Бірінші сынып оқушысына қандай сыйлық алуға болады?

Кез келген ата-ана үшін баласының бірінші сыныпқа баруы – ең маңызды әрі қуанышты сәт. Сондықтан ата-ана баласына мүмкіндігінше барлық қажетті заттарды алып беруге тырысады. Егер бірінші сыныпқа баратын балаңызға немесе туысыңызға пайдалы сыйлық бергіңіз келсе, төмендегі тізімге көз жүгіртіңіз.

Оятқыш немесе қол сағат
Бірінші сынып оқушысы өз уақытын бақылауды енді үйренеді. Оған оятқыш көмектесе алады. Оны тек таңертең оянуға қолданбай, сонымен қатар уақыт бойынша оқуға пайдалануға болады. Оның сандары анық көрінетін түрлі түсті түрін алыңыз. Балаға сағаттың секундтық және минуттық тілдерін көрсетіңіз. Оның тілі қай жерге келгенде оянған дұрыс екенін немесе тамақ ішу керегін айтыңыз.

Циферблатты меңгерген балаға қол сағат алып беруге болады. Сол кезде ол үзілістің қай уақытта басталатынын, ата-анасы жұмыстан нешеде келетінін біліп отырады.

Магнит тақтай
Бірінші сынып оқушысына ақ магнит тақтай сатып алуға болады. Ол шығармашылыққа арналған орын бола алады және балаға өз күнін ұйымдастыруға көмектеседі. Тақтайға сабақ кестесін, қандай да бір ескертулерді ілуге болады. Бос жеріне бала сурет салады, суреттер іледі немесе түрлі магнит фигураларды жабыстыра алады.

Глобус немесе қабырғаға ілетін карта
Кей балаларға глобус қараған ұнаса, басқалары картаны зерттегенді жөн көреді. Сондықтан қайсысын таңдауды бала мен ата-ана шешеді. Бірақ екеуі де балаға тек пайдасын беретіні анық.

Біреулерге глобус өткен шақтың заты және бала үстелінде тек орын алатындай көрінуі мүмкін. Алайда глобус Жердің дөңгелек екенін көрсетеді және ол алып әлемді кішірейтілген масштабта көруге мүмкіндік береді.

Бірнеше ерекше қалам мен қарындаш
Кез келген оқушы кеңсе заттарынсыз мектепке бармайтыны анық. Барлық ата-ана мектепке барарда баласына қажетті кеңсе заттарын алып береді. Алайда ата-ана мен мұғалімдер үшін біртүрлі қарындаштар мен ерекше өшіргіштер қажет емес зат болып көрінгенімен, бала олай санамайды. Сондықтан баламен бірге кеңсе заттарын сататын дүкенге барып, оған ұнаған бірнеше ерекше қалам мен қарындаштарын алып берсеңіз, кішкентай оқушы мектепке баратынына міндетті түрде қуанады.

Спорттық форма тасуға арналған сөмке
Кез келген ата-ана бірінші сынып оқушысына бірінші кезекте рюкзак сатып алатынын анық. Оқушы кітаптармен қоса дене шынықтыру сабағына спорттық форма да тасиды. Сондықтан балаға ерекше және өзіне ұнайтын екінші сөмке (спорттық сөмке) сыйлауға болады.

Салпыншақ
Мектепте бірдеңе жоғалтып алған бала өзінің затын басқалардың затынан бірден айыра алмайды. Ал салпыншақ өз затын ерекшелейтін детальға айналады. Оның үстіне бір сыныптағы бірнеше оқушыда бірдей қаламсап немесе басқа да бірдей зат болуы әбден мүмкін. Сол кезде бала үшін сіз сыйлаған ерекше салпыншақ өз затын тануға арналған белгіге айналады.

Салпыншақ балаға психологиялық тұрғыда да көмектеседі. Бұл кішкентай әшекейді балаға мектепке барарда сыйласаңыз, бұл затты бала ата-анасымен ассоциациялайды. Бала мектепке бейімделіп кеткенше оларды үйде жақсы көретін адамдар бар екенін еске түсіретін заттың жанында болуы оған жақсы әсерін бермей қоймайды.

Әмиян
Бірінші сыныпқа барған бала жеке тұлға рентінде қалыптаса бастайды. Шағын мата әмиянға кілт, жол жүру картасын және ақша салуға болады. Балаға мектеп жасынан ақша ұстауды және оны дұрыс жұмсай білуді үйрету маңызды. Ал оны балаға жеке әмиян сыйлаудан бастаған жөн. Сол кезде бала өзін ересек сезініп, мойнына жауапкершілік алады.

Су құюға арналған бөтелке
Балаға күнде су сатып алып, бөтелкесін қоқысқа тастағаннан табиғат ластана беретінін ұмытпаңыз. Балаға да осыны түсіндіріңіз: "күнде су сатып алу және оны лақтырудың" дұрыс емес екендігін айтыңыз. Балаға су құюға арналған арнайы бөтелке сыйлап, сол ыдыспен суды үйден тасуды үйретіңіз.

Оқушы балаңыздың арқасы қисайып кетпеу үшін не істеу керек? Педиатр кеңесі