- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Бұл туралы еш...
"Бұл туралы еш жерде айтпағанмын". Төрт баласымен америкалық азаматқа тұрмысқа шыққан блогер ұлдары туралы сырын айтты
Төрт баласымен америкалық азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қызы Айдын Тоқсанбаева ұлдары туралы "Шетелдегі қазақ балалары" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айдын қазір Асылжан, Әміржан, Ақылжан, Батыржан есімді төрт ұлдың анасы.
"Тұрмысқа шықтым, бала көтердім. Бірақ сол аралықта бұрынғы жолдасыммен түсініспеушілік болды да екі жаққа кеттік. Аяғым ауыр кезде қиын жағдайда жүрген, баладан бас тартқысы келетін қыздарды кездестірдім. "Әттеген-ай" деп жүрегім ауыратыны, аяғы ауыр боп қалған қыздарды ешкім қолдамайды. Ал мен қолдадым. Бір адамды қолдаймын деп көп адамды қолдадым. Кейбір тағдырлар бар, басқа шешімі жоқ. Ата-анасы біліп қойса, екеуінің біреуі өлу керек болады. Сондай жағдайда мен пайда болдым әрі баламның жалғыз өскенін қаламадым. Енді тұрмысқа шықпаймын дедім. Сонымен асырап алуға бала іздегендей болдым. Іздегенім алдымнан шықты", - деді ол.
Үш ұлы 2018 жылы, біреуі 2020 жылы дүниеге келген.
"Негізі бұл туралы еш жерде айтпағанмын. Бәрі бір-біріне ұқсамайтыны үшін және бір жылда бірнешеуі қатар болғанына күмәнданып айтады. Балаларды ойлаған кезде кейде жылаймын. Егер олар менде болмаса, қайда болар еді?! Өмірлері қалай болар еді. Олар балаларының болашағы үшін бас тартты. Қыздарда басқа мүмкіндік болмады. Балаларын қарады, беттерін сүйіп, "аманат" деп табыстады. Одан кейін де мен оларды үйге әкелдім, көрсеттім. Ең дұрысы сол деп ойлаймын. 5-6 ай өткен кезде қайтадан көрсетесің. Сол кезде жүрегі тынышталады.
Ана сүтін ешкімге бермеймін деп шештім. Жетпей қала ма деп қорықтым. Бір балаға берсең, екіншісіне жетпей қалып жатады дегенді көп естіп қойдым да, туғаннан ана сүтін бермедім. Туғаннан қосымша тамақпен өсірдім. Сүтім жетпей қалудан, жетпей қалса бөлектеп қалам ба деп қорықтым. Өйткені біреуін көбірек қолыңда ұстауы керексің ғой. Ал мен олай бөлгім келмеді", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Америкаға тұрып жатқан қазақстандық блогер Айдын Тоқсанбаеваның күйеуі туралы айтқаны жарияланған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы