Адамдар дәретханада смартфон қарап ұзақ отырады. Алайда нәжіс шығарудың қалыпты ұзақтығы – 3 минут. Одан ұзақ отыру денсаулыққа қатысты проблемалар тудырады. Проктолог және хирург Дмитрий Масленников мұндай әдеттің салдарынан пайда болатын негізгі ауруларды атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питер"-ге сілтеме жасап.
Бұл әдет жиі ерлер арасында байқалады. Ер адамдар түрлі өмірлік проблемалардан уақытша алаңдау үшін дәретханада ұзақ отырады деген де пікір бар. Олар бұл жерді жалғыз қалуға болатын орын ретінде қабылдауы, сондай-ақ тыныштықта смартфон арқылы шаруаларын жасауы мүмкін. Мысалы, жұмыс бабымен хаттарға жауап береді. Алайда бұл әдет денсаулыққа қауіпті.
Геморрой
Дәретханада ұзақ отырудың негізгі қаупі – геморройдың пайда болуы. Жиі және ұзақ күшену геморроидальді тінге қанның құюылуын арттырады. Қанайналым бұзылған кезде қан осы жерде тұрып қалады, ал геморроидальді түйіншіктер біртіндеп арта береді. Жағдай қаншалықты жиі және ұзақ қайталанса, геморрой соншалықты жылдам дамиды. Кей адамдарда дәретханада күшенбей жай отырса бола ма деген сұрақ туындайды. Алайда бұл мүмкін емес нәрсе.
"Дәретханаға барғанда автоматты түрде күшену пайда болады. Бұл әдетті бақылау мүмкін емес. Адам нәжіс шығарып тастап, смартфонға алаңдап ары қарай дәретханада отыра берсе де, ол автоматты түрде күшене береді", - деп түсіндірді дәрігер.
Кіші жамбаста қанның тұрып қалуы
"Бұл патологиялық жағдай тек геморройдың емес, сондай-ақ басқа да аурулардың дамуымен байланысты, - деп жалғастырды дәрігер. – Ол әйелдерде жыныстық органдарда қабыну процестерін дамытып, репродуктивті қызметке, етеккірдің жүйелілігіне және оның көп келуіне әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ бұл әдет белдің ауыруына әкеледі".
Ал кіші жамбаста қанның тұрып қалуы ерлерде эрекцияның бұзылуына әкелуі мүмкін және қуықасты безінде қабыну процестерін басталу қаупін арттырады.
Тік ішек сезімталдығының төмендеуі
Кей жағдайларда дәретханада ұзақ отыру әдеті тік ішек сезімталдығының төмендеуіне әкеледі. Бұл кезде орган ішектің толғанына дұрыс әсер бермей қояды. Яғни, адам үлкен дәретке барғысы келетінін ұзаққа дейін сезбейді. Бұл іш қатуға әкеледі.
Оқи отырыңыз: "Бактериялар шашырауы мүмкін". Унитазға дұрыс отырасыз ба?