- Негізгі бет
- LifeStyle
- Біреуге қарызға ақша...
Біреуге қарызға ақша бермес бұрын мынаны біле жүріңіз!
Заңгер Мұхамедияр Нұрғалиұлы өзінің инстаграм парақшасында қарызды жылдам қайтарып алудың жолын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заңгердің айтуынша, қазіргі таңда қарыз алушы мен беруші арасынан талап-арыздар өте көп түседі.
"Мысалы, қарапайым түрде қарызға ақша береміз, қолхат жазамыз. Нотариалдық қолхат аламыз. Қарыз өтелмеген жағдайда, яғни уақытында қайтармаған жағдайда біз сот алды мәмілеге келу хатын жолдап, оған 1 ай уақыт береміз. Бір айда өтелмесе, онда қарыз сомасының 1%-ын мемлекеттік баж төлеп, жауапкердің мекен-жайы бойынша сотқа жүгінеміз. Ол 1 айда қабылданады, содан соң 3 айда нақты шешімі шығады. Шешімі шыққаннан кейін тағы 1 ай өткеннен кейін ол заңды күшіне енеді. Осылайша, уақытты жоғалтып, біз қарызды өндіріп жатамыз", - дейді заңгер.
Алайда Мұхамедияр Нұрғалиұлы қарызды жылдам өндіріп алудың жолын ұсынды.
"Егер біреуге қарызға ақша беріп жатсаңыз, онда медиациялық келісім жасасыңыз. Ол ақылы. Медиаторлардан медиациялық келісімге тұрып, оны бекітесіздер. Егер қарыз өтелмеген жағдайда ол жоғарыдағыдай жолдармен өндіруді қажет етпейді. Медиациялық келісімді сотқа өткізесіз, 5 жұмыс күнінің ішінде заңды түрде күшіне енген соттың шешімін аласыз. Осылайша, әр жерге бармай, заңгерлерге жүгінбей, өзіңіздің қарызыңызды заңды түрде тез арада өндіре аласыз", - деп кеңес берді ол.
Кредит төлей алмай жүргендердің ТОП-3 қателігі
А. Жапатова