“Бір аңызда мұнда Шыңғыс хан жерленгені айтылады“. Блогер еліміздегі ән салып тұратын құмды көрсетті

Танымал ерлі-зайыпты блогерлер Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы Қазақстандағы ерекше жерлердің бірі Айғайқұмнан видео жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айғайқұм немесе Әншіқұм - Алтынемел ұлттық паркінде орналасқан ұзындығы 3 шақырымға созылатын құм төбе.

"Оның ерекшелігі сол - жел соққанда қатты гуілдейді. Кейде қобыздың, кейде сырнайдың дауысына ұқсас үн шығарады", - деді блогер.

Блогерлер ерекше мекен неге ән салып тұрады деген сауалға жауап беріп, ел арасындағы аңыздар туралы да айтқан.

"Айғайқұм неге ән салады? Ел ішінде аңыз көп. Соның біріне сүйенсек, құм астында алып құбыжық жатыр деседі. Екінші нұсқада мұнда Шыңғыс хан жерленгені айтылады. Үшіншісі, құм түйіршіктері бір-біріне үйкелгенде діріл пайда болады дейді. Ол діріл белгілі бір жиілікке келгенде алыстан естілетін дыбысқа айналады екен. Айғайқұм Алтынемелдегі үлкен және кіші Қалқан тауларының ортасында тұр. Ұзындығы 3 шақырымға созылады. Биіктігі 150 метрге жетеді. Оңтүстігінде Іле өзені ағып жатыр", - деді ол.

Ернар Алмабек Айғайқұм Алматыдан 260 шақырым жерде орналасқанын, ерекше мекенге сәуір-мамыр немесе қыркүйек-қазан айларында барған жөн екенін айтты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!