Экс-министр Асхат Аймағамбетов Әйгерім Сейфоллаға берген сұхбатында балалары қандай мектепте оқитынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Асхат Аймағамбетов баласы үйінің маңындағы қарапайым мектепте оқитынын айтты.
"Мектептің ауладан, тұратын жерден алыс болмағаны жақсы. Бұл қауіпсіздік мәселелеріне байланысты. Мен баламды дәл өзімнің ауламдағы қарапайым мектепке бердім. Өйткені, жақсы мұғалімдері де бар, соншама керемет деңгейдегі зияткерлік мектеп емес, бірақ менің ойымша жеткілікті", - деді ол.
Жүргізуші экс-министрден "балаларыңыз беспен оқуы керек пе" деп сұрады.
"Балалар бізде барлығы бірдей емес. Әрине, кім өзінің баласының, досының, жақынының жақсы оқығанын қаламайды. Бірақ негізінен барлық пән бойынша бес алу деген талап жоқ. Өйткені кей балалар математика мен физикадан мықты болса, гуманитарлық бағыттан соншалықты мықты бола алмайды. Сондықтан бастысы, бағалар емес, себебі баға субъективті, бастысы - адамның тәрбиелі болуы, адал жақсы азамат болуы, тиісті құндылықтарды бойына сіңіруі. Оны бағалаумен зерттеу немесе бағалау мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде төрт пен беске тіреліп, соны бағалап отыру соншалықты дұрыс болмайды деп ойлаймын", - деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат мектептегі бағалаудың негізгі міндеті жайлы да айтты.
"Бізде баға маңызды емес, сол баға нені көрсетеді сол маңызды. Бізде мектептерде енгізілген критериалды бағалаудың басты міндеті - ол баланың қай жерде екенін, қай пәнді қалай игергенін, нені игере алмағанын және қай мәселемен қосымша жұмыс істеу керегін көрсететін жүйе", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!