- Негізгі бет
- LifeStyle
- аутоиммунды ауру
“Буындар ауруы, бөртпе шығу“. Аутоиммунды дерт жайлы не белгілі?
Аутоиммунды аурулар - соңғы жылдары адамдар арасында жиі кездесетін патологияның бірі. Ол әлі толық зерттелмеген. Десе де, аутоиммунды аурулар жайлы не белгілі? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Бұл ауру кезінде ағза өз-өзіне шабуыл жасайды
Қалыпты жағдайда иммунитет адамды сыртқы қауіптерден (вирустар, бактериялар және т.б) қорғайды. Бірақ иммунды жүйеде жаңылыс болса, ол өз ағзасына шабуыл жасап бастайды. Нәтижесінде ауру пайда болады. Жиі асқазан, қалқанша без және буындар зардап шегеді. Аутоиммунды аурулар ұзақ уақыт бойы еңбекке қабілетсіз болуға тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін.
Белгісіз себептерден ерлерге қарағанда әйелдер жиі ауырады және ол әйелдерде ауыр өтеді. Жиі аутоиммунды ауруларға 18-50 жас аралығындағы адамдар шалдығады.
Аутоиммунды аурулардың пайда болу себебі
Аутоиммунды аурулардың мүмкін себептері:
- генетикалық бейімділік;
- ұрықтың жатырішілік даму проблемалары;
- ішек дисбиозы;
- иммундық реактивтіліктің жоғарылауы;
- тіндер мен органдардың қорғаныс механизмдерінің бұзылуы;
- Т және В лимфоциттері функцияларының бұзылуы;
- ішектің айтарлықтай өткізгіштігі.
Қауіп факторлары
Мына факторлар аутоиммунды аурулардың пайда болу қаупін арттырады:
- бактериялық немесе вирустық инфекциямен ауыру;
- фертильді жас, жүктілік кезіндегі және одан кейінгі кезең;
- ағзаның қатты улануы;
- зиянды өндірісте жұмыс істеу;
- қолайсыз экология;
- ішімдікке салыну;
- қатты және жиі стреске түсу.
Аутоиммунды аурулардың түрлері
Аутоиммунды аурулардың 100-ден аса түрі бар, оның шамамен 80-ге жуық түрі зерттелген. Олардың ішінде ең кең тарағандарына мыналар жатады:
Крон ауруы
Ағзаның барлық қабаттарының зақымдалуымен сипатталатын ішектің созылмалы ауруларының бірі. Ауру дами бастағанда ауырсыну сезімі, жиі іш өту, шаршаңқылық пайда болады. Кейбір жағдайларда ішекте жыланкөздер пайда болады. Бұл кезде науқасқа арнайы диета, сондай-ақ арнайы терапия тағайындалады.
Склеродермия
Бұл бүкіл дененің терісі мен тіндеріне тарайтын патология. Оның пайда болуына ақаулы коллагеннің артық түзілуі себеп болады. Нәтижесінде тері тым қатты болып кетеді. Ақуыздың артық мөлшері әртүрлі органдарда жиналып, олардың қалыпты жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін. Мысалы, склеродермия өкпе фиброзын немесе өкпе гипертензиясын тудыруы мүмкін.
I типті қант диабеті
Бұл жағдайда иммундық жүйенің шабуылына инсулиннің пайда болуына жауап беретін жасушалар ұшырайды. Ағзадағы ақауларға байланысты гормон мөлшері азаяды және қант деңгейі жоғарылайды. Нәтижесінде ол бүйрек, жүйке жүйесі және көзге теріс әсер етеді. Органдардың қалыпты жұмысын сақтау үшін арнайы дәрі-дәрмектер тағайындалады.
Склероз
Иммунитет талшықтардың қорғаныс қабатын жоюға тырысып, ағзаның жүйке жасушаларына шабуыл жасайды. Әсіресе жұлын мен ми зардап шегеді. Бастапқы кезеңде ауру аса байқалмайды: науқас аздап шаршап қана жүреді. Алайда уақыт өте жұлын мен ми талшықтарына жағымсыз әсер арта түседі.
Ревматоидты артрит
Бұл жағдайда иммундық жүйенің шабуылына буындар мен оларды жабатын тіндер ұшырайды. Нәтижесінде науқас ауырсыну сезіне бастайды. Бұл жағдайда буындар деформацияланады. Кейінгі кезеңдерде патология хирургиялық араласуды қажет ететін жағдайға дейін жетуі мүмкін (зақымдалған тіндерді ауыстыру қажет болады). Сондай-ақ оның асқынулары да бар. Мысалы, ревматоидты артрит өкпе фиброзымен байланысты. Бұл өкпе көлемінің төмендеуіне әкеледі, сондықтан науқастарда тыныс алудың қиындауы байқалады. Сондай-ақ ревматоидты артрит өңешке әсер етуі мүмкін: жұтыну проблемалары пайда болады.
Қызыл жегі (волчанка)
Бұл ағзаның барлық тіндерінің жасушаларына әсер ететін қауіпті ауру. Ол уақытылы және дұрыс терапиясыз өлімге әкеледі. Барлық ұсыныстарды ескере отырып, тағайындалған дәрі-дәрмектерді қабылдау иммундық жүйенің ағзаға теріс әсерін төмендетуі мүмкін. Көбінесе науқастарда бөртпе пайда болады және ол бет пен мұрынға таралады.
depositphotos.com
Псориаз
Бұл тері патологиясы. Бұл кезде қабыршақтанған ақ бөртпелер пайда болады. Бөртпелер қышиды, ауырсыну пайда болады және ыңғайсыздық сыйлайды. Егер уақытылы ем қабылдамаса, патология ішкі органдарға өтіп кетеді.
Васкулит
Бұл қанайналым жүйесіне әсер ететін ең қауіпті патологиялардың бірі. Тамырлардың қабырғалары жұқарады, ішкі органдар біртіндеп бұзылады.
Миастения
Теріс әсерге бұлшықет жүйесі ұшырайды. Науқас тез шаршайды, әлсіздік сезінеді, көз бұлшықеттеріне күш түседі.
Аутоиммунды аурулардың белгілері
Әрбір аутоиммунды аурудың өзіндік белгілері бар. Десе де, дәрігерлер аутоиммунды аурулардың жалпы белгілеріне мыналарды жатқызады:
- терінің бозаруы;
- асқазан-ішек жолдарындағы бұзылыстар;
- шаштың қатты түсуі;
- буындардағы ауырсыну;
- варикозды тамырлар және басқа тамыр проблемалары;
- етеккірдің бұзылуы;
- бедеулік;
- себепсіз шаршай беру;
- салмақ проблемалары;
- тітіркенудің жоғарылауы;
- дірілдеу;
- терінің қышуы.
Аутоиммунды ауруларды қалай емдейді?
Иммунды жүйе жұмысының бұзылуымен байланысты ауруларды емдеудің бірнеше әдісі бар:
Медициналық препараттарды қабылдау. Бұл иммундық жүйенің белсенділігін төмендетуге көмектесетін дәрі-дәрмектерді қолданатын емдеудің негізгі түрі. Дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдаудың арқасында ағза жағымсыз әсерлермен белсенді күреседі.
Физиотерапия. Ремиссия кезеңінде тағайындалады. Буындарды, тамырларды, бұлшықет тіндерін нығайтуға көмектеседі. Емдеу түрін, курстың ұзақтығын дәрігер ауруға және органдардың зақымдану дәрежесіне қарай анықтайды.
Емдік гимнастика. Бұлшықеттерді, буындарды нығайтуға көмектеседі. Науқастың жағдайын және нақты ауруды ескере отырып тағайындалады.
Хирургиялық араласу. Хирургиялық араласу аурудың ең соңғы кезеңдерінде тағайындалады.
Ескерту: өздігінен диагноз қою және емделу қауіпті. Өзіңізден қандай да бір жағымсыз белгілер байқасаңыз, дәрігерге қаралыңыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова