Дәрігер бастырылудың негізгі себептерін атады

Адам бастырылғанда санасы ояу болып, бірақ денесін қимылдата алмайды, себебі ұйқыда жатады. Сол себепті біраз уақыт сөйлей алмай қалуы мүмкін. Бұл туралы сомнолог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты София Черкасова "Газета.Ru" басылымына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, түс көріп жатқанда ми бұлшықеттердің қимылын уақытша тежейді. Бұл адам түсінде көрген қимылдарын өңінде қайталамауы үшін қажет. Кейде адам оянып кеткенімен, денесін қимылдата алмайтыны осыдан. 

"Адам айналасында не болып жатқанын түсініп жатады, бірақ денесі әлі де ұйқы күйінде болады", – деп түсіндірді Черкасова.

Дәрігердің сөзінше, бастырылған кезде адам қатты қорқып, түрлі елес көруі мүмкін. Мысалы, бөлмеде біреу тұрғандай немесе кеудесін әлдебір нәрсе басып жатқандай сезіледі.

Бастырылу көбіне ұйқының қанбауынан, ұйқы тәртібінің бұзылуынан, күйзелістен, уақыт белдеуінің ауысуынан және шалқасынан ұйықтау әдетінен болады. Дегенмен дәрігер мұндай жағдайдың әдетте денсаулыққа тікелей қауіп төндірмейтінін атап өтті.

Бастырылғанда бүкіл денені бірден қозғалтуға тырыспаған жөн. Оның орнына тынысты қалыпқа келтіріп, қолдың не аяқтың саусағын, тілді немесе көзді қимылдатып көруге болады.

Мұндай жағдай қайталанбауы үшін ұйқы тәртібін реттеп, жеткілікті демалып, қатты күйзелістен аулақ болған дұрыс.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!