Бір жылда пәтер бағасы қалай өзгерді?

Бір жылда пәтер бағасы қалай өзгерді?
Фото: depositphotos.com

Бір жылда жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 1,6 пайызға, ал пәтерлерді қайта сату бағасы 0,1 пайызға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға беру былтырғымен салыстырғанда 3,1 пайызға жоғарылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап.

Өңірлер арасында жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтөбеде 9,5 пайызға, Қызылордада 7,1 пайызға өскен. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (12,2 пайыз) мен Жезқазған қалалары (7,1 пайыз) бастап тұр, тұрғын үйді жалға алу нарығында Жезқазған (23,4 пайыз), Қарағанды (23 пайыз) және Атырау қалалары (21 пайыз) бастайды.


Бір айдың ішінде (2024 жылғы сәуір 2024 жылғы наурыз аралығы)  пәтерлерді қайта сату 1 пайызға өсті, ал жаңа тұрғын үйді сату 0,4 пайызға төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі сәуірде өткен аймен салыстырғанда 0,3 пайызға жоғарылады.

2024 жылғы сәуірде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 248 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 7 830 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 23 418 мәміле жасалды. 

2024 жылғы наурызбен салыстырғанда сәуірде өсім еліміздің барлық өңірінде байқалды. Теріс көрсеткіш тек Алматы (4,7 пайыз) қаласында болды. Ал ең жоғарғы өсім Жетісу (58,3 пайызға), Ұлытау (54,9 пайызға) және Маңғыстау (42,4 пайызға) облыстарында тіркелді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова