Заңгер Инга Иманбай актриса Дариға Бадықованың талаптары сотта қанағаттандырылмағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Инга Иманбай Дариға Бадықова сотта қандай талаптар қойғанын айтты.
"Сотта Дариға Бадықованы жеңдік. Бұл істе мен журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың өкілі ретінде қатыстым және оны толық қорғап шықтым. Дариға ханымның соттағы талабы қандай болды? 2025 жылғы 4 қазандағы YouTube-тағы сұхбатты шындыққа сәйкес келмейді деп тану, видеоны өшіру, айтылған сөздер үшін жария түрде кешірім сұрату, 1 000 000 теңге моральдық зиян өндіру, 2 500 000 теңге заңгерлік шығынды және 802 128 теңге сараптама ақысын өндіріп беру. Яғни материалды жою, журналист пен экс-күйеуін жауапкер ету, кешірім сұрату және 4 миллион теңгеден аса қаржыны өндірту туралы талап қойылды. Сот бұл талаптың барлығын толық қанағаттандырусыз қалдырды", - деді Инга Иманбай.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мән-жайы
Айта кетейік, 2025 жылы қазанда "Уақыт көрсетеді" YouTube арнасында актер Дархан Мұсаевтың сұхбаты жарияланды. Ол Дариға Бадықовамен неге ажырасқанын, 16 жылдық отбасылық өмірі туралы айтты.
Кейінірек актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.
"Киномның алдында, сонша төккен еңбегімнің, адал терімнің алдында өмірімді күлге айналдырмақ болған әрекет тек мені емес, өнердің өзін де қорлау деп білемін. Мен халыққа жеке өмірімді емес, жүрегімді, еңбегімді, өнерімді ұсынып келдім. Әрдайым өнер бөлек, жеке өмір бөлек деген позицияда болдым. Әйтпесе хайп қуамын десем айтар нәрсе жетеді менде де! ...Менің де шындығым бар және ол шындық та айтылар күнге жетті. Осы күнге дейін көп нәрсені жасырып жүрдім", - деді ол.
Сонымен қатар, актриса әрі продюсер Дариға Бадықова даулы сұхбаттан кейін бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевтың үстінен арыз түсірді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова