Алманы тұрақты түрде жеу қандағы денсаулыққа кері әсер ететін холестерин деңгейін төмендетуге көмектесуі мүмкін. Бұл туралы гастроэнтеролог Евгений Белоусов "Известия" басылымына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, алма құрамындағы пектин ішекте өт қышқылдарының бір бөлігін байланыстырады. Ал ағза өт қышқылдарын түзу үшін холестеринді пайдаланады.
Соның нәтижесінде бауыр жаңа өт қышқылдарын жасауға холестеринді көбірек жұмсайды. Бұл тығыздығы төмен липопротеиндер, яғни денсаулыққа кері әсер ететін холестерин деңгейінің біршама азаюына ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар, алмада қан тамырларының саулығына пайдалы полифенолдар – антиоксиданттар бар.
Белоусов алманың бір сорты екіншісінен пайдалырақ деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, ең дұрысы – жаңа піскен немесе пеште пісірілген алманы қабығымен бірге жеу. Себебі пайдалы заттардың едәуір бөлігі қабығында болады.
"Ал алма шырыны, тосап, джем және алма қосылған тәттілерді жаңа піскен жемістің толыққанды баламасы деп санауға болмайды", - деді дәрігер.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz