Қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитов кәсіби боксшы Айдос Ербосынұлыға берген сұхбатында Қаңтар оқиғасында денсаулығын жоғалтқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қаңтар оқиғасында денсаулығымды жоғалттым. Бізді қатты ұрып қойғаннан кейін спортты қойдым. Біраз денсаулық кетіп қалды. Содан кейін 3 ай жүрдім. Дайындала алмадым. Десе де, өзіме бір мүмкіндік беріп, Тайландқа барып өзімді тексеріп келейін дедім.
Бізді 10 сағаттай тепкілеген ғой. Іле ауданынан қалаға келгенше бір сағаттай жүресің. Сол бір сағат спецназ екі көлікке отырғызып, жол бойы ұрған ғой. Менің қолымды байлап жатты, мен "не істеп жатырсыңдар" деп оған сөйлейін деп жатырғанда бір спецназ келіп, доп сияқты басымнан тепті. Содан кейін миым шайқалып, мені ұрғанын, тепкілегенін білмеймін. Оны достарым айтты. Мені ешкім ұрып көрмеген ғой, мен сенбеймін. Досым "сені былай ұрды, сен шыдайды екенсің" дейді. Ал мен болсам есімді білмеймін. "80 кабинет бар, сені сол 80 кабинетке кіргізіп ұрды" дейді. Оған қоса, өтіп бара жатып тепкілейді екен. "Сені еден тазалаушыдан бастап, бастығына дейін бәрі ұрды" дейді. Мен болсам, мүмкін емес деп сенбеймін. Маған бір қараңғы бөлмеде тепкілеп жатырған секілді болды. Кім ұрып жатқанын білмеймін. Бірақ ауырғанын сезіп тұрдым.
Мені ұрған адам бұл енді полицияны көрсе қашады деп ойлады. Мен 3-4 күннен кейін есімді жинағаннан кейін киініп аламын да, сол жерге қайттан бардым. Аулаға кріп қалсам, спецназ қатарда тұр. Олар маған қарап шок болды. Осы жерден отырып кетсем (түрмеге) де, бастығын ұрам деп бардым", - деді Қуат Хамитов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз