Көптен күткен Grand Theft Auto VI ойыны жарыққа шыққан алғашқы күні-ақ рекорд жаңартты. Ол табысы жағынан кино, музыка және бейнеойын саласындағы бұрынғы көрсеткіштерді басып озып, әлемдік ойын-сауық индустриясының тарихына енді. Take-Two Interactive және Rockstar Games компанияларының мәліметінше, алғашқы тәулікте ойын сатылымынан 3,79 миллиард доллар (қазіргі бағаммен шамамен 1,72 триллион теңге) түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
GTA VI сатылымға шықпай тұрып-ақ рекорд орнатқан. Ойыншылар оның 32,5 миллион данасына алдын ала тапсырыс берген. Бұл – барлық ойын платформалары бойынша бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Жаңа ойынға сыншылар да жоғары баға берді. GTA VI Metacritic сайтында 100 ұпайдың 99-ын жинап, тарихтағы ең жоғары бағаланған ойын атанды.
Алтыншы бөлім жарыққа шыққанға дейін Grand Theft Auto сериясындағы ойындардың жалпы сатылымы 480 миллион данаға жуықтаған. Соның тең жартысына жуығы 2013 жылы шыққан GTA V ойынына тиесілі. Оның 235 миллионға жуық данасы сатылған.
Жаңа ойындағы оқиғалар ойдан шығарылған Леонида штатында және күн шуақты Вайс-Сити қаласында өрбиді. Басты кейіпкерлер – Джейсон мен Люсия есімді екі қылмыскер. Олар оңай жолмен ақша табуды көздегенімен, жоспарлары іске аспай, бүкіл штатты қамтыған үлкен қылмыстық астыртын әрекеттің ортасында қалады.
Айта кетейік, GTA VI ойынын асыға күткен жанкүйерлер жұмыстан қосымша демалыс алудың ерекше амалын тапқан. Олар демалыс сұрап өтініш жазудың орнына әлеуметтік желіге видео жариялап, көпшіліктен лайк басуды өтінеді. Егер видео қажет мөлшерде лайк жинаса, жұмыс беруші оларға қосымша бір күн демалыс береді. Осылайша ойыншылар сол күнді көптен күткен GTA VI ойынына арнай алады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!