- Негізгі бет
- LifeStyle
- Бүркітші қыз Айшолпан:...
Бүркітші қыз Айшолпан: "Мен туралы кино бүкіл елде көрсетілгенімен, Қазақстанда әлі көрсетілмеді"
Айшолпан Нұрғайыпқызы көпшілік батылы бара бермейтін жолды таңдаған. Соның арқасында бүкіл әлем жұрты оны тұңғыш бүркітші қыз ретінде жақсы біледі. Жуырда Айшолпанның отбасы туған жерге, дәлірек айтсақ, Моңғолиядан Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бозанбай ауылына көшіп келді.
Massaget.kz тілшісі Айшолпан Нұрғайыпқызымен сұхбаттасып, қазір немен айналысып жүргенін, ата-анасы қалай көшіп келгенін сұрады.
"Жеті атамыздан жалғасып келе жатыр"
Айшолпан Моңғолия мемлекетінде дүние келсе де, қазақтың төл дәстүрін, ұлттық өнері мен ойындарын сақтап қалған текті әулетте тәрбиеленген.
"Әкемнің есімі - Рыс Нұрғайып, анам - Алмагүл Көксеген. Отбасымызда төрт ағайындымыз: ағам - Самарқан, сіңілім - Сәйгүлік, інім - Дінислам", - дейді ол.
Жеке архивтен
Бүркітші қыздың сөзінше, құсбегілікке келуі тегін емес: қаннан дарыған өнер, текпен жалғасқан қасиет.
"Менің алдымда Самарқан деген ағам бар. Ол да құсбегілікпен айналысады. Өзінің бүркіті бар болатын. Алайда ағам мектепті бітірген соң оқуға кетті де, оның бүркітін қарау, баптау менің мойныма жүктелді. Ол кезде мен бар-жоғы сегіз жаста едім. Таңнан кешке дейін қызықтайтыным сол бүркіт болатын. Алғаш рет қыран бүркітті сол кезде қолыма ұстап көрдім. Бүркіттің салмағы - он келі. Өзіңіз ойлаңызшы, мұндай салмақтағы бүркітті ұстау үшін де үлкен күш керек" дейді ол.
"Екі мыңжылдық тарихы бар бүркіт салып, саятшылық құру - біздің жеті атамыздан бері жалғасып келе жатқан өнер. Мәселен, менің әкем де, ағам да, атам да айналысқан. Атамнан тарап, бүкіл ұрпаққа жалғасып отыр. Мен бала кезімнен әкемнің, әкемнің бауырларының бүркіт баптап, саятшылыққа шығатынын көріп өстім. Сондықтан бұл өнерге жақын болдым", - дейді Айшолпан.
Жеке архивтен
"Қиядан құласам, тірі қалмайтыным белгілі еді"
Айшолпанға бүркітшілік әлем көруге, қазақтың төл өнерін танытуға мүмкіндік берді. Оның сөзінше, бүркітшіліктің арқасында 31 ел аралаған.
"Мен туралы режиссер Отто Белл "The Eagle Huntress" атты фильм түсірді. Фильм әлемнің 30 мемлекетінде, оның ішінде Лондон, Нью-Йорк, Дубай, Токио, Сидней, Франция секілді елдер мен қалаларда көрсетілді. Көпшілік көңілінен шыққан "The Eagle Huntress" фильмі 2015 жылы "Оскар" сыйлығына да ұсынылған болатын. Ал 2018 жылы Нью-Йорк қаласында "Asia Game Changer" сыйлығын иеленді", - дейді ол.
Ал оның 18 метр қиядан түсіп, балапан алған өжеттігін дүние жүзіне алғаш танытқан - израильдік фотограф Ашер Свиденский.
"Израильдің фотографы Моңғолиядағы бүркітшілер сайысына келген. Көбіне ер адамдар ғой. "Неге ер адамдар, әйел адамдар, қыз балалар жоқ?" деп зерттегенде, біреу "Алтынсөксе деген ауыл бар, сол ауылда Нұрғайып деген кісі бар, соның қызы бүркіт ұстайды" деген. Содан фотограф келді. Қарапайым өмірде бүркіт ұстап, суретке түстім. Әлемге танылып кетемін деген ой болмады. Бір айдан кейін "Бүркітші қыз Айшолпан" деп интернет желісіне жариялады. "Осы қызды киноға түсіргісі келетін адамдар болса хабарласыңыздар" деді. Сол кезде америкалық Отто Белл есімді режиссер хабарласады", - деді Айшолпан.
Кейін түсірілім жұмыстары басталған.
"2 жарым жыл түсірілді. Төрт мезгілде келіп тұрды. Жаздың бір айында, қыстың бір айында, көктемде деген секілді, ұзақ уақыт алды. Алғашында мен үшін өте қиын болды. Өйткені ол кезде тұйық болдым, адамдармен сөйлеспейтінмін. Қалай түсемін, жылай алмаймын, күле алмаймын деген сынды ойладым", - дейді бүркітші қыз.
Айшолпан кинода әкенің тәлім-тәрбиесі, қазақтың салт-дәстүрі, көшпенділердің өмірі көрсетілгенін айтады. Тіпті бір тұста қыранның балапанын алу керек болған.
"Әкем белімнен екі арқанды байлап, 18 метр қиядағы бүркіттің ұясына түсірді. Бүркітті білесіздер, ұясын қиын құзға салады. Өте қиынға соқты. Енесі келіп қала ма деп қатты қорықтым. Әкем айғайлап, дауыстап тұрды. Қиядан құласам, тірі қалмайтыным белгілі. Бірақ балапанды алып шықтым. Өкініштісі, мен туралы түсірілген кино бүкіл шетелде көрсетілгенімен, Қазақстанда әлі көрсетілмеді", - дейді Айшолпан.
Жеке архивтен
Ал кинодан кейін Айшолпан туралы кітап та жазылыпты. Америкалық жазушы Лиуза Уэлштің кітабы "The Eagle Huntress" деп аталады.
"Пандемия кезінде Нью Йорк қаласындағы ашылуына бара алмай қалдым. 2021 жылы Қазақстанда ашылуын жасадық. Сол кезде кітабымды жазған Лиуза келіп, Астана қаласында тұсаукесері болды. Қазіргі таңда ол кітап қазақша, моңғолша, түрікше үш тілде аударылып жатыр", - деді Айшолпан.
"Қазақстанға келу арманым болды"
Әлемге құсбегілік өнерімен танылған бүркітші қыздың атажұртқа - Қазақстанға келуі күтпеген жайт болған. Өйткені оның әрі қарай Отанда қалуына мүмкіндік туған.
"Қазақстанға келу ең үлкен арманым болды. Кином арқылы әлемнің 30 елінде болдым, бірақ Қазақстанда болмадым. Сол кезде Қазақстан телеарнасынан Ғабит Бөкенбай деген ағам келіп, түсірілім жасап кетті. Сол кезде Қазақстанға келу арманым екенін айттым. Ол кісі арманымды орындайтынын айтты. Ең алғаш 2018 жылы Қазақстанға келдім, бірақ күтпеген жағдайлар болды. Өйткені мен тек Қазақстанды көру үшін келдім. Бірақ Білім инновация қоры Spectrum халықаралық мектебінен оқуға грант ұсынды. 2019 жылдан бастап Астанада оқыдым, 2 жарым жыл уақыт, 11-сыныптың жартысы мен 12-сыныпты оқыдым. Ол жерді тәмамдағаннан кейін жоспарым бойынша Америкаға кетуім керек болған. Бірақ, өкінішке қарай, мен бітірген кезде пандемия болып, кете алмадым", - дейді ол.
Жеке архивтен
Айшолпан моңғол мектебінде оқыған. Алайда туған тілді жадынан әсте шығармаған.
"Моңғолияда қазақтар шоғырланған жер - Байөлке. Салт-дәстүрді әлі күнге дейін ұстанады. Нағыз қазақтар сол жақта тұрады. Отбасымызда қазақша сөйлесеміз. Тәрбиеміз қазақша болғаннан кейін қазақша жақсы білеміз. Елге келгеннен кейін, әрине, қиын болды. Моңғолияда кейбір сөздерді қазақша, моңғолша араластырып сөйлесек, бұл жақта орысша, қазақша сөйлейді. Бірақ мен оқыған халықаралық мектепте қатты қиын болмады, себебі сабақ тек ағылшынша жүрді. Сыртта адамдармен қарым-қатынас жасау үшін бір ай уақыт өте қиын болды. Түсіне алмадым. Қазір үйреніп кеттім", - дейді ол.
Қазір ол Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында 4-курста оқып жатыр.
"Астана жүрген кезде көбі автобуста болсын, таксиде болсын танып қоятын. Бірақ Алматыда сирек таниды. Өйткені адам өте көп. Бірақ университетте танитындар бар", - дейді Айшолпан.
"Қазақстан азаматтығын әлі алмадық"
Бүркітші қыздың отбасы да жуырда ғана атажұртқа қоныс аударды.
"1 апта болды, ата-анам Моңғолиядан көшіп келді. Қазір Шығыс Қазақстан жақта тұрып жатыр. Әлі Моңғолияның азаматымыз, Қазақстанның азаматтығын енді аламыз. Негізі әкемнің туыстарымның бәрі сол жақта. 1993 жылдан бастап анамның туыстары келе бастаған. Астанада, Қарағандыда, Алматыда туыстарым бар. Өскемен жақта ешбір туысымыз жоқ", - дейді ол бұл туралы.
Жеке архивтен
"Көбіне әйел бүркітті ұстайды"
Айшолпан бүркітшілік өнермен әлі де айналысады екен.
"Бүркітшілікпен танылғаннан кейін қазіргі таңда да айналысамын. Өскеменде, Астана, Алматы, Көкшетау, Бурабай деген жақтарда бүркітшілер сайысы өтіп тұрады, сол жерлерге барып қатысып тұрамын. Өкінішке қарай, бүркітімді алып келе алмаймын. Шекараға байланысты бүркіттерді әкелуге байланысты біраз мәселе бар. Құжаттары болуы керек. Осы жақтан бүркіт асырап отырмыз", - дейді ол.
Бүркітші қыздың айтуынша, моңғолдардың өздері сұңқар, қаршығамен айналысады. Қазақтар ғана бүркітпен және тазы итпен айналысады.
"Балапанды екі түрінен ұстайды. Біріншісі ұядан алу болса, екіншісінде қақпанмен ұстайды. Аспанда ұшып жүрген үлкейіп кеткен бүркітті тормен ұстайды. Ішіне қоянның немесе түлкінің етін тастап, соған келген кезде торға байланып қалады. Екеуінің үйрету уақыты өте ұзақ. Ал балапан болғанда ұясынан алғаннан кейін үйренуі үшін бір айдай уақыт кетеді. Ал даладағы үлкейіп кеткен бүркітті ұстаған кезде оны үйрету ұзақ уақытқа, 2 айға жалғасуы мүмкін. Себебі ол үлкен бүркіт болғаннан кейін еркіндікке үйреніп қалған. Негізі көбіне әйел бүркітті ұстайды. Себебі еркек бүркітке қарағанда әйел бүркіт жылдам, шапшаң қозғалады, сонымен қатар, кез келген нәрсеге батылы бара алады. Денесі ірі болады. Еркек бүркіт сәл қорқақ болады. Себебі олар қоян, тышқан секілді ұсақ-түйек жануарларды ұстайды. Ал әйел бүркіт қасқыр болсын, аю болсын ұстай алады", - дейді Айшолпан.
Айшолпан бүркітті баптау жолдарын да бөлісті.
"Бүркіт қыркүйектен бастап наурызға дейін аң ұстап, өз жемін өзі ұстайды. Ал наурыздан тамызға дейін өзіміз жем береміз. Әкем суыр, қояндарды атып әкеліп береді. Себебі бүркіттер түлейді де, наурыздан бастап қанаттары түсіп, жаңа қанат шығады. Өйткені жазды күн ыстық болып, ұша алмайды", - дейді ол.
Жеке архивтен
Айшолпан бүгінде көрген-білгенін өзінен кейінгілерге де үйретіп жүр екен.
"Мен әлемге танылғаннан кейін, 2 жылдан соң Моңғолияда 14 бүркітші қыз шықты. Қазақстанда сұңқаршы, бүркітші қыз болып шыққан қызды білемін. Шығыс Қазақстан жақта тұрады. Өзім қазір тәрбиелеп жатырмын", - дейді ол.
Бүркітші қыз алғашында құсбегілікпен айналысу оңай болмағанын, тіпті қыз балаға бүркіт баптау қиын екенін айтқандар табылғанын да жеткізді.
"13 жасымда бүркітші қыз болып, 77 ер адамның арасынан қатыстым. Ол кезде қатты қиын болды. Алғаш бүркітші қыз болып шыққаннан кейін көп адам қарсы болды. "Қыз бала деген үйде отыру керек, қыз бала шай қайнату керек, тау-тасқа жүре алмайды" деді. Мақсатыма, арманыма жету үшін ата-анам қолдап отырды, ол кісілерге ризамын. Ең қиын кез қыста болды. Сол кезде балапаным түлкі ұстап, бүркітші қыз екенімді дәлелдедім. Мен бүркітші қыз болғаннан кейін өз қыздарын да тәрбиелей бастағандар бар. 2018 жылы желтоқсанда "Әлемді өзгерткен ең танымал қыз" деген марапат алдым. Ал 2019 жылы Моңғолияның президентінен "Алтын жұлдыз" деген марапат алдым", - деді ол.
Жеке архивтен
Айшолпанның сөзінше, елде бұл саламен айналысуға мүмкіндік болғанымен, министрліктер тарапынан қолдау жоқ екен.
"Моңғолияда бүркітшілер сайысы күшті өтеді. Туристер көп қызығатыны - 2-3 күнге қоямыз. Бүркітшілер сайысы дегенде тек бүркітшілер емес, ол жерде қыз қуар болады, тиын ілу болады. Соның барлығын көрсетеміз. Ат шабу, түйе шабу дегендей. Кәдімгі түйелер де жарысады", - деді бүркітші қыз.
"Қыста ғана шатырлы үйіне келіп, қалған кезде көшіп жүреді"
Айшолпан шеттегі қазақтардың тыныс-тіршілігін де таныстырды.
"Нағыз қазақстар Қытайда және Моңғолияда деп айта аламыз. Себебі қазақтың салт-дәстүрінің бәрін сақтаған, мал шаруашылығымен айналысады. ХХІ ғасыр болғаннан кейін киіз үйде тұрмайды. Шатырлы, екі қабатты үйлерде тұрады. Өте жақсы өмір сүреді. Көшпенді. Төрт мезгіл сайын көшіп отырады. Мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін бір орында отыра алмайды. Қазір дамыған ғой, көліктерімен көшеді. Жазда бір жаққа, күзде бір жаққа көшеді. Қыстауда ғана шатырлы, көпқабатты үйлері бар. Ал жазда, күзде күн жылы болғаннан кейін киіз үйлерін артып алып көшіп жүреді", - дейді ол.
Бүркітші қыз Моңғолиядағы қазақтар ұлттық киімді күнделікті өмірде де киіп жүретінін айтты.
"Бізде ұлттық киімдерді күнделікті киіп жүреді. Қазақстанда, өкінішке қарай, мереке кездерінде ғана киеді. Кейінгі кездері тақиялар, оюлар тренд болып жатыр. Моңғолияда пұшпақ тымақ деген секілді киімдерді күнделікті киеді. Осы жаққа келіп, ең таңғалғаным сол болды. Қазақстан дегенде Моңғолиядағыдай елестеткенмін: бәрі қазақи киім киіп жүргенін, таза қазақша сөйлегенін, сондай көзқараспен келдім", - деді ол.
Айшолпанның сөзінше, тағы бір ерекшелік тамаққа қатысты болған.
"Моңғолияда көбіне табиғи тамақтар. Қазақстанға келгенде тамақ жағынан қиналдым. Моңғолияда бәрін қолдан жасаймыз, көбіне ет жейміз", - деді ол.
Жеке архивтен
"Қазақстанда қалып, қазақтың атын шығару - мақсатым"
Кішкентай кезінен көпті мойындатқан Айшолпан ендігі мақсатын да айтты.
"Бүркітші қыз болып танылсам, енді білімді қыз болып танылғым келеді. Сонымен қатар, мақсатым - Шығыс Қазақстанға көшкеннен кейін бүркітшілікті жалғастыру, туризмді дамыту, бакалавр бітіргеннен кейін магистратура оқу. Ал ендігі жоспар - Қазақстанда қалып, қазақтың атын шығару", - деп түйіндеді ол әңгімесін.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова