- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Бұл әйелдердің ісі...
"Бұл әйелдердің ісі емес". Ата-ана қызына мына сөздерді айтпауы тиіс
Ата-ананың әңгіме барысында жай айта салған сөзі баланың есінде сақталып, оның тұлға болып қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан абайлап сөйлеп, қандай сөздер өсіп келе жатқан қыздың психикасына жағымсыз әсер етуі мүмкін екенін білу маңызды.
"Сен бәрінен жақсысың"
Ата-ана баланың өзін-өзі бағалауы жақсы болуына тікелей әсер етеді. Десе де, қызыңызға "сен бәрінен де жақсысың", "сен әлемдегі ең жақсы қызсың" деудің қажеті жоқ. Мұндай сөздерден соң ода үнемі басқаларға қарағанда табыстырақ және әдемірек болу керек деген ой қалыптасуы мүмкін. Оның орнына қызыңызға "сен ерекшесің, мен сені қалай барсың, солай жақсы көремін" деп жиі айтыңыз.
Өзіне сенімді және психологиялық сау қызды өсіру үшін оның жетістіктерін байқап, қолдау білдіру маңызды. Алайда оның жетістіктерін асыра ұлғайтудың, басқалардікін құнсыздандырудың қажеті жоқ. Қызыңыз кейде қателіктер жіберуде тұрған ештеңе жоқ екенін және әркез барлық тапсырмаларды мінсіз орындау міндетті емес екенін білуі керек.
"Ол сені ұнатады, сол үшін сені мазақ етеді, ұрады және т.б"
Кейде ұл балалар қыздарға тиіседі. Мысалы, шашын тартады, аяғын шалып қалады, итеріп жібереді және т.б. Осындай кезде көпшілік ата-ана қызына "саған тиіссе, сені ұнатады деген сөз" деп айтады. Алайда егер қызыңыз ер адам өз сезімін осылай көрсетеді дегенге сеніп өссе, ол абьюзердің құрбанына айналуы мүмкін.
Ата-ана қызына кішкентай кезінен бастап адамдар бір-біріне құрметпен қарау керегін, басқаның оған агрессия көрсетуі қалыпты емес екенін айтуы керек.
"Арық болу үшін тамақты аз жеу керек"
Егер ата-ана қызына кішкентай кезінен бастап сұлулық стандарттарына сай болу керегін жиі айтса, мұндай қыз жасық және өз денесінен ұялатын болып өсуі мүмкін.
Сондықтан қызыңыздың назарын дене пішініне емес, өз денсаулығын күтуге аудартыңыз. Оған дұрыс тамақтанудың, салауатты өмір салтын сақтаудың маңызы жайлы айтыңыз.
"Бұл әйелдердің ісі емес"
Қандай іс ерлердікі, ал қандай іс қыздардікі екенін айтып, қызыңызға шектеу қоюдың орнына оған көбірек қызықты нәрсені байқап көруге мүмкіндік беріңіз. Бала кішкентай кезінде қаншалықты көп нәрсені байқап көрсе, есейген кезде нақты немен айналысқысы келетінін білетін болады.
Оқи отырыңыз: Абьюзерге тән 8 белгі: өзіңізді тексеріңіз!
А. Жапатова