс ұйқы және миды жұмыс істету", - деп түйіндеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!