Елімізде халықтың жартысынан астамы жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреді. Күннен күнге бір айлыққа өмір сүру мүмкін емес болып бара жатыр. Шығындарын өтеу үшін көпшілік бірнеше жұмыста сандалып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өмір сүру үшін бір жұмыстың жалақысы жете ме?
Назгүл (27 жас)
Назгүл - Алматы қаласының тұрғыны, ол қалалық әкімдікте штаттан тыс бухгалтер болып жұмыс істейді. Ол жалақысының 100 мың теңге екенін айтты.
"Менің екі балам бар. Пәтерді жалдап тұрамыз. Бір жұмыстың жалақысы күн көруге жетпейтін болғандықтан, қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүрміз. Қосымша байер болып жұмыс істеймін. Интернет арқылы Америка, Қытайдан киім тапсырыс беремін. Алайда оған тапсырыс бірде бар, бірде жоқ", - дейді Назгүл.
Әсел (35 жас)
Әсел - Алматы қаласында мектеп-гимназияда оқушыларға би үйірмесінен сабақ береді. Ол бұл жұмысынан 178 мың теңге жалақы алатынын айтты. Ол екі жыл бұрын жолдасы екеуі ипотекаға үй алған. Оған ай сайын 150 мың теңге төлейтінін айтты.
"Ипотека, несие, коммуналдық төлемдер және тағы басқа шығындар бар. Екі баламыз балабақшаға барады. Ай сайын балабақшаға шамамен 60 мың теңге кетеді. Сондықтан жолдасым екеуміз бір емес, бірнеше жерде жұмыс істеп жүрміз. Мен мектептен бос уақытымда жеке орталықта қыздарға биден сабақтар өткіземін", - дейді Әсел.
Айғаным (50 жас)
Келесі кейіпкеріміз Алматыда орта мектептердің бірінде инклюзивті сыныптарға сабақ береді. Ол жалақысы шамамен 200 мың теңге екенін айтты.
"Алматыда өмір сүру қымбат. Қазір жолақы, азық-түлік, тұрмыстық тауарлар, дәрі-дәрмек - бәрі қымбаттап жатыр. Оған қоса, үйге жөндеу жұмыстарын жасау үшін несие алған болатынмын. Бұл шығындарға бір жұмыстың жалақысы жетпейді. Сондықтан ата-аналардың өтінішімен, бастауыш сынып оқушыларының үйіне барып, қосымша сабақтар беремін", - дейді Айғаным ханым.
Қазақстанда бірнеше жерде жұмыс істеу заңды ма?
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 196-бабы 1-тармағына сәйкес қызметкердің бұрыннан еңбек қатынастарын жасасқан бір жұмыс берушімен де, бірнеше жұмыс берушімен де еңбек шартын жасасуға құқығы бар. Бірақ бұл жерде біреуі негізгі болады. Ал қалғандарымен толық емес жұмыс күні бойынша істейді. Мұндай еңбек шарттарын қанша жұмыс берушімен жасасаңыз да өз еркіңіз. Басты шарт - негізгі жұмысқа үлгере аласыз ба, сол маңызды. Сонымен бірге қалған шарттарда толық емес жұмыс күні деп көрсетілуі керек. Демек, қосымша қызметтер атқарамын деп негізгі жұмысыңызға кедергі келтіріп алмауыңыз қажет.
Көптеген қазақстандық бірнеше жерде жұмыс істеу еңбек шартын бұзады деп ойлап, бастығынан бұл деректі жасырып жүреді. Алайда ҚР Еңбек кодексінде "қоса атқару" деген ұғым бар.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармақ 56-тармақшасына сәйкес қоса атқарылатын жұмыс - жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы болып табылады.
Яғни қызметкер негізгі жұмыс міндеттерін орындағаннан кейін қоса атқарылатын жұмысты орындауға құқығы бар. Бұл ретте қызметкермен қоса атқаратын жұмысқа еңбек шарты жасалуы тиіс.
Қоса атқаратын жұмыс үшін мынадай талаптарды сақтай отырып, жұмыскерлермен қоса атқаратын еңбек шартын жасасу қажет:
- Жұмыскер негізгі жұмыс орны (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) бойынша еңбектің сипаты мен жағдайлары туралы анықтама ұсынады (ҚР Еңбек кодексінің 32-бабының 4-тармағы);
- Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық, яғни 12 сағаттан артық болмауы тиіс (ҚР Еңбек кодексінің 68-бабының 3-тармағы).
Еңбек кодексінің 92-бабының 5-тармағына сәйкес қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмысы бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі.
Қосымша жұмыстың еңбек шартында бұл "толық емес жұмыс күні" құжаты екенін көрсету қажет. Қорытындыдан кейін жұмыс беруші жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады. Қоса атқару жұмысын істеуге 18 жасқа толмаған, ауыр, еңбек жағдайы зиян және (немесе) қауіпті жұмыста істейтін адамдарға болмайды.
Лауазымдарды қоса атқару дегеніміз не?
Сондай-ақ қоса атқару менен лауазымдарды біріктіруді шатастырмау керек. Жұмыскердің еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа бос лауазым бойынша қосымша жұмысты орындауы лауазымдарды қоса атқару деп аталады. Лауазымдарды қоса атқарғаны үшін қосымша ақы төленеді (111-б. 1-т.).
Қосымша ақылардың барлық мөлшері негізгі жұмыс жөніндегі Еңбек шартына енгізіледі (28-бап). Яғни қосымша ақы төлеу үшін жеке еңбек шарты болуы мүмкін емес. Мысалы, мұғалім зертханашы лауазымын біріктіріп қоса атқарады. Зертханашы лауазымы біріктіріп қоса атқарылатын жұмыс, оған қосымша ақы көзделген.
Еске салайық, 2024 жылы елімізде айлық жалақының орташа мөлшері 382 279 теңгені құрады. Ал ең төменгі жалақы - 85 000 теңге.
Оқи отырыңыз: Алматылыққа 1 айда 85 мың теңге жете ме? Зерттеу
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова