Бүгінде жастардың көпшілігі шетелде оқуды, ел танып, жер көруді, саяхаттауды құп көреді. Алайда 50-ден асқан шағында мұхит асып, бұрын аяқ баспаған елге бару көптің қолына келе бермейтін ерлік деуге тең.
Дәл осылай 50 жасты еңсерген шақта Америкаға көшіп, тіл үйреніп, шетелде жұмыс істеп жүргендердің бірі - Жұмабай Молдажанов пен Бақытгүл Қалиаждарова. Балалары олардың шетелдегі өмірін көрсетіп, әлеуметтік желіде жариялап тұрады. Massaget.kz тілшісі Жұмабай Молдажанов пен Бақытгүл Қалиаждарованың келіні Гүлжанармен сұхбаттасты.
"Ұшақ көрсе, "ата-апа келе жатыр" дейтін". Америкаға көшіріп алу идеясы қалай келді?
Әлеуметтік желіде Америкада UberEats қызметінде тамақ тасумен айналысып жүрген Жұмабай Молдажановтың видеосы әп сәтте тарап кетті. Көпшілік 50 жаста ата-аналарын шетелге көшіру идеясы қалай келді екен деп ойланғаны жасырын емес шығар. Олардың келіні Гүлжанардың сөзінше, ата-анасы бұған дейін тіпті алыс-жақын шетелге шығып көрмеген.
"Ата-анамызды Америкаға көшіріп, қасымызда болғанын қаладық. Өйткені тұңғыш немересі Мағжан сағынып іздейтін, сұрайтын. Төбеден ұшақтар көрсе, "ата-апа келе жатыр" дейтін. Біз соған тілекші болдық. Туристік визаға тапсырудың амалын ойладық. Грин карта лотереясы басталған кезде ата-анамыз тапсырып көрсін деп шештік. Суреттерін, құжаттарын алып, әкеме де, анама да тапсыртып қойдым. Сөйтіп, ұтып кетті. Бірақ ол кісілер "қалай болар екен" деп біраз ойланды. Өйткені бір жерде тұрақтап қалған кісілер алыс-жақын шетелге шығып көрмеген. Той-томалаққа, ұзаса Атырауға, Семейге, Астанаға барып жүргендері болмаса, шет ел шығып, жер асып, ел асып көрген емес. "Құласаң нардан құла" демекші, Америкаға бір-ақ алып келдік", - дейді Гүлжанар.
"Келемін десе де, қайтамын десе де өз еріктерінде"
Үлкендер жағы әдетте ауылдан жырақ шыққысы келмейді. Ондағы себеп ағайын-туыс, дос, бауыр екені де белгілі. Гүлжанар ата-анасы да алғашында ауылды қимағанын айтады.
"Олар да ауылдан ұзап кетуге дос-жаран, ауыл-аймақ, той-думанды қимады. Грин картаның бір жақсысы, бастапқы 6 ай Америкада болсаңыз, әрі қарай келіп-кетіп жүруге мүмкіндігіңіз бар. Бұл кісілерге саяхат есебінде, жаңа нәрсе есебінде көрсетсек деп ойладық. Немересін де көреді. Өздері ойлағаннан кейін бір шешімге келді. Ол кісілерге "әрқашан таңдау болады, келемін десеңіздер де, қайтамын десеңіздер де өз еріктеріңізде" дедік", - дейді ол бұл туралы.
Көпшілікті толғандыратын тағы бір сұрақ - олардың 50 жаста Америкаға қандай жолмен барғаны.
"Америкаға грин картамен келді. Лотереядан ұтты. Ол кісілер бірінші рет қатысып тұр. Құжаттары тап-таза болды, жаңа алған. Шетелге шығып көрмеген. Лотереяға да бірінші рет қатысып, бірінші ретінен ұтты. Грин карта лотереясынан ұтпаса, туристік визаға тапсырып, туристік визамен келеді деп ойладық. Алла Тағаланың сыйы болып тұр ғой", - дейді келіні.
Олар қазір Нью-Йорк штатында Бруклинде тұрып жатыр.
"2021 жылы келдік, содан бері осы жақтамыз. Ал ата-анамыз 1 маусымда келді, 6 маусымда Мағжанның туған күнін осы жақтан тойлайық дедік. Анамыз 50-ге толды. 50 жасын Америкада бірге қарсы алдық. Содан міне 5 ай өтті", - дейді Гүлжанар.
"Қазақстанда 50-ден аса бергенде шетелге келу деген жаңалық сияқты"
Бұрын шетелге шығып көрмеген жандар 50-ден асқан шағында Америкаға барғанда, қатты таңғалыпты. Өйткені Америка - түрлі ұлттар, нәсілдерді тоғыстырған алып мемлекет.
"Алғашқы реакциялары - таңғалу. Ұшақтан түскен бойда ыстық болды, "не деген ыстық, қапырық" деп, кейін үйреніп кетті. Адам көптігіне, әр алуандығына, неше түрлі ұлт, нәсілге, стиль, модаға таңғалды. Тағамның да неше түрі бар, неше түрлі иіс, неше түрлі келбет, ғимараттар деген сияқты. Жаңа нәрсенің бәрінде ми жұмыс істеген кезде нейрондар оянып, жарылады дейді ғой. Бұл кісілерде де сондай болды деп ойлаймын. Серпіліс, жаңа тыныс. Енем де 50-ге толды. 100 жыл өмір сүреді десеңіз соның жартысы. Қазақстанда 50-ден аса бергенде шетелге келу деген жаңалық сияқты", - дейді ол.
"Жасқа да, кәріге де шетел асамын десе, тіл керек"
Шет елде өмір сүрудің өзіндік қиындығы да жоқ емес. Бұл орайда ең бірінші кедергі, әрине, тіл.
"Қиындық тілде шығар. Бұл кісілер тілден қиналуы мүмкін. Сөздеріне қарасақ, қалған жағынан бәрі дұрыс. Тіл болса, өмір сүру әлдеқайда жеңілірек болады. Бұл жақта өзбектер көп, орыстар көп. Аса қатты ағылшын тілін қажет етпейтін орталар да бар. Анамыз ағылшын оқып жүр. Біраз үйреніп қалды. Атам да біраз hello, good bye дегендерден басқа сөйлемдерді үйреніп қалды. Жасқа да, кәріге де шетел асамын десе, тіл керек қой. Бұл кісілер - үлкен кісілер. Түсінуге болады. Қабылдауы әртүрлі", - дейді Гүлжанар.
"Әкем жұмысқа шығып кетті, анам тіл курсына барып жүр"
Гүлжанардың айтуынша, олар жасым келді деп қарап отырған жоқ. Әкесі жұмысқа шығып кетсе, анасы түрлі ұлттармен бірге тіл курсына барып, тіпті экзамендерін де тапсырып жүр екен.
"Атам таңертең жаттаған сөзін кешке ұмытып қалып, бізден сұрап отырады. Бірақ жайлап үйреніп келе жатыр. Ол кісілерге салмақ салмаймыз. Өздерін еркіндікке жібердік. Өздері біледі не істесе де. Қазір рахаттанатын уақыттары ғой. Бірақ атамыз - еңбек деп қалған кісі. Қарап отыруды білмейді. Үйде жолдасым ғана жұмыс істейді. Атамыз ыңғайсызданып, "бір кісінің қолына қарап отырамыз ба" деп, жұмысқа шығып кетті. Үйде іші пысып кетеді. Ол кісіге де жақсы сияқты. Неше түрлі адам, үйлердің ішін көреді. Анам тіл курсына барып жүр, өзіне ұнайды. Жаңа мұғалімдер, өзінен кіші мұғалімдер, мексикалықтар, арабтар, өзбектер, украиналықтар бар, бәрі аралас. Келген сайын жаңа нәрсе үйреніп жүргенін, экзамен тапсырғанын айтып отырады", - дейді ол.
"Атам етпен айналысты, анам - мұғалім"
50 жаста мұхит асқан жандардың келіні Гүлжанар олардың Қазақстанда біраз жыл істеген жұмысы болғанын да айтты.
"Атам етпен айналысты. Жылқы бордақылап, сиыр ұстап, етін тұтынушыларына тасып жүретін. Шағын бизнесі болды. Анамыз - бір мектепте 27 жыл еңбек еткен биолог-химик, психолог. Сол мектептен 27 жыл істеп шықты. Қазір оқу оқып, тіл меңгеріп жатыр. Тіл үйренсе, ол кісінің ойы - балабақшаға орналасу. Өйткені өзі қатты балажан. Осы жаққа балабақшаға кірсе, жақсы болушы еді. Әкеміз қазір UberEats-те тамақ тасиды", - дейді Гүлжанар.
"Мамырда жайлауға барғылары келеді"
Гүлжанар ата-анасының елге қайту немесе Америкада болу туралы шешімі өз еріктерінде екенін жеткізді.
"Елге қайту өз еріктерінде. Мамырда жайлауға барғылары келеді. Мағышты да Алла қаласа беріп жіберетін шығармыз. Ел көріп, жер көріп, Қазақстанды көріп қайтса деп ойлағанбыз. Ал ата-анамыз өздері біледі. Қай уақытта келетінін, қай уақытта ел аралап жүретіндерін. Грин картада 30-дан аса мемлекетке визасыз кіріп шығуына рұқсат бар", - дейді ол.
Ал олар елді сағынғанда, тойды сағынғанда, той әндерін тыңдап тұрады екен. Сондай-ақ, Америкада еттен де айтарлықтай мәселе туындамайды екен.
"Қазақстанда дос-жаранды, той-думанды сағынды. Арасында үйде той әндерін қосып қоямыз. UberEats-те жүргенде де той әндерін қосып қоямыз. Өздері келгенде, жылқы етін, қазы алып келген. Бір-екі күн бұрын сол жылқы етін тауыстық. Бірақ еттен аса қиындық жоқ. Сиыр еті, қой еті бар", - дейді Гүлжанар.
"Қатты таңғалғандары - еркіндік"
Әр халықтың өзіндік болмысы, мінез-құлқы болады. Жұмабай Молдажанов пен Бақытгүл Қалиаждарова Америкада байқаған бір ерекшелігі еркіндік екен.
"Америкалықтардан еркіндікті байқады. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Ешкімнің жеке басына тиіспейді, ешкімнің жеке мәселесі қызықтырмайды, әркім өз-өзімен. Біздегідей туыстық қарым-қатынас, туысқандармен жиналу деген жоқ. Әркімнің проблемасы өзінде, өзі шешеді. Еркіндікті айтты, ең қатты таңғалғандары сол болыпты", - дейді олардың келіні Гүлжанар.
"Үлкені тіл курсында, кішісі мектепте оқиды"
Гүлжанардың ата-анасымен бірге екі қайын сіңілісі де Америкаға барған. Олардың үлкені қазір тіл курсында тіл үйреніп жүрсе, екіншісі америкалық мектепке барыпты.
"Ортаншы қайын сіңілім Қазақстанда мектеп бітіріп келді. Қазір үйде. Тіл үйреніп жүр. Алла қаласа келесі жылы колледжге бағыттайын деп отырмыз. Gap уear деп айтады ғой, өзін іздеп, қай бағытта дамығысы келеді, соны іздеп, сол бағытта жүр. Бір жыл Gap уear алдық. Кіші қайынсіңілім қазір Қазақстан стандарты бойынша 11-сынып оқып жатыр. Бұл жақта 12 жылдық білім беру жүйесі ғой. 11-сыныпты бітіріп, келесі жылы 12-сыныпты оқиды. Үйренісіп қалды. Мектепке орналасу жайы бұл жақта басқашалау. Орналасқан ауданыңның мектебіне ғана бара аласың. Ортаншы қайынсіңілім ағылшын тілін жетік білмейді. Кіші қайынсіңілімнің ағылшыны өте жақсы. Ол Қазақстанда жүргенде, біздің Америкаға барып-келіп жүргенімізге қызыққан болуы керек. Сол кезде белсене шешіп, оқуды жөн көріп, біраз үйреніп қалған. Мұғалімдерімен ағылшынша сөйлеседі. Ағылшыны сондай болып келеді деп мен де күтпедім. Өзім таңғалдым. Емін-еркін фильмдер, деректі фильмдер көреді. Мектептердің айырмашылығы ретінде сабақтар жеңіл екенін, біздегідей ауыр емес екенін айтады. Бұл жақта кітап жоқ. Бәрі онлайн, тапсырмалар да онлайн. Бәрі еркін екенін айтады. Мектеп формасында да бірыңғай мектеп формасы жоқ. Төртеуінің айтатыны сол - еркіндік, бостандық", - деп түйіндеді әңгімесін Гүлжанар.
Еске салайық, бұған дейін 50-ден асқан шағында Америкаға көшкен ер адам екі айда көлік алғаны хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстанға жылына қанша шетелдік турист келеді?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!