Дәрігер демікпенің белгілерін атады

Алматының бас аллерголог-иммунологы Таир Нұрпейісов демікпенің белгілерін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Демікпе - тыныс жолдарының созылмалы қабынуы. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда қазір осы дертпен 300 миллионнан аса адам ауырады. Медицина дамып жатқанына қарамастан, ауруды уақытылы анықтай алмай, емге қолы жетпей жүрген науқастар әлі де көп", - деді ол ӨКҚ брифингінде.

Сарапшының айтуынша, Алматыда демікпемен тұрғындардың 0,5–0,7 пайызы, яғни қаладағы әрбір 100-200-ші адам ауырады.

"Дегенмен біздің ақпартқа қарағанда көрсеткіш 3–4 пайызға дейін барады. ЕО, АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия мен Жаңа Зеландия сияқты экологиясы жақсы елдердің өзінде демікпен ауыратындар көбейіп, 7-10 пайызға дейін жетіпті", - деді бас дәрігер.

Дәрігердің сөзінше, демікпе жастар мен балаларда көп кездеседі. Балалар арасында ұлдар жағы көп ауырса, ересектер арасында көп ауыратындар әйелдер екен. Бұрын "поллиноз" деп аталған аллергиялық ринитпен ауыратындар да осы тізімге кіріп тұр.

Балалардағы алғашқы белгісі құрғақ жөтел болса, ересектер күш түскенде ентігеді.

Таир Нұрпейісовтің айтуынша, демікпе аллергиялық және аллергиялық емес деп те екіге бөлінеді.

"95-98 пайыз жағдайда аллергиялық түрімен жастар жағы ауырады. Тез асқынғанымен, уақытылы емдесе жылдам сауығып кетеді. Ал аллергиялық емес түрі аз кездеседі", - деді ол.

Демікпе Қазақстанда ТМККК/МӘМС-тің бақылауына кіретін ауру қатарына жатады. Сарапшы аурудың белгісі анықталған жағдайда бірден емханаға аллергологтың қабылдауына баруды ұсынды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз