Бір айда екі үшем: Алматыда ерекше жағдай тіркелді

Бір айда екі үшем: Алматыда ерекше жағдай тіркелді
Фото: depositphotos.com

Алматы қалалық перинаталдық орталығында бір ай ішінде екі үшем дүниеге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

14 тамызда 27 жастағы Мөлдір Советханова екі ұл мен бір қыз босанды. Бұл - әйелдің екінші жүктілігі. Сәбилер жүктіліктің 32-аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келген.

Нәрестелерге Айхан, Айбын және Айза деген есімдер қойылды. Туған кездегі салмақтары 1800, 1480 және 1400 грамм болған.

"Дәрігерлердің уақтылы көрсеткен медициналық көмегінің арқасында нәрестелердің жағдайы тұрақты. Олар жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдап, кейін жаңа туған нәрестелер бөліміне ауыстырылды. Қазір сәбилер мамандардың тұрақты бақылауында", - деді дәрігерлер.

Екінші үшемді 31 тамызда Рахат Бигелдиева дүниеге әкелген. Олар да жүктіліктің 32-аптасында мерзімінен бұрын кесарь тілігі арқылы туған. Бұл отбасында екі қыз және бір ұл бала дүниеге келді. Ата-анасы оларға Ахмет, Халима және Әмина деген есім қойды.

Ұл баланың туған кездегі салмағы 1998 грамм, ал қыздардың салмағы 1412 және 1347 грамм болды.

"Қазір сәбилер жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде дәрігерлердің бақылауында", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы қалалық перинаталдық орталығында төрт үшем дүниеге келді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget