Қазір видео түсіру үшін санаулы секунд жеткілікті. Ал ол кейін әлеуметтік желіде мыңдаған адамға таралуы мүмкін. Қандай жағдайда біреуді оның келісімінсіз түсіруге болады, ал қай кезде бұл заңбұзушылық саналады? Бұл туралы заңгерлер айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адамды келісімінсіз видеоға түсіруге бола ма?
Заңгер Дана Жанаділдің айтуынша, Қазақстан заңнамасы қоғамдық орындарда адамдарды видеоға түсіруге тыйым салмайды.
Оның түсіндіруінше, Конституцияның 20-бабы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат жинауға және таратуға құқық береді. Сондықтан көшеде, қоғамдық көлікте, дәмханада және басқа да көпшілік орындарда адамдарды алдын ала ескертпей-ақ түсіруге болады. Алайда бұл белгілі бір адамды жасырын аңдуға ұласпауы керек.
Алайда Дана Жанәділ видеоға түсіру мен оны кейін пайдалану екі бөлек мәселе екенін атап өтті.
"Қазақстанда адамды келісімінсіз видеоға түсіруге болады, бірақ оған қатаң шектеу қойылады. Мұндай жазбаны тек жеке мақсатта пайдалануға рұқсат етіледі. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға және жариялауға болмайды", - деп түсіндірді заңгер.
Бәрі бірдей оңай емес: түсірілім қай кезде заңсыз саналады?
Маманның айтуынша, заң аясындағы түсірілім мен адам құқығын бұзудың ара-жігін видеоны қандай мақсатта пайдалану айқындайды.
Атап айтқанда, арнайы орнатылған камералар арқылы жасырын түсіру немесе белгілі бір адамды аңду заңсыз әрекетке жатады. Сондай-ақ, адамның келісімінсіз оның жеке өміріне қатысты мәлімет жинау және соның салдарынан елеулі зиян келтіру де құқықбұзушылық.
Адамның бейнесін жариялау мәселесі заңда бөлек қарастырылған.
"Адамның келісімінсіз оның фото немесе видеосын жариялау және тарату - жеке құқықбұзушылық. Азаматтық кодекстің 145-бабы әркімге өз бейнесін қорғау құқығын береді. Сондай-ақ, жазбаны тарату салдарынан зиян келсе, жауапкершілік қарастырылады", - деді сарапшы.
Қорқыту, қудалау немесе адамға қарсы пайдаланылатын мәлімет жинау мақсатында видеоға түсіру де жеке өмірге қол сұғу деп бағалануы мүмкін.
Құқық бұзған адамды видеоға түсіруге бола ма?
Адам әлімжеттікке, қоқан-лоқыға немесе басқа да заңсыз әрекетке тап болса, видео жазба дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Дана Жанәділдің түсіндіруінше, мұндай жағдайда түсірілім заңды саналады. Өйткені ол ашық түрде, қоғамдық орында жүргізіліп, ықтимал құқықбұзушылықты тіркеуге бағытталады.
"Адам өзін қорғау үшін құқықбұзушыны видеоға түсірсе, бұл заңға қайшы емес. Мұндай жазбаны полицияға жүгінген кезде дәлел ретінде ұсынуға болады", - деді заңгер.
Адам видеоны өшіруді талап ете ала ма немесе телефонды тартып алуға құқылы ма?
Егер адам өзін заңсыз түсіріп жатыр деп есептесе, бұл оған өз бетінше телефонды тартып алуға немесе видеоны өшіруге мәжбүрлеуге құқық бермейді.
Заңгер Роман Желактың айтуынша, мұндай жағдайда күш қолдануға болмайды.
"Телефонды күшпен тартып алуға немесе видеоны өшіруді талап етуге ешкімнің құқығы жоқ. Мұндай әрекет өз бетінше заңсыз іс жасау деп бағалануы мүмкін. Егер видео адамның құқығына нұқсан келтірсе, ол жазбаның әрі қарай таралуына сот арқылы ғана қарсылық білдіре алады", - деді заңгер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz