- Негізгі бет
- LifeStyle
- каллиграфия туралы
“Бұл өнердің шегі жоқ“. Каллиграфия арқылы әлемдік брендтерге ұсыныс алған қазақ қызы
Каллиграфия өнерінің қыр-сырын жетік меңгеріп, танымал брендтерге хат жазуға ұсыныс алған қазақ қызы Massaget.kz тілшісіне сұхбат берді.
24 жастағы Аружан Төлепованың негізгі мамандығы - IT менеджмент. Қазір өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан оның каллиграфияға деген қызығушылығы әлдеқашан басталған.
"Бұл өнерді 2020 жылдары интернет желісінен көріп, қызығушылығым оянды. Түрлі ұстаздан білім алдым. Алғашында жай қызығып, хобби ретінде айналыстым. Кейін картина, ашықхат, логотипке тапсырыстар түсе бастады", - дейді ол.
Жеке архивтен
"Алғашқы жұмыстарым жай өзім үшін жазылды. Одан соң құрбыларыма сыйлыққа жаза бастадым. Бірте-бірте Instagram-ға ақырындап жұмыстарымды жүктей бастадым. Ең алғашқы тапсырысым да Instagram арқылы түскен болатын", - дейді Аружан Төлепова.
Ол жұмысына идеяларды шетелдік каллиграфтардан, ұстаздардан алатынын, әріптестерімен де тәжірибе алмасатынын жеткізді.
"Бұл өнердің шегі жоқ, үнемі тәжірибе алмасып, ізденіс үстінде болу қажет", - дейді ол.
Жеке архивтен
Аружан Төлепова әлемдік брендтерге хат жазу туралы ұсыныс қалай түскенін әңгімелеп берді.
"Бұл латын/кириллица каллиграфиясына қатысты ұсыныс болатын. Instagram желісінде жұмыстарымды байқап, ұнатқан. Осылайша әлемдік брендтерге хат жазуға ұсыныс алдым. Dior, Givenchy, Guerlain секілді брендтердің ашық хаттарын толтырдым. Жұмыс барысында ашық хатқа сол сыйлықты алатын адамның есімі, тілектер жазылады. Қолмен арнайы жазылған хаттың құндылығын тек сезініп көру керек. Өте ерекше сезім. Сонымен қатар қазақстандық брендтерге логотиптер жазу бойынша да жұмыстар істедім", - дейді ол.
Жеке архивтен
Өнерлі қыз жұмыстарының бағасы жазылу ұзақтығына, мәтін көлеміне байланысты әртүрлі қойылатынын айтты.
"Бір жұмысқа 2-7 күн, кейде апталап уақыт жұмсайтын кездер болады. Бәрі мәтін көлеміне, жазу қиындығына, тапсырыс берушінің талап-тілектеріне байланысты", - дейді Аружан Төлепова.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық ойынды дамытып жүрген қазақ қызы Louis Vuitton-нан шақырту алғаны туралы жаздық.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова